Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Алтын күз – 2023» спартакиадасы бастау алды

«Алтын күз – 2023» спартакиадасы бастау алды

Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Тәуелсіздік жылдары Сыр спортшылары халықаралық ірі жарыстарда топ жарып, көк байрағымыз асқақтай түсуде. Биыл да жылдағы дәстүрден жаңылмай «Алтын күз — 2023» спартакиадасы бастау алды. Бұл жолы Сыр спортшылары Шиеліге табан тіреді.
Осы ретте, бейсенбі күні Шиелі ауданы, Көкшоқы мөлтек ауданындағы спорт кешенінде ауыл спортшыларының «Алтын күз – 2023» XXХҮІІІ облыстық спартакиадасы бастау алды.
Спартакиаданың ашылуына Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ж.Айекешов және облыстық мәслихат депутаты, спорт жанашыры, облыстық «Қайсар» СК директоры С.Мұстафа, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Нәйла Палымбет, аудандық білім бөлімінің басшысы Жібек Баймұратова, зиялы қауым өкілдері, аудан спортышлары қатысты.
Салтанатты шараны ауданы әкімі Нұржан Ахатов ашып, ауыл спортын дамыту мемлекеттің жіті назарында екендігін, бүгінгі жас спортшы ертең ел намысын қорғайтын нағыз патриот болуы жолында үздіксіз жұмыстар жасала беретінін сөз етті:
– Ауыл спортшыларының «Алтын күз – 2023» XXХҮІІІ облыстық спартакиадасына қатысушыларды шынайы көңілмен құттықтаймын! Баршаңыздың Шиеліге келген қадамдарыңыз құтты болсын. Қош келдіңіздер! Тәуелсіздік жылдары Сыр спортшылары халықаралық ірі жарыстарда топ жарып, көк байрағымыз асқақтай түсуде. Әлемдік аренада көк туымызды желбіретіп жүрген даңқты спортшылардың арасында шиеліліктер де бар. Атап айтар болсам, биыл спортшылар республикалық жарыстарда 18 алтын, 11 күміс, 33 қола, Әлем біріншілігінде 1 алтын, 1 күміс, Азия біріншілігінде 1 алтын медаль иеленді. Бүгінгі таңда бұл спортшылар тек біздің ғана емес, бүкіл Қазақ елінің мақтанышы десек артық айтқандық емес. Сондай-ақ бұқаралық спортты қолдау мақсатында жыл басынан бері ауданда 38 аудандық, 9 облыстық, 2 республикалық дода өткізілді. Мұнан бөлек, былтыр Көкшоқы спорт клубының жабық ғимаратын 482 млн теңгеге қайта жөндеуден өткізсек, бүгін сіздер доп тепкелі отырған ашық спорт алаңын жуырда 224 млн теңге қаражатқа күрделі жөндеуден өткіздік. Тіпті, жуырда кент орталығынан жаңа спорт кешенінің тұсауын кестік. Бүгін шымылдығы ашылып, Шиеліде 4 күн бойы өтетін спартакиадада барлық аудандардан келген 1000-нан астам адам спорттың 16 түрінен (футбол, волейбол, баскетбол, қол күресі, шахмат, асық ату, бес асық, гір спорты, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, көкпар, теңге ілу, аударыспақ, гандбол, турникке тартылу және президенттік көпсайыс) бақ сынайды. Спартакиадада жеңіске жеткендер еліміздің даңқын асқақтатар, әлемдік аренада көк туымызды желбіретер спортшы болуына тілектеспін. Құрметті спортшылар мен қонақтар! Ендеше, «Алтын күз – 2023» ХХХVІ облыстық спартакиадасын ашық деп жариялаймын, – деді.
Жарыс барысында жағылған спартакиада алауы барша қатысушы көрермендер мен спортшыларға ерекше көңіл-күй сыйлады.
Иә, ел намысын қорғап, абыройын асқақтатып жүрген әйгілі спортшылардың бір қатары ауылдан шыққаны белгілі.
Шаңға аунап доп теуіп, пішен үстінде күресіп жүрген қара домалақ балалар әлемнің дамыған елдер қатарындағы мемлекеттерде өтетін Олимпиада төрінен топ жарып шығуда. Ендеше, бүгінгідей спартакиа­далар кеудесінде төзімділік пен қайсарлық, жеңіске деген ұмтылысы бар, чемпион болуды армандап, алдына үлкен мақсат қойған талай жеткіншектің «трамплині» десек те болады. Сонымен бірге жыл бойы ең мықты шәкірт тәрбиелеу жолында аянбай еңбек еткен жаттықтырушылар үшін көптен күткен мереке.
