Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТРЕНИНГТЕРГЕ ТЕҢГЕ ЖҰМСАП КӨРДІҢІЗ БЕ?

ТРЕНИНГТЕРГЕ ТЕҢГЕ ЖҰМСАП КӨРДІҢІЗ БЕ?

Бұл дамыған заманда бұрынғыдай кітапхана жағалап, керегіңді том-томдардан іздемей-ақ табуға болады. Себебі қазіргі таңда әлеуметтік желінің көмегімен кез келген білімді алып, оңай үйреніп алу қиын емес деген пікір бар. Иә, үйренудің түрі көп қазір. Оны бүгінгінің тілімен «тренинг» деп атайды. Бұл сөз айтуға күрделі болғанымен, таңсық емес. Әлем желіні аша қалсаңыз да, тренинг өткізіп жүргендерден көз сүрінеді. Бірақ мұның артында нағыз білім емес, ақшаның жатқандығын білесіз бе? Ал сіз онлайн тренингтерге теңге жұмсап көрдіңіз бе?
Иә, онлайн желінің адамға берері көп. Тек қалтаңызда қажет дүниеңізге жұмсайтын қаражатыңыз болса жеткілікті. Сонда ғана тренинг өткізгіштер мен білім үйреткіштердің өзі-ақ өзіңізді жеті қат жерден болса да тауып алады. Тренинг демекші... Қазір «Youtube» пен «Instagram» желісін аша қалсаңыз түрлі тренингтерге тап боласыз. Иә, мұндай тренинг өткізетіндердің бірі байып кетудің жолын үйретсе, енді бірі болашағыңызға дұрыс бағдар беріп, бойыңызға көркем мінез қалыптастырып береді-мыс. Кейбірі өміріңізді 180 градусқа өзгертіп берсе, ендігілері еріншектіктен қалай құтылу керектігін үйретеді. Айта берсең көп енді. Мұндай дүниелер әрине, ақылы. Он мың теңгеден басталатын бұл тренингердің бағасы бүгінде миллионға дейін барады. Қалтаңызда қаражатыңыз болмаса онлайн тренингтерден қағылдым дей беріңіз. Себебі қаржыңыз болмаған жағдайда әлгі ақыл үйреткіштер сізді маңайына да жолатпайды. Тек бастапқы бір сабағына ғана тегін қатыстырып, одан кейін миыңызды улап, «Kaspi» қосымшасы арқылы бөліп төлеу жолын ұсынып, өз тренингіне шақырып алады. Иә, қазір осындай тренингтерге қатысқысы келгендер үшін бөліп төлеу қызметі де қарастырылған. Ақылгөйлер не нәрсе үйретеді екен деп басын сұққан кісінің бәрін өз апандарына алдап түсіреді. Құдды бір сегіз аяқты жәндіктің шырмалған аяқтары іспеттес. Шынтуайтына келгенде, барсаңыз шыға алмай қалатыныңыз рас. Қарап тұрсаңыз нағыз құйтырқы құбылыстың өзі.
Елімізде мұндай білім беретін орталықтар аз емес. Олардың басым көпшілігі Алматы мен Астана қалаларында орналасқан. Бүгінде мұндай орталықтардың бірі университет болып үлгерсе, енді бірі «Бизнес бастау» орталығына айналған. Бұдан бөлек, Қазақстан аумағында арнайы тренинг орталықтары да көп. Олардың басым көпшілігі бүгінде заңсыз жұмыс істеуде. Яғни арнайы рұқсат қағазсыз. Тренинг өткізіп, табыс тапқандардың қатарында жыныстық сауаттылықты үйрететіндері де баршылық. Иә, кез келген адамның бұл тұрғыда сауатты болғаны жақсы. Дегенмен кәмелеттік жасқа толмағандарға мұндай дүниелерді үйрету заңсыз дейді мамандар. Ал түрлі онлайн білімдер қара халыққа білім емес, шығын алып келіп жатқанын көпшілік біле бермейді.
Ғалымдардың айтуынша, ақылы білім алатындардың басым көпшілігі жастар мен өмірден әбден шаршаған жандар екен. Олар әп-сәтте байып кеткісі келіп, осындай ақылы қызметтерге жүгінеді. Содан кейін көгілдір экранның көк бетіндегі көсемдерге сеніп, олардың айтқандарын бұлжытпай орындайды. Ғалымдар онлайн тренингтердің көбейгендігі оңай жолмен ақша тапқысы келетін жастардың қателігінің салдары деп отыр. Тіпті көптеген жастарымыз университет қабырғасында оқып жүріп, оқу орнын аяқтамай кетеді. Себебі бүгінгі таңда бірнеше айдың ішінде білікті маман даярлаймыз дейтін онлайн курстар көбейген. Осындай курстарға баратын адамдар көп болғандықтан, жастар арасында мамандықпен жұмыс жасаудың қажеті қанша деген ойдың көбейгені рас. Тренингтерге қатысып, байып кеткендер жоқ емес. Алайда ақшасы бостан-бос кетіп жатқандардың саны одан да көп. Бір сөзбен тренингтерге қатысып, қолды қалтаға салып алып жүргендер жетеді. Оңай ақша табамын деп опық жеп қалғандар құр-босқа сенделіп жүр. Иә, бітірген мамандығы жоқ, иә, оқыған курсынан нәтиже жоқ. Онлайн курстың орнына кітапхана жағалап, кітап оқығанда керемет тұлғаға айналар ма еді деп қаласың, кейде. Бірақ қазір білімді кітаптан емес, әлем желінің жұлдыздарынан алғанды жөн көретіндер көбейген. Әттеген-ай...

Сымбат Сұлтан
17 қаңтар 2023 ж. 245 0