Онлайн кәсіптен олжалы болуға бола ма?
Таргет, копирайтинг, мобилография, инфопродюсер, коуч-тренер. Иә, технология дамыған сайын түрлі жаңа мамандық пайда болып жатыр. Мысалы, Instagram өмірімізге енгелі бері кәсіби фотоға түсіретін фотограф, жазба жазып беретін копирайтер, оны дұрыс жарнамалайтын таргетолог сынды мамандарға сұраныс артты. Ал Tik-Tok танымал бола бастағанда мобилографтардың жұлдызды шағы басталды.
Цифрлық технология мен интернеттің дамуы бизнестің жаңа бір саласына қажеттілікті арттырды. Дүниежүзінде тараған жаңа вирус infobusiness-тің қарқынды дамуына әсер етті. Әлеуметтік желінің бүгінгі нарық заманына сай ең басты артықшылығы да осы – кез келген адам ақпарат бөлісу арқылы бизнес бастай алады. Бизнестің тілін ұққандар оқырманға білгенін бөлісіп, оларды жігерлендіретін дәріс оқып, арнайы курс өткізіп, пайда тауып жүр. Нақтырақ айтсақ, қолмен ұстап, көзбен көре алмайтын ақыл мен тәжірибені ақшаға сатады. Тек көзін тапса болғаны.
Цифрлық технология мен интернеттің дамуы бизнестің жаңа бір саласына қажеттілікті арттырды. Дүниежүзінде тараған жаңа вирус infobusiness-тің қарқынды дамуына әсер етті. Әлеуметтік желінің бүгінгі нарық заманына сай ең басты артықшылығы да осы – кез келген адам ақпарат бөлісу арқылы бизнес бастай алады. Бизнестің тілін ұққандар оқырманға білгенін бөлісіп, оларды жігерлендіретін дәріс оқып, арнайы курс өткізіп, пайда тауып жүр. Нақтырақ айтсақ, қолмен ұстап, көзбен көре алмайтын ақыл мен тәжірибені ақшаға сатады. Тек көзін тапса болғаны.
Пандемияға дейін бизнес-тренерлер мен психологтар еліміздің ірі алаңдарында мыңдаған адамды жинап, оффлайн-кездесулер өткізіп келді. Карантин шарасы енгізілгеннен кейін ақпараттық бизнес мамандары жаңа жағдайға бейімделіп, онлайн курстарға көше бастады. Әрине, бизнес-тренингті шаруасын дөңгелетіп отырған немесе құрдымға кеткен кәсібін қайтадан аяққа тұрғызған кәсіпкер өткізсе, құптарлық жағдай. Алайда теориялық білімін тәжірибе жүзінде пайдаланбаған адамның халыққа бизнес туралы лекция оқығаны қисынсыз дүние сыңайлы. Айта кету керек, елімізде 200-ге жуық тренинг орталығы бар. Бұл тек тіркелгендері. Ал тіркелмегені қанша?! Оған шетелден келіп, тренинг өткізетіндерді қосуға болады. Барлық жиындар ақылы. Соған қарамастан тренинг – тренд. Тіпті әлеуметтік желі арқылы онлайн өтетіндері де бар. Тақырып ауаны да әртүрлі. Десе де, онсыз да табысынан айырылып, бірді-бірге жалғап отырғандар ше? Тренинг сәнге айналды. Неліктен?
Бүгінде әлеуметтік парақшасында «подписчик» яғни, тіркелушілер саны көп дегендері тренер, мотиватор, ұстаз болып кеткендей. Қаласақ та, қаламасақ та қазіргі қоғам осыны қажет етіп отыр. Бақытты әрі бай болудың жолын шындап «меңгергіңіз» келсе, онлайн-тренингке қатысуға болады. Байығысы келмейтін адам жоқ. Онлайн-тренинг оңай және жылдам баюдың жолын үйретер болса, неге байымасқа? Әлде бірден мотиватор болып кетеміз бе? Одан қалса, әлеуметтік парақшаңызды дамытқыңыз келе ме? Оп-оңай, 6 күндік онлайн курстардан бастап, 1 айдан асатын марафонға қатысып-ақ керек білімді меңгеріп шығасыз. Дәмді тағамдар пісіріп үйренгіңіз келеді ме? Тәттінің дайын мәзірін сатып ала салсаңыз болады.
