Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » 49 көше жөнделмек

49 көше жөнделмек

Алысты жақындататын, ел мен елді жалғастыратын жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі және экономиканың күретамыры. «Елдің жайын білгің келсе, жолына қара» деген қағиданың қалыптасуы да содан шыққан. Барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатынасы айрықша маңызға ие. Кенттің сәулеті мен ажарын айшықтап тұратын басты бейнелі көрініс осы жолдың жайы екені жасырын емес. Сән-салтанатынан бөлек, қатынастың қолайлылығы мен тұрғындардың қауіпсіздігі және көлік қозғалысының икемділігі де жайлы жолдан болары анық. Олай болса, кенттегі көшелерді асфальттау және жөндеу жұмыстарына тоқтала өтейік.
«Жолдың жайын жүрген білер» демекші кент тұрғындары жыл сайын қорытынды есеп беру жиындарда ойдым-ойдым көшелер мен тас төселмеген май топырақ жолдардың жайын айтады. Халық үніне құлақ түрген кент әкімі А.Өмірәлі биыл 49 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Атап айтар болсақ, Қажымұқан, Ковтунов, Ә.Иманбеков, А.Жұбанов, Ж.Молдағалиев, Отырар, Жерұйық, Қартаевтан қашыртқы каналға дейін, Ердешбаев, М.Мырзахметов, Омаров, ГРЭ-23, 3 көше қиылысымен, А.Боранов, Қабанбай батыр, Ә.Едігеев, Ж.Базарбаев және бірнеше атауы жоқ көшелер жөндеуден өтпек. Сонымен қатар бұл тізімде Бурабай, М.Сыздықов, Қалдыбаев, Самара-Шымкент тас жолынан Құрманғазы көшесі аралығы, Шұғыла мөлтек ауданындағы Ш.Уәлиханов, Қарабұзау, Желтоқсан, Панфилов, Жұмабаев, Алтынбеков, Бөлтекейұлы, И.Құтпанұлы, Абай, Ботабаев, Кәрімбаев, Шәкәрім, Жайлыбаев, Ағыбай батыр, Молдағұлова, Ы.Жақаев, Тоқтаров тұйығы, Ермағанбетов, Ә.Исмайлов аралығы, Өмірбеков тұйығы, Нұртазаев жарты бөлігі, Аманкелді бас бөлігі, Самара-Шымкент бойы, Жақаев-Жаназар батыр бөлігі, Ш.Бәкіров, Шопашев тұйығы бар.
Биыл кент ішіндегі өзгерістерді ауыз толтырып айтуға болады. Мәселен, кент орталығындағы тозығы жетіп, қырық жамау болған асфальт жолдар жаңаланды. Кіре беріс қақпадан бастап абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, сырланған бағаналар келген-кеткен қонақтар сүйсіне қарайтындай қалыпқа енді. Кенттегі жұмыстарды тарқатқан әкім А.Өмірәлі:
Шиелі кенті көшелерінің автомобиль жолдарын орташа жөндеу жұмыстарына жобалық құны 570 000,0 мың теңге болатын жоба-сметалық құжаттамасы әзірленді. Аталған жұмысқа облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде «Шиелі-Жолшы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 518 млн 877 мың теңгеге келісім шарт жасалды. Техникалық қадағалаушы «Құрылыс сапасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, 15 млн 927,0 мың теңгеге келісім шарт жасалды, – деді.
Оған қоса кент әкімі «Арай мөлтек ауданы көшелерінің автомобиль жолдарын орташа жөндеу» жұмыстарына жобалық құны 70 млн 375 мың теңге болатын жоба-сметалық құжаттамасы әзірленгенін де тілге тиек етті. Аталған жұмысқа «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен қаржы қаралған. Мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, 69 млн 440 мың теңгеге өтінім берілген. Алдағы уақытта жөндеу жұмыстарымен «Шиелі-Жолшы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналыспақ. Сонымен қатар жайлы жолдың рахатын Арай мөлтек ауданына қарасты А.Мизамбаев, Қ. Шаукебаев, Т.Молдраймов, Ә.Ырзахметов, Ә.Дүйсенбаев, Т.Қосаев, Сыздықов көшесінің аяғы және атауы жоқ 3 көше көретін болады. Ал Әл-Фараби, Дос­бол датка, Дәулеткерей, А.Байтұрсынов, Жақаев, Абылай хан, Будабай, С.Сейфуллин көшелерін күрделі жөндеуден өткізу үшін 1 млрд 560 млн 218 мың теңге қаржы қаралған. Аталған көшелердің барлығы хаттамада көрсетілгендей іске асса халықтың да көңілі жай болары анық. Ең бастысы – көшелердің сапасы сын көтерсе болғаны.


Г.Әбдіхани
12 қыркүйек 2023 ж. 259 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930