Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Отын тапшылығы неден туындады?

Отын тапшылығы неден туындады?

Елімізде бірнеше аптадан бері дизель отынының тапшылығы туындағаны белгілі. Бұл жағдай өз кезегінде көлік тасымалы мен қоғамдық көліктердің жұмысына айтарлықтай ­зиянын тигізді. Ал осы тапшылық неден туындады? Зерттеп көрдік.
Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес құрылған арнайы комиссия «тапшылық мынадай факторларлың әсерінен туындады» деп отыр. Мәселен, комиссия өкілдері негізгі себептердің бірі ретінде отын тұтынудың айтарлықтай өсуін қарастырып отыр. Себебі бірінші кезекте шетелдік транзиттік көлік отынды көп тұтынады. Екінші себеп – елімізде дизель отынының көршілес елдерден қарағанда төмен бағада сатылуымен байланысты. Мысалы, Қазақстанда дизельдің бір литрі – 230-260 теңге, ал Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейдегі жанармай бекеттеріндегі баға 440 теңгеге дейін жетеді. Отандық мұнай базалары дизель отынын бөлшек сауда құнынан жоғары бағамен сатқан, бұл өңірлерде отын сату көлемінің қысқаруына алып келді. Өйткені оны сатып алу жанармай бекеттері үшін тиімсіз болды. Бұдан басқа «ҚазМұнайГаз», Petrosun компаниялары, сондай-ақ мұнай өңдеу зауыттары тарапынан өндіру, маркетинг және логис­тикада жүйелі кемшіліктер мен олқылықтар анықталған.
Нәтижесінде жағдайды қалыпқа келтіру және жанар-жағармай материалдарының ішкі нарығын толық қамтамасыз ету үшін бірқатар жедел және ұзақ мерзімді шаралар қабылданыпты. Алғашқысы дизель отыны өндірісінің көлемін биыл 5,2 млн тоннаға дейін ұлғайту болған. Екінші іске асырылған шара мұнай өңдеу зауыттарынан дизель отынын жөнелту көлемін ұлғайту. Бұл үшін «Самұрық-Қазына» қоры және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-мен дизель отынының қосымша көлемін жеткізу туралы келісімге қол жеткізілген. Келесі бір қабылданған әдіс ­Шымкент МӨЗ-дің өндірістік қуатын арттыру. Яғни 2023 жылдан бастап МӨЗ жұмысының жаңа схемасына кезең-кезеңмен көшу жоспарланып жатыр. Оның аясында мұнайды зауыттарға тікелей жер қойнауын пайдаланушылардың өзі жеткізеді немесе мұнай МӨЗ-ді тікелей сатып алу жолымен жеткізілетін болады. Бұдан басқа Энергетика министрлігі мен жанармай бекеттерінің ірі желілерінде колл-орталықтар ашылды. Онда қазақстандықтар бағаны негізсіз көтеру және жанар-жағармай материалдарын сатудан бас тарту фактілері туралы хабарлай алады.

Рамазан ӘНӘПИЯ
02 қыркүйек 2022 ж. 754 0