ТРЕНИНГКЕ ТЕЛМІРГЕНДЕР
Мотиватор, коуч, тренер, психолог, нумеролог... Бұл бүгінгі заманның трендтегі мамандықтары. Ғаламтор мен желіні жылдам меңгергендер көрген-білгенін елге үйретіп, табыс көзіне айналдыруда.
Қазір тренингтің түр-түрі бар. Үйде отырып табыс табу туралы керек пе, маркетинг бойынша қажет пе, психология ма, іздеген тренеріңізді таба аласыз. Ал олардың бәрі бірдей пайдалы ма? Босқа ақша құртып, тренингке алданып қалмау үшін нені білген жөн?
Әлеуметтік желілерді, әсіресе, инстаграмды аша қалсаң, «Әмияныңды зарядтап беремін. Ол ақша шақырады. Тұмарды алсаң, жолың ашылады. Жасыл шұлық киіп жүрсең байисың» деген жарнама көп. Өкініштісі, соған сеніп, жетегіне ергендердің қарасы одан да қалың. Ал шын мәнінде тұмар тақсаңыз, байып кетпейсіз, соны сатқан адам ғана пайда көреді. Мәселе тұмарда емес, бәрі адамның еңбегі мен ойына байланысты. Осыны білсек те жеңіл жолмен ақша тауып қалармын деген жалған ойға беріліп келеміз.
Қазіргідей әлеуметтік күйзелісті бастан кешіріп жүрген жандар үшін жылы сөздің өзі мотивация сыйлайды. Көпшіліктің онлайн-тренингке үйір болуының бір себебі де осы. Әсерлі, сөз, жағымды дауыс, алда күтіп тұрған ғажап өмір. Күйзелістегі адамға не керегін әбден біліп алған тренерлер экранның арғы бетінде отырып-ақ өзіне елітіп алады.
Депутат, қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан «Бұл мәселені бүгін тоқтата алмаймыз. Өйткені, адамдар сол тренинг өткізетіндерге қатты сенеді. Адамға адам ақыл сатпайды. Адамның басындағы қиындықты шын жанашыры ғана түсіне алады. Әр адам адаспаудың жолын іздесе екен» дейді. Ал сол адаспаудың жолы қандай? Тұрмыстық қиындықтан «ақылды» сабақтар алып шыға ала ма? Біреудің өмірін өзгерту мүмкін бе?
Тренерлердің барлығы белгілі бір бағаның көлемінде қызмет көрсетеді. Мәселен, онлайн тренингтің құны 4-5 мың теңгенің көлемінде болса, психологтың үлкен залда ұйымдастырған семинары 20 мыңның шамасында тұрады. Бір қызығы, қомақты қаражатын қиып, психологтардың кештеріне қатысатындардың қарасы қалың. Мұндай кештерге 300-500 адамға дейін жиналады. Бір сабаққа 300 адам қатысса, құны 20 мың болса, орта есеппен қанша қаржы жиналатынын есептей беріңіз.
Бастапқыда елімізде бірді-екілі ғана психологиялық тренинг өткізушілер болса, қазір олардың көптігінен көз сүрінеді. Барлығының айтатыны да бір, таңдау қиын. Тіпті айтыскер ақын да, әнші де, үйде отырған көпбалалы ана да «сертификатталған» коуч-тренер дәрежесін иемденіп алған.
Қоғамдағы мұндай жағдайға түрлі пікірдің айтылуы заңды. Біреулер «тренинг өткізу – алаяқтықпен тең» дегенді алға тартса, пайдасын көріп, өмірі түзелгендер де аз емес. «Жақсы ойлары көп. Санаңыз жаңа дүниеге, өзгеріске, тұлғалық дамуға ашық болса, пайдалы болары анық. Мұның бәрі ниетке байланысты. Сынап, мінеу үшін тыңдасаңыз, негатив табасыз. Үйрену, білу, сезіну үшін тыңдасаңыз позитив, өзіңізге қажет нәрсе аласыз. Не үшін тыңдағыңыз келеді, пікір соған байланысты өрбиді» дейді тыңдаушылардың бірі.
Бүгінде алысты жақындатқан ғаламтор арқылы көп нәрсеге қол жеткізуге болады. Соңғы секундтарда әлемде қандай жаңалық болып жатқанын смартфонды сипап-ақ біле аламыз. Тіпті белгілі бір кәсіпті меңгеріп, танымын арттырамын деушілерге де желілерде ақпарат жетерлік. Иә, ғаламтордан ақылы жолмен білім үйренуге, экономикалық сауат ашуға болады. Қаржылық сауатыңызды арттыра аласыз. Тіл білуге де мүмкіндік бар. Тіпті тігінші, аспазшы немесе шаштараз болғыңыз келсе де, курсқа қатысыңыз. Ал әлеуметтік ахуалыңызды тренинг арқылы түзеу мүмкін бе?
Желілерде, әсіресе, инстаграмда «Курсқа қатыссаң отбасылық өміріңді жақсартасың, енеңмен ренжіспейсің, күйеуіңнің жүрегін жаулайсың, арманыңа жетесің, табысың артады» деген жарнамалар шаш етектен. Осындай бағыттағы парақшалардың оқырмандары да көп. Қазақта «Аңқау елге – арамза молда» деген сөз бар. Ел аңқау болса, ондайлар көбейе беретіні жасырын емес. Бұл да халқымыздың бүгінгі даму деңгейін көрсетеді. Тренингке ешкім қатыспаса, онлайн сабақтар да көбеймес еді. Сұраныс болғаннан кейін оның да саны артып тұр.
Әрине, мотивация көмек беретін кездер болады. Кей адам онлайн-сабаққа тығырыққа тірелгеннен барады. Бірақ біреудің өмірін немесе тағдырын өзге біреудің өзгерте алмайтыны анық. Мүмкін дұрыс жол сілтейтін болар. Мүмкін тура жолға салатын шығар. Бірақ барлығына бірдей байып, отбасылық қатынасын түзеуге мүмкіндік туа қояр ма екен?
Қазір оқырманның да талғамы өзгерген. Оған әлеуметтік желінің де тигізген «зардабы» көп. Жеңіл дүниеге әуес, біреудің жеке өмірін қызықтағанды жақсы көреді. Шын мәнінде байығыңыз келсе, Абайдың, Шәкәрімнің шығармаларын оқысаңыз, мол мағлұмат табар едіңіз. Ерінбей еңбектенгеннің тіленбей қарны тоярына көз жеткізер едіңіз.
Гүлхан ЯХИЯ