Онлайн деген тренинг, марафон, коучинг сабақтардың құны бірдей емес. Бірі бағасын ашық айтса, енді бірінікін менеджеріне, жекесіне шығып қана білуге болады. Мәселен, қазір көптің аузынан түспей жүрген «Түпсанаға» қатысқыңыз келсе, бес сабақтың бағасы – 7 мың теңге. Ал «Мотиватор-коуч» сабағын алғыңыз келсе 400 мың теңге төлесеңіз жетеді. Ал 3 айлық марафонға қатысу құны – 150 мың теңге. Баға осылай жалғаса береді. Онлайн-сабақтардың да тақырыбы әртүрлі. Бірі – сананы өзгертуге жол сілтейді, енді бірі – оңай баюдың жолын үйретеді, кейбірі – «жетістікке» жетудің кілтін көрсетеді. Одан қалса, әдемі фото жасап, видеоны өңдейтіні де бар. Бизнес ашып, кәсіп бастаймын дегенін де ұмытпайық. Бастысы – мақсат пен қалтаңыз көтерсе болғаны.
Мәселен, өзім декреттік демалыста болғанда құр қарап отқанша, трендтен қалмайын деп «Копирайтер-онлайн профессия» курсын 1 апта оқыдым. Ақысы әр түрлі. Мен қалтама қарай 15 мыңдығын меңгердім. Жалпы копирайтинг дегеніміз – белгілі бір тауар немесе өнім туралы жарнамалық, коммерциялық мақсаттағы мәтіндерді жазатын қызмет түрі. Оған жарнамалық роликтердің сценарийі, әлеуметтік желілердегі, сайттардағы жарнамалық мәтіндер кіреді. Бірақ бұл копирайтингте қолданылатын құралдардың бірлі-жарымы ғана. Мұндай мәтіндерді оқу арқылы адамдардың сатып алу қабілетіне ықпал етуге мүмкіндік бар. Яғни, мәтінге тың идея мен креатив қосу арқылы кез келген бизнес түріне жарнама жасап, оны дамытуға болады. Жалпы копирайтингтің пайда болуы жарнаманың шығуымен тікелей байланысты. Оның SEO-копирайтинг, ақпараттық, техникалық, креативті, жарнамалық копирайтинг секілді түрлері бар. Бұл саламен айналысатын адамдарды копирайтерлер деп атайды. Бір қарағанда оңай болып көрінгенімен, негізінде копирайтердің жұмысы жауапкершілік пен жылдамдықты талап етеді. Копирайтердің басты мақсаты – оқырман, тыңдарман немесе көрерменнің қызығушылығын оятып, оны тауарды сатып алуға шақыру, мәтінде айтылған қызмет түрін пайдалануға итермелеу. Олар мәтін жазарда аудиторияның қажеттілігін, тапсырыс беруші компания тауарының ерекшелігін ескереді.
Қараңызшы, ақылы жолмен білім үйретуге болады. Экономикалық сауат ашуға болады. Қаржылық сауатыңызды арттыруға да мүмкіндік бар. Қала берді, тіл білуге де әбден болады. Тіпті, тігінші немесе шаштараз болғыңыз келсе де, курсқа барып қатысуға құқылысыз. Ал әлеуметтік ахуалыңызды тренинг арқылы түзеу мүмкін бе? Дәл осы тұста пікір екіге жарылады. Тренингке ешкім қатыспаса, мұндай онлайн сабақтар да көбеймес еді. Сұраныс болғаннан кейін барлығының саны артып келеді. Анығында, тренинг өткізіп жүргендердің кейбірі нақты бір мамандықты терең меңгерген адамдар емес. Дәрігерліктен не болмаса мұғалім болғысы келмеген немесе әр жұмыстың басын бір шалып, орнын таба алмай, құр қарап отырғанша, аннан-мұннан оқып алғанын неге пайдаланбасқа деп жүргендер секілді көрінеді. Мүмкін кей адам онлайн-сабаққа қажеттілігі үшін барар. «Үйренсем-білсем» деген талаппен баратындар тағы бар. Бірақ біреудің өмірін немесе тағдырын өзгерте алмайтынымыз анық. Иә, дұрыс жол сілтеп, тура жолға салатын шығар, бірақ барлығына бірдей баюға мүмкіндік туа қояр ма екен?
Таяқтың екі ұшы болатыны секілді, қазіргі трендтегі мамандықтардан түсетін табыс та жоқ емес. Мәселен, мобилографияның медиадағы ұтымды тұсы орасан. Бұрын медианы тек арнайы соған арналған мекемелер ғана жасаушы еді. Ал қазіргі күні медиа бастау әлеуметтік желінің өзі жеткілікті. Мұнымен қоса, белгілі бір ақпаратты тез, динамикалық түрде, шынайы етіп жеткізу жолында мобилография үлкен рөл ойнайды. Осындайда айлық табысы миллионды құрайтын мамандық түрі керек те шығар деген ойға тоқтайсың.
Сұлушаш МАДИЯРОВА