Спартакиаданың ашылуында алаңға алыстан ат терлетіп келген Арал ауданының мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Махатов Бауыржан, №19 Арал ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің директоры Серік Алмағамбетов, №20 Арал ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Жетпісбай Қорғанбаев сынды азаматтар бастап шықты.
Келесі кезекте таныстыру алаңында Қазалы ауданының мәдениет және спорт бөлімі басшысының орынбасары, бокс­тан КСРО спорт шеберіне үміткер, волейболдан І разраядтағы ойыншысы Орысбек Жамшейітов, Қазалы спорт клубының директоры Нұртуған Өтеген, №17 Қазалы ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің директоры Бақытбек Мамбетжан, №18 Қазалы ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Нұрболат Абиев және ауданның абыройын асқақтатқан спортшылар, жеңімпаз жүлдегерлер бастаған спорт саласының мақтаныштары бой көрсетті.
Одан соң Қармақшы ауданының құрама командасын, аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Дәурен Ержанов, аудандық «Спорт клубының» директоры Марат Асылов, №15 Қармақшы аудандық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің директоры Артур Алиев, №16 Қармақшы аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, «Қазақстан Республикасының спорт шебері», Ұлттық дәрежедегі төреші Ғалым Ержанов бастаған жетекшілер келді.
Спартакиаданың жасыл алаңында Жалағаш ауданының мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Шарабан Қалыбаев, мәдениет және спорт бөлімі басшысының орынбасары Еркебұлан Жамалатов, Жалағаш аудандық «Наркескен» спорт клубының директоры Ғалымжан Ержанов, аудандық «Жабық бассейн» директоры Мұхтар Құтболдиев, №13 Жалағаш ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің директоры Данабек Баймаханов, №14 Жалағаш ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебі директоры Аян Асылбеков бастап келген азаматтар қара көрсетті.
Сонымен қатар Сырдария ауданының құрама командасы аудандық мәдениет және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жеңісбек Төрәлиев және ауданның абыройын асқақтатып жүрген спорт саласының мақтаныштары да команда қатарын толықтырды.
Ал одан кейін Жаңақорған ауданының мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Әбілқайыр Сыздықов бастаған, Жаңақорған спорт клубының директоры Болат Сабырханов, Қызылорда облысының ұлттық ат спорты түрлерінің жетекшісі, ҚР «Құрметті спорт қызметкері», №7 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Сламхан Боранбаев және Қазақстан Республикасының еңбегі сіңірген жаттықтырушысы, №8 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Әбдісаттар Садықов көрші ауданның құрама командасының туын желбіретіп, жасыл алаңнан табылды.
Шырайын шашып, шартарапқа танылған ауданның құрама командасын Шиелі аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Аруна Әзімхан, №9 Шиелі ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің директоры Ғабит Тажбенов, №10 аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ардақ Айтуаров, Шиелі спорт клубының директоры Нұрлан Зермұхамедов шеруді бастап келді. Сол қатарда ауыр атлетикадан Айзада Мүптілда, Бектай Асылжан, Айсамал Сансызбаева да бар. Таеквондодан Ботакөз Қапанова, Торғын Әлімхан, жекпе-жек спортынан Абылай Шәкірбек, белбеу күресінен Жандос Әбубәкір, волейболдан Балайым Қойлыбаева, қазақ күресінен Бекжан Төлепов сияқты ауданның абыройын асқақтатқан сайыпқыран спортшылар сап түзеп тұрды.
Спартакиадаға өңіріміздің барлық аудандарынан спортшылар қатысатын болады. Онда спортшылар 16 спорт түрінен бақ сынайтын болады. Айта кетейік, жасыл алаңда бастау алған дүбірлі жарыс алдын-ала бекітілген кестеге сәйкес 1 қазанға дейін жалғасады.

Дархан БАЙТІЛЕС
30 қыркүйек 2023 ж. 637 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930