Ұстазым – ұлағатым
Жұма күні аудандық салтанат сарайында ұстаздар күніне орай «Ұстазым ұлағатым, үлгі-өнегем!» атты салтанатты шара өтті.
Аудан әкімі Нұржан Ахатов іс-шара қонақтарын мерекемен құттықтап, олардың ізгі еңбектері және жас ұрпақты тәрбиелеудегі қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.
Аудан әкімі Нұржан Ахатов іс-шара қонақтарын мерекемен құттықтап, олардың ізгі еңбектері және жас ұрпақты тәрбиелеудегі қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.
– Ұстаз – әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым.Кез келген қоғамда, барлық кезеңде ұстаздың ұлы міндетіне баға жетпейді.Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі ұшан - теңіз. Сондықтан да, ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді.Олай болса, білім көшін алға жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымы, Сіздерді төл мерекелеріңіз – мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймын, – аудан басшысы өзінің құттықтау сөзінде.
Айтып өтейік, биыл Шиелі ауданының 95 жылдық мерейтойына әрбір жерлесіміз өз үлестерін қосуда. Білім қызметкерлері арасында өткізілген дәстүрлі VI облыстық спартакиада жалпы командалық есепте Шиелі ауданының білім саласы 2 орын иеленіп, аудан абыройын көтерді. Осы тұста ұстаз спортшыларына алғыс айта отырып, жеңіс кубогын аудан әкімі Нұржан Ахатов пен білім бөлімінің басшысы Жібек Орынбайқызы табыстады. Мерекелік шарада ауданның үздік ұстаздары да марапат биігінен көрінді.
Егеменді еліміздің ұрпақтарын тәрбиелеуде отбасының озық үлгісін көрсетіп жүрген «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары, «Ұстаздар отбасы» Рыспембетовтер отбасы сый-құрметке ие болды.
Сонымен қатар «Жастарымызға жалынды – ұстаздық жолы аманат» атты ардагер ұстаздардың жас мамандарға аманат тапсыру рәсімі болды. Жоғары деңгейде өткізілген мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласып, өз жалғасын тапты.
Айнұр ИБРАШЕВА