Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сөз сардары 70-те

Сөз сардары 70-те

Сатира – жауынгер жанр. Сол сатира сарбаздарының қатарында әріптесіміз ақын, жазушы Нұрмахан Елтай да бар. Көзіқарақты оқырман есімін де, сатирик екенін де жақсы біледі. Өйткені, «Жаңақорған тынысы» газетінің «Көк ине», облыстық «Сыр бойы» газетінің «Түрлі-түрлі бастар бар» сатиралық беттерін жаулап алды. Том-том кітапты жата жастана оқып қана қойған жоқ, өзі де кітап жазды. Күлдіре жүріп көп мәселенің шешім табуы­на түрткі болуда. Нұрмахан Елтай сатираның сұр жебесін тартып, әр қадамын нық басып, 28 қыркүйек күні 70 деген жастың жалынан сипады.
Иә, бейсенбі күні аудандық Салтанат сарайының төрінде «Сатираның сұр жебесі – ойы мәнді, сөзі нәрлі Нұрмахан» атты бенефис шоу өтті. Кештің шымылдығы қаламгердің қарбалас тіршілігі суреттелген бейнебаянмен түрілді. Алдымен аудандық мәслихат төрағасы А.Жандарбеков сөз алып, жазушыны төл мерекесімен құттықтады.
–Халықтың талғамын басшылыққа алып, өміршең рухани дүниелерді жүрегімен жазатын қаламгерлер болады. Қазақтың арғы-бергі тарихында мұндай қайраткер қаламгерлер өте көп. Біз де өзіміздің қарымды қаламгер, сатирик, жазушы Нұрмахан Елтайдың еңбегін ерекше бағалаймыз. Ол «Жазушылар одағының мүшесі». Журналис­тер одағының мүшелігінде тағы бар. «Ақпарат саласының үздігі» Н.Елтай бірнеше сатиралық және деректі кітаптардың авторы. «Жайма базар» жинағы мен «Қатырамыз», «Сүйінші дайындаңыздар», «Қияға қонған қыран», «Ауылдың айтқыштары», «Япырай, бұл қандай қызық?!», «Беті бүлк етті», «Үшінші тайм», «Беласар», «Сыпыра сыйлық», Сыр өңірінің еңбеккерлері туралы «Жаңарған өлкенің жасампаз ұрпағы», «Жәннат жер, жайсаң жандар» атты деректі мақала, эссе жинақтарын, «Сөз семсері» атты мезгіл мәселелерінің мәнісін баяндаған сын-пікір, сараптамалық кітаптарын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Жазарыңыз таусылмасын! – деп тілектестігін білдірді.
Кейде адам ызадан не айтарын білмей, кекесін, сын арқылы жеткізуі мүмкін. Бұл – шындықты сипаттауға сөз таппау деген мағына емес, керісінше, дерттің дендеген тұсын емдеудің бір тәсілі. Яғни, қалжың-қағытпа, әзіл-сықақ, зілі басым сатирада жазылған жайттың барлығы осы тектес қоғам көрінісінен алынған. Сатирик Сейіт Кенжеахметовтің «Күле білу – өмір, күлдіре білу – өнер, күлкі болу – өлім» деген сөзі бар. Осыдан-ақ сатираны өмір боямасындағы шынайы болмысты баяндайтын суретшінің картинасы деп те қабылдауға болады. Әр сатираның астарында ызалы мысқыл, терең әжуа жатуы әбден мүмкін.
Қалай дегенмен, бұл жанрдың жүгі жеңіл емес. Дәл осындай өмір айнасын қалам қуатымен айшықтап жазып, астарын бүгіп, қоғам наразылығын тудырған мәселені мейлінше ащы мысқылға арқау етіп жүрген шиелілік сатирик, жазушы, журналист Нұрмахан Елтай ағамызды алыс-жақыннан іздеп келген меймандар қатары да қалың болды.
Бенефис шоудың төрінен табылған Қожа Ахмет Яссауи университетінің аға оқытушысы, күрестен спорт шебері, профессор Оңал Қынабайұлы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Қызылорда облыстық филиалының директоры Қаршыға Есімсейітова, Қазақстан Жазушылар және Халықаралық Жазушылар одағының, сондай-ақ Журналистер одағының мүшесі Ермахан Әбдраман ақ тілектерін ақтарып, Нұрмахан Елтайдың қаламынан туған дүниелерді сөз етті. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының «Құрмет» грамотасын табыстады. Жаңақорған ауданынан арнайы келген әріптесі, агроном ардагер Алмасбек Нәлібаев пен Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын Дүйсенбек Аяшұлы әріптестің әр кезеңдегі қызықты сәттерін әңгімеледі.
Дарыны қарымын арттырған, өнері өрісін кеңейткен Нұрмахан Елтай 2013 жылдан бері «Шарайна-Сейхун» аймақтық газетінің редактор-директоры. Қос тойы қабат келген жазушы 70 жасқа жетсе, «Шарайна-Сейхун» газетінің жарық көргеніне биыл 10 жыл толып отыр. Торқалы тойға сый-тартумен келген «Сыр Медиа» ЖШС ардагерлер ұйымының төрағасы Кенжәлі Ерімбет қаламгерге Қызылорда облысының «Құрметті ардагері» төсбелгісін тақты. Сондай-ақ «Әлімсақ» журналының бас редакторы, филология ғылымының кандидаты Нұрлан Көбегенұлы да тілек алаңынан табылып, жөн-жоралғыдан жаңылмады.
Бұған дейін де сан мәрте марапат мінберінен көрінген Нұрмахан Елтай республикалық Балғабек Қыдырбекұлы атындағы сыйлықтың лауреаты, Астана қаласының 10 жылдығы, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, «Қызылорда облысына 70 жыл» мерекелік медалі және «Қазақ журналистикасының қайраткері» медалімен марапатталған. Шығармашылық адамдарына берілетін М.Шолохов медалының иегері. Облыс әкімінің 2011 жылғы стипендианты. «Алтын күз» жүлдесінің бірнеше мәрте жеңімпазы.
Аудандық мәдениет және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен бенефис шоуға қаламгердің жерлестері де құр қол келмеді. Жаңақорған ауданының «Қытық» әзіл-сықақ отауы қойылым қойып, көрерменнің көңілін көтерді. Сый-сияпатқа бөленген салтанатты кешті мерейтой иесі Нұрмахан Елтай алғаусыз алғысымен қорытындылады.

Гүнәр ДҮЙСЕБАЙ
01 қазан 2023 ж. 456 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930