Шиеліде жас ақындар айтысы өтті
Айтыс - әдебиет жанры болғанымен ертеден қалыптасқан халықтық дәстүрдің үлкен түрі. Ойын, той, ас, қыз ұзату, келін түсіру сияқты қазақ тойлары жүйрік ат, білекті палуандармен бірге айтыс ақындары да қатысып, олар айтыс арқылы той қызығы мен мәртебесін көтере түскен. Әрине мұндай жерде айтыстардың өз мақсаты, талабы, шарты бар. Көшпелі елдің қызық-қуанышын бөлісіп келген айтыс халқымыздың сан алуан ойын-той, әр түрлі дәстүрлі думандарда қуана қызықтайтын театры іспеттес болған.
Өткен аптада Жиделіарық ауылдық клуб үйінде Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Тәжімағамбет Айыпұлына арналған облыстық жас ақындар айтысы өтті. Сөз жүйрігін саралайтын додада аймақтың түкпір-түкпірінен келген жас айтыскерлер бақ сынады. Олар еңбек ардагерінің дара жолын көпке ұсынып, қоғамдағы өзекті мәселелерді тілге тиек етті.
Аламан айтыста облыстың бас ақыны Кенжебай Жүсіп, ауданның мақтанышы ақын Иранғайып Күзембаев, және осы ауылдың тумасы ақын, термеші Рахметулла Жолтаевтар қазылық етті. Нәтижесінде Қазалыдан келген Елнұр Нұрқасым мен қызылордалық Жамбыл Бақытәлі алғыс хат иеленсе, Шиелінің шайыры Шыңғыс Құдайберген мен жаңақорғандық Мұхамедәлі Абдуллаев жүлделі ІІІ орынға тұрақтады. Аралдық Бексұлтан Орынбасаров пен шиелілік Бекжан Ержігіт ІІ орынды, жүз жыраудың елі Қармақшыдан келген Сырым Әділбек І орынды жеңіп алды. Ал бас жүлде жиделілік ақын қыз Дильназ Ержігітке бұйырды.
Халық тапжылмай үш сағаттан аса айтыс көріп, үлкендер ақындарға бата беріп, тарқасты.