Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жанар-жағармай: тапшылық қалай жойылады?

Жанар-жағармай: тапшылық қалай жойылады?

Энергетика министрі ­Болат Ақшолақовтың Үкімет отырысында сөйлеген сөзі осыған саяды. Оның айтуынша, ішкі нарықты мұнай өнімдерінің қажетті көлемімен қамтамасыз ету мақсатында мұнай өңдеу көлемі және жанар-жағармай өндірісі ұлғайтылған. Дегенмен биыл болжамдалған көлемнен тұтыну деңгейі асып түскендіктен тапшылық туындаған.
Аталған мәселені шешу мақсатында министрлік мынадай шаралар қабылдамақ. Алдымен мұнай базаларындағы дизель отыны қорын 151 мың тоннадан 235 мың тоннаға дейін ұлғайтып, дизель отыны жоқ жанармай бекеттерінің үлесін ел бойынша 20%-тен 15%-ке дейін төмендетпек. Сондай-ақ, азаматтарға·Қазақстан Республикасының аумағынан бензин, дизель отынын жекелеген көлігімен алып кетуге тыйым салу жөнінде бірлескен бұйрық қабылдап отыр. Мұнан бөлек жанармай бекеттеріне азаматтарға дизель отынының шектелген көлемін беру міндеттелмек. Тағы бір айта кетерлігі тапшылықты жою үшін қыркүйек-қазан айларында 100 мың тонна дизель отынын импорттау жоспарланып, қазір оның 10 мың тоннаға жуығы елге әкелінген.
Ал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне келер болсақ, министр бұл салада мәселе жоқ деп отыр. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге шілдеде 106,6 мың тонна, тамызда 152,85 мың тонна отын тиеп-жөнелтілген.
– Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тиеп-жөнелту басым негізде жүзеге асырылады және тұрақты бақылауда. Оларға барлығы 423,5 мың тонна дизель отынын тиеп-жөнелту жос­пар­ланып отыр», – деді Б.Ақшолақов.

Рамазан ӘНӘПИЯ
19 қыркүйек 2022 ж. 692 0