Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада бір күнде 70 адамға коронавирус вакцинасы салынды

Қызылордада бір күнде 70 адамға коронавирус вакцинасы салынды


ҚазАқпарат - Қызылорда облысында бүгін коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны 70-тен астам адам қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Естеріңізге сала кетелік, бүгін өңірде қатерлі індетке қарсы егу жұмыстары басталды. Алғашқы кезекте облыс әкімі, облыс әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, денсаулық сақтау басқармасының басшысы және медицина қызметкерлері салдырды. Таңертеңнен бері оны 70-тен астам адам қабылдады. «Мен бүгін ерікті түрде өзіме екпе ектірдім. Вакцина салдырғаннан бері жеті сағат өтті, кері әсер берген жоқ. Сол себепті барша халықты коронавирустан қорғану үшін екпе салдыруға шақырамын. Әлемді жайлаған індеттің таралу қаупін тек екпе салдыру арқылы ғана төмендете аламыз», - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазилов. Бүгінде өңірге «Спутник V» ресейлік вакцинасының 1000 дозасы жеткізілген. Қалғаны кезең-кезеңімен келеді. «Вакцина ерікті түрде жүргізіледі. Оны салдырмас бұрын адам толықтай дәрігердің қарауынан өтуі керек. Анамнезі жақсы болған жағдайда барып, қабылдай алады. Сондай-ақ, вакцинаны коронавирус инфекциясымен ауырған кісілер алты айдан кейін салдыра алады», - деді облыстың бас мемлекеттік санитария дәрігері Динара Жаңабергенова. Айта кетейік, облыс бойынша 14 егу кабинеті мен 46 жылжымалы екпе бригадасы іске қосылды.

www.inform.kz​​​


02 ақпан 2021 ж. 609 0