Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «АЙНАЛДЫМ СЕНЕН, ШИЕЛІМ» АТТЫ ЖАҢА ӘН ТЫҢДАРМАН НАЗАРЫНА ЖОЛ ТАРТПАҚ

«АЙНАЛДЫМ СЕНЕН, ШИЕЛІМ» АТТЫ ЖАҢА ӘН ТЫҢДАРМАН НАЗАРЫНА ЖОЛ ТАРТПАҚ

Бүгін Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз орталығында Жиделіарық ауылдық округінің әкімі Әбілдашев Ерлан Шазатұлы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өткізді.

Ауыл әкімі брифингте Шиелі ауданының 95 жылдық мерейтойына орай ауданымызда өтіп жатқан «Туған елге тарту» атты «Ауыл күндері» байқауына Жиделіарық ауылы әзірлеген бағдарламаның негізгі бөлімдерін таныстырды.

Байқау аясында Жиделіарық ауылының тумасы, суретші Жұматаев Алтынбек және оның шәкірттері суреттер көрмесін ұйымдастырады. Суреттер көрмесінде осынау көркем өнерді кәсіби деңдейде меңгерген суретшілердің шығармаларын кеңінен тамашалау мүмкіндігі тумақ.

Ауыл тұрғыны Оспан Нәзгүл Зинабдинқызы бүгінде қазақи нақышта көрпе, көрпеше, жастық әзірлеу үстінде. Оның тауарларына айтарлықтай сұраныс артып, өнімдері елдің алғысына бөленіп келеді. Өзінің интузиазмі мен еңбек етуге деген құлшынысын танытып жүрген Оспан Нәзгүл шебер қолынан жасалған тауарларын көрмеге орналастырады.

«Ауыл күндері» байқауының талаптарына сәйкес Жиделіарық ауылдық округінің көркем өнерпаздары мерекелік концерт ұсынатын болады.
Концертте 5 ақыннан құралған ақындар блогы өнер көрсетеді. Ақындар блогында облыстық, республикалық, халықаралық ақындар айтысының жүлдегерлері Әміров Ержан, Ержігіт Бекжан және елімізге танымал жазба ақыны Оралбай Аружан бар. Сөз өнерінің аса қастерлі саласы – ақындық өнерді шығармашылық қуат пен шынайы таланттың биік өлшемімен астастыра білген Рахметулла Жолтаев пен Дильназ Асхатқызы да өнер құдыретінің әсемдік әлемін паш етпек.
Салтанатты кештің дәстүрлі блогында Нартай Бекежанов, Иманжүсіп Құтпанұлы, Кенен Әзірбаев, Сәкен Сейфулин сынды ақын-композиторлардың қазақ халқының алтын мұрасына айналған шығармалары орындалады.

Концерт барысында Шиелі ауданының құрылғанына 95 жыл толуына орай тарту ретінде Жиделіарық ауылының тумасы, жас ақын Оралбай Аружанның сөзіне жазылған, Үкітай Ерниязовтың «Айналдым сенен, Шиелім» атты жаңа әнінің тұсауы кесілмек. Тыңдарман назарына алғаш рет жол тартатын жаңа әнді жерлесіміз Қалкөзов Рахат Абдуллаұлы шырқайды. Жаңа ән көпшілік көңілінен орын алып, Мұстафа Шоқай, Ыбырай Жақаев, Шахмардан Есенов, Нартай Бекежанов, Әбділда Тәжібаевтардай тарлан саясаткер, даңғайыр диқан, зерделі ғалым, жезтаңдай әнші мен арқалы ақын туған, профессор Әуелбек Қоңыратбаев, академик Мұхаметжан Қаратаев, академик-математик Асқар Жұмаділдаев дүниеге келген, қыдыр дарыған киелі жер – Шиелінің төрінде шырқала береді деп сенеміз.
Бағдарлама ұйымдастырушылары Жиделіарықтан шыққан бренд өнімдерді, қолөнершілер мен суретшілерді, көптеген көркемөнерпаздарды игі шараға қатыстырып, өнерлерін аудан халқына кеңінен насихаттауды жоспарлап отыр.
08 қыркүйек 2023 ж. 227 0