Қызылордада мектеп формаларына арналған жәрмеңке өтеді
Қызылорда қаласында 5-30 тамыз аралығында «Мектепке жол» жалпы республикалық акциясы аясында оқушылардың мектеп формасына арналған ауқымды жәрмеңке ұйымдастырылады. Ал аудандарда аталмыш акция 16-21 тамыз аралығында жалғасады.
– Оқушылардың мектеп формасына арналған жәрмеңкені ұйымдастырудағы басты мақсат – ата-аналардың алысқа бармай-ақ балаға қажетті мектеп құралдарын бір жерден алуын қамтамасыз ету және қажетті заттарды төмен бағада тұрғындарға ұсыну болып табылады. Қалада ұйымдастырылатын жәрмеңке Қорқыт ата көшесі, 55 «Small» сауда орталығының алаңында өтеді. Жәрмеңке сөрелеріне қойылатын барлық тауарлар төменгі бағада және жоғары сапада сатылымға шығады. Осы орайда барша облыс тұрғындарын жәрмеңкеге белсене қатысуға шақырамыз, – деді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Азамат Қаюпов.
–Біздің цех 2007 жылдан бері тігін тігумен айналысып келеді. Бірақ 2014 жылдан бастап өндіріс саласына бет бұрып, арнайы киімдерді тігуге тапсырыс қабылдадық. Қазіргі таңда цехта арнайы киімдерден бөлек, мектеп формаларына да тұрғындар тарапынан сұраныс жоғары. Осыған орай қаланы ғана емес, барлық ауданды өзіміз аралап, қолжетімді бағадағы өнімдерімізді жұртшылыққа ұсынуды жөн көрдік. Биыл да ұйымдастырылатын жәрмеңкеге 7-8 мыңнан астам өнімді сатылымға шығаруды жоспарлап отырмыз, – деді «Ас-Ка» ЖШС директоры Дина Махатова.
Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметі