Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұртты жарылқаған жәрмеңке

Жұртты жарылқаған жәрмеңке

Жәрмеңке десе, қоңыр күздің жақындағанын білуге болады. Себебі жәрмеңке сол мезгілдің сәнін ашатын дәстүрлі шара. Жұма күні «Байқоңыр» ӘКК» акционерлік қоғамы (Өңірлік тұрақтандыру қоры) тарапынан ­аудан тұрғындарына арзан, қолжетімді бағада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін алып келді.
Жәрмеңкеде «Байқоңыр» ӘКК» АҚ (Өңірлік тұрақтандыру қоры) және аудан кәсіпкерлерінің тарапынан барлығы 15 тоннадан астам әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарық бағасынан төмен бағада ұсынылды.
Айталық, 1 тоннадан астам ақталған күріш, 1 тонна картоп, 5 тонна 1 сортты ұн, 0,5 тонна қарақұмық жармасы, 2 тонна қант, 1,2 тонна күнбағыс майы, 7200 дана жұмыртқа, 1 тонна ет пен 200 кг шұжық, 0,5 тонна балық, 400 литр шұбат, Иіркөл ауылдық округінен 1 тонна қызанақ, Бәйтерек ауылдық округінен 300 кг қызанақ пен 1 тонна қауын тұрғындарға саудаланды.
Қант – 444, күріштің келісі – 175 теңге, құрақұмық жармасы – 514, күнбағыс майы – 630 теңге болса, жұмыртқа – 29 теңгеден сатылды. Ал ет – 1700 теңгеден, балық – 500 бен 1200 теңге аралығында. Шұжық өнімдері – 1500 теңгеден бас­талса, бірінші сорт ұнның келісі – 135 теңгеден, картоп – 130 теңгеден үлестірілді.
– Жәрмеңке сайын осылай қажетті азық-түлікті молынан алып аламыз. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылған жәрмеңке өздеріңіз куә болғандай бізді жарылқап, азық-түлік қорымызды толықтырып алуға септігін тигізді. Молшылық мерекесінің жақындағанын сезініп жатырмыз. Қасиетті жұма күнін берекеге айналдырған жандарға алғысымды айтамын, – дейді аудан тұрғыны Ж.Еспенбетова.
«Байқоңыр» ӘКК» АҚ алып келген шұбат – 1000 теңгеден, Шиелінің шұбаты – 950 теңгеден, қызанақ – 50-70 теңгеден, ал қауынның келісі – 50 теңгеден саудаланды. Қорытындылай келе, Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы орталық стадионда барлық өнімдер нарықтық бағадан арзан бағада сатылып, аудан тұрғындары өз ризашылықтарын білдірді. Сонымен қатар ел игілігіне бағытталған осындай шаралар жиі ұйымдастырылып тұрса екен деген тілектерін жеткізді.

С.МАДИЯРОВА
08 тамыз 2022 ж. 562 0