Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тапшылыққа тоқтам болады

Тапшылыққа тоқтам болады

Кеше облыс әкімінің баспасөз орталығында аймақты Жанар-жағармаймен қамту мәселесі қозғалған жиын өтті. Оған облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов, облыс бойынша бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментінің басшысы Ерсін Орынбаев, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жоламанов қатысты.Фердоуси Әбілқасымұлының айтуынша, «Наурыз айынан бастап рес­публика бойын­ша жанар-жағармай қымбаттады. Бұған көрші елдердің жанар-жағармайға баға белгілеу және қамтамасыз ету факторлары әсер етті. Қарапайым тілмен айтқанда, Қазақстан Рес­публикасында бензин бағасы көрші Ресей Федерация­­сы (265 тг), Өзбекстан (261 тг), Қырғызстан (185 тг) елдеріндегі бағадан айтарлықтай төмен немесе жоғары болмауы тиіс.
– Ішкі нарықтағы бағалар төмен болған жағдайда отандық өнімнің көрші елдердің нарығына экспортталуы себебінен тапшылық қауіпі туындайды. Сонымен қатар, жанар-жағармай бағалары қымбаттауының бір себебі – Қазақстандағы мұнай өндеу зауыттарында жыл сайынғы жоспарланған жөндеу жұмыстарының жүргізілуі,– дейді.
Мұнай өнімдерінің тапшылығына келетін болсақ, қазіргі таңда, облыс­та 146 жанар-жағармай бекеттері жұмыс жасайды. Ал, Шиелі ауданында 14 жанар-жағар май бекеттері бар.
Басқарма өз құзыреттілігіне сәйкес облыс аумағында бөлшек саудадағы жанар-жағар май бағаларына күнделікті мониторинг жүргізіп отыр және бүгінгі күні АИ-92 маркалы бензинінің орташа бағасы – 170,4 теңге, АИ-95 – 188,2 теңге және дизель отыны – 188 теңгені құрайды.
Сондай-ақ, 21 маусымдағы жанар-жағар май бекеттеріндегі мұнай өнімдерінің жалпы қоры: АИ-92 маркалы бензині – 3 141,6 тонна, дизель отыны – 3 153,9 тонна. Облыстың бір күнге АИ-92 бензиніне қажеттілігі орташа есеппен 215 тонна, дизель отыны – 133 тоннаны құрайды. Бұл ретте, АИ-92 бензинінің қоры 14 күнге, дизель отыны 23 күнге жетеді деп болжамдалуда.
Айта кетейік, өңірімізде негізінен жанар-жағар май алып-сатушылар «Қызылорда мұнай өнімдері», «ҚазМұнайГаз», «Синойл» және «Гелиос» компаниялары болып табылады.
Мұнай өнімдерінің дефицитін болдырмау мақсатында облыс әкімдігі Энергетика министрлігімен Қызылорда облысына белгіленген жүйе құраушы мекеме ­«Петросан» ЖШС және Шымкент, Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарымен күнделікті байланыс орнатып отыр.
Қолда бар ақпаратқа сәйкес, бүгін Шымкент мұнай өңдеу зауытынан 530 тонна АИ-92 маркалы мұнай өнімі және 1553 тонна дизель отыны тиелді. Темір жол көлігімен 3-4 күнде облысқа келіп жетеді. Осы жерде айта кететін жағдай, мұнай өнімдерінің зауыттары толық қуатта жұмыс жасауда және қор жеткілікті. Тапшылық негізінен темір жол вагондарының жетіспеушілігінен туындауда. Қазіргі таңда, «Қазақстан темір жолы» АҚ-мен бірлесіп бұл мәселенің шешу жолдарын қарастырып жатыр.
– Ағымдағы жылдың маусым айына комиссия Энергетика министрлігіне 8 мың тонна сұйытылған мұнай газға өтінім жолдаса, нақты бөлгені 6,9 мың тонна. Маусым айының бірінші жартысында «Петро Казахстан Ойл Продактс» зауытының жөндеу жұмыстарына байланысты газдың жетіспеушілігіне әкелді. «Петро Казахстан Ойл Продактс» компаниясынан маусым айына Қызылорда облысына 1,1 мың тонна газ қаралған. Бүгінгі күнге облысқа бөлінген газ көлемі толықтай жеткізілген жоқ. Себебі, зауыт өткен аптада іске қосылды. Бұл да облыстағы жанар-жағар майдың қымбаттауына себеп болып отыр, – дейді Ерлан Жоламанов.
Шиелі ауданында да осы жағдай келелі мәселеге айналып отыр. Жанар-жағармай бекеттеріндегі жүргізушілердің қарасы қалың. Жанар-жағар майдың күрт қымбаттауы аудан тұрғындарының түсініспеушілігіне әкелген. Ал газ ауданда талонмен және кей жанар-жағармай бекеттерінде 1000 теңге межемен сатылып отыр. Жалпы, жанар-жағар майдың жетіспеушілігінен аудандағы баға АИ-92 170 теңге мен 185 теңгенің арасы, АИ-95 191 теңге, дизель отыны 190, газ 80 теңгеден сатылымға шығуда.

Ақбота БАЯНБАЙ
22 маусым 2021 ж. 592 0