Бүгінгінің бизнесі
Үйде отырып-ақ ақша тапқыңыз келе ме? Онда бізге қосыл. Ақша салмайсың. Тек ақша аласың. «Миллионер болғың келсе» деген жарнамалар әлеуметтік желіде қаптап жүр. Шынында осы рас па деген сұрақ туындайды. Артық ақша ешкімге кедергі келтірмейді ғой деген ниетпен мен де сондай жарнамалардың біріне құлақ түрдім.
Тыңдап көрсем бір-бірін жаппай үгіттеу мен өз тауарын мақтау, оны сатудың амалы. Қазіргі таңда денсаулыққа пайдалы, артық салмақтан арылу, буын аурулары, асқазан, бауыр, бүйрек шайлары секілді түрлі компания өнімдері жарнамаланып жүр. Барлығында дерлік ең алғашқы шарт өнімді пайдаланып көру болғандықтан, аталмыш фирмада жұмыс жасамағанымен, үгіттеумен тауарды пайдаланып жатқандар жетерлік. Оған қызығушылар үйде отырып-ақ жұмыс жасайсың, уақытыңды үнемдейсің, өз бизнесің болады деген жарнамаларға сеніп, алғашында қолындағы қаражатын құйып, біраз тер төгеді. Осы тұста айтпағым, желідегі бизнестің қай түрі болсын, тек тауар сатумен айналысып қана қоймай, адамдардың санасын реформалауға бағытталған түрлі басылымдарды оқуға, оны насихаттауға мәжбүрлейді. Олардың негізгі айтар ойы – «бақытты адамдар дегеніміз – байлар», олай болса адамдарды ақшаны сүюге, ақша табуға қалай үйрету керек дегенге саяды. Мал табыстың кепілі, ғаламторлық жоба. Жақсы ақша тапқың келсе, біздің командамызға қосыл деген секілді адамның ойын, санасын улайтын сөздер кез келгенді баурап алады. Сонымен қатар, енді ғана қосылғандарды аз дегенде аптасына бір рет жиналысқа шақырып, бірнеше адамға каталог тарату керек және план маркетинг оқуы шарт. Осы жерде назар аударатын тағы бір тұсы сатушының адами құндылықтарға деген көзқарасы өзгереді. Дәлел ретінде желілі маркетингпен айналысатын досыңның саған дос емес, тауар сатып алушы деп қарағанынан аңғаруға болады. Желілі бизнестің көздегені де осы болса керек.
Интернетте бизнес жасаудың ең көп таралған түрлері әлеуметтік желідегі оқырмандарға негізделген. Желі қолданушыларының да өз парақшасын барынша қызықты етіп адам жинауға деген ұмтылысын осымен түсіндіруге болады. Небір танымал жұлдыздар әлеуметтік парақшасында компания өнімдерін жарнамалап, оқырманды қызықтырады. Егер сіздің танымалдығыңыз орта деңгейде болса, тапсырыстар да сондай болмақ. Бұндай жарнамалардың бағасