Ақылы ақыл алуға асықпа

Қоғамда соңғы уақытта осы бағыттағы шағымдардың көбеюінен Парламент депутаттары дабыл қаға бастады. Нақтысы, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Динара Наумова жыл басында елімізде коучтар мен бизнес-тренерлерді сертификаттау және аккредиттеу қажеттігін ұсынып, депутаттық сауал жолдады.
– Соңғы жылдары елімізде тұлғалық және кәсіби өсуге бағытталған қызметтер нарығы белсенді дамып жатқаны байқалады. Бұл сала айтарлықтай сұранысқа ие бола бастады. Себебі адамдар дағдыларын дамытуға, мансаптық жетістіктерге жетуге және ішкі әлеуетін ашуға ұмтылуда. Көптеген жанға алға қойған мақсаттарына қол жеткізуге көмектесе отырып, тренингтер, шеберлік кластары мен семинарлар қазіргі заманның маңызды бөлігіне айналуда. Бірақ бұл қызметтер шынымен күткен нәтиже беріп жатыр ма деген сұрақ туындайды, — дейді Д.Наумова.
Мәжілісменнің мәлімдеуінше, мұндай жоғары сұраныс коучтар мен бизнес-тренерлердің, басқа да мамандардың көбеюіне әкелген. Бірақ көбі олардың қажетті біліктілікке ие екендігіне күмән келтірді.
Бұл мәселенің өзектілігіне азаматтардан түскен шағымдарды саны дәлел бола алады. Тек 2024 жылы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне көрсетілген білім беру қызметтерінің сапасыздығына қатысты 600-ден астам шағым түскен. Жер жарған жарнамаларға сеніп, қаншама адам жалған уәделердің құрбаны болған. Көбі «тез баю», «жақсы өмір» немесе «бір айда мансабында армандағандай көтерілу» сынды уәделерге иланып қалады. Бұл курстарды сатып алу үшін қалтасындағы соңғы тиынын ғана емес, несие алып, төлейтіндер де бар. Күткені мен нақты алған білімінің сәйкес келмеуіне тап болғандар уәде етілген нәтижелерге қол жету мүмкін еместігін ұғынады. Ал оған жұмсалған есіл ақшасын қайтарудың қиямет-қайым.
Негізі барлық салада шынымен де нәтижелі білім беретін білікті мамандар бар. Бірақ нарықты реттеу тетіктерінің жоқтығынан сенімнің жоғалуда. Яғни, нақты стандарттар мен біліктілікке қатысты талаптардың жоқтығынан кез келген адамның өзін коуч немесе тренермін деп атауына жол ашық. Сәйкесінше, алаяқтыққа жағдай жасалады. Салдарынан тұтынушы да, нағыз мамандар да зардап шегеді.
Бұл сала көптеген елде қатаң түрде заңмен реттелген. Талап қойылса, тұтынушылардың да құқықтары қорғалады, көрсетілетін қызмет сапасының айтарлықтай артуына ықпал етеді. Бұл мақсатта кәсіби стандарттарды сақтау үшін коучтар мен тренерлерді міндетті сертификаттауды енгізу, олардың біліктілігін тексеру мақсатында сертификатталған мамандардың ашық тізілімін түзу, арнайы заң қабылдау қажет.
Бір анығы, дамудан, білім алудан ешқашан тартынбау керек. Ешкімге артық етпейді. Бірақ ақыл-кеңес алатын маманды таңдауда барынша сақ болу керек. Ал саланы реттеуді Үкімет, Парламент қолға алады деген үміт бар.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