Диқандар жанармайдан тарықпай ма?
Көктемгі егін жұмыстарының дәл қызған уақытында дизель бағасының өсуі дала еңбеккелерін біраз уайымға салды. Себебі «арзандатылған дизель отыны аудан шаруаларына жете ме, жетпей ме? Жеткен күннің өзінде бағасы қандай болады?» деген алаңдаушылық басым. Бірақ сала мамандары мемлекет тарапынан 1696,2 тонна арзандатылған дизель отынына сұраныс берілгендігін жеткізді. Бүгінде «РК-Мұнай» ЖШС-нен алынған мәліметке сәйкес, ауданның 49 шаруа қожалығы тарапынан өздеріне тиесілі 352,5 тоннасы алыныпты. Мұнай базаларынан дизельдік отынның литрін 212 теңгеден босатады.
Еліміз өткен жылы дизель отынын шығарудың рекордтық көрсеткішіне, яғни 5,2 млн тоннаға жеткен болатын. Алайда ахуал республиканың бірақатар өңірлерінде дизель тапшылығы барын аңғартты. Жанар-жағармай қымбаттаса да, дизель отынының бағасы көктемгі егіс жұмыстары үшін нарық бағасынан 20 процент төмен болады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков жеткізді.
Мәселен, «Алтын дән – Шиелі» шаруа қожалығының төрағасы Асқар Бердібаев қымбатшылықтың ешқандай жақсылығы жоқ екенін айтады. Әсіресе, дені өз-өздерін жұмыспен қамтыған ауыл халқына салмақ түседі дейді. Бірақ жақсылықтан үмітін үзбеген қожалық басшысы Үкіметтің жанар-жағармай бағасын ұстап тұратынына бек сенімді. Десек те, сұйық отын бағасының артуы ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасына әсер етуі де мүмкін екенін жоққа шығармайды ол. Өйткені, сұйық отынның, оның ішінде ауыл шаруашылығы үшін қажетті дизель отыны қымбаттар болса, өндірілетін өнім көлеміне де әсер етуі қисынды.
Егіс көлемі ұлғайған
Ағымдағы жылы Шиелі ауданы бойынша 30 538 гектарға егіс егу межеленіп отыр. Бұл өткен жылғы жалпы егіс көлемімен салыстырғанда жоғары екендігін байқатты. Нақтылап айтар болсақ, биыл аудан диқандарының жұмысы 464 гектар жерге ұлғайған. Осы тұста қазақтың «Судың да сұрауы бар» деген сөзін қаперге алған абзал. Яғни, ағын судың өзін оңды-солды шашып-төкпей, ысырапқа жол бермей пайдалану маңызды. Бұл мәселе барлық диқандар мен жалпы елдің назарында болғаны да дұрыс. Өйткені, күздегі алатын өнім бүгінгі ұқыптылығыңызға байланысты болмақ. Сонымен, биыл ауданда күздік бидай – 1650, жаздық бидай – 447, тары – 240, мақсары – 1288, жаңа жоңышқа – 3410, ескі жоңышқа – 5578, мал жемдік асқабақ – 194, картоп – 1200, күнбағыс – 23, жемдік жүгері – 95, дән жүгері – 173, көкөніс – 1805, бақша өнімдері – 2400 гектар жерге егу жоспарланып отыр. Ал Сыр маржаны саналған негізгі дақыл күріштің көлемі – 12025 гектарды құрамақ.
Тұқым тазалығы сақталған
2023 жылдың егісіне аудан бойынша 330 тонна күздік бидай тұқымы дайындалып, егілген. Ал жоғары репродукциялы 89,4 тонна жаздық бидай, 32 тонна мақсары және 51 тонна жоңышқа тұқымдары себілуде. Негізгі дақыл күріштің 3000 тонна тұқымы құйылып, себу дәрежесіне -дайын. 3000 тонна күріш тұқымының 1 500 тоннасы жоғары сұрыпты I-репродукция, 1 300 тоннасы II-репродукция, 200 тоннасы III репродукциялы тұқымдарға жатады.
Тыңайтқыш тапшылық тудырмайды
Қазір бұрынғыдай емес, жердің де құнарлығы азайып, күші қайтқан. Жыл өткен сайын бұрын-соңды білмеген, адам естімеген өсімдіктердің аурулары да көбейген. Адаммен малды былай қойғанда, бақшаңдағы дақылыңа да дәрі қажет. Осы орайда, биыл аудан егістігіне межеленген 14 335 тонна минералдық тыңайтқыш пен 12 045 литр гербицид қажет. Бұл бағытта атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, қазіргі таңда шаруашылықтар тарапынан минералды тыңайтқыштардың 9336 тоннасы, яғни, 87,7% алынған. Қалған мөлшері алдағы мамыр айында толық жеткізілмек.
Техника түгел
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, 2022 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында лизингке және өз қаржысына 444 млн 140 мың 444 теңгеге 14 жаңа үлгідегі техникаларын алып, техника парктерін жаңалаған. Бүгінде аталған құрылым жаңа үлгідегі МакДон, Джон Дир, Класс, Енисей, Есіл маркалы соңғы үлгідегі ауыл шаруашылық технологияларымен толыққан. 577 дана ауыл шаруашылық техникалары бар. Оның ішінде дала жұмыстарына қатысатын 331 трактор, 78 соқа, 46 тұқым сепкіш, 51 автомашина және 71 трактордың тіркемесі сақадай сай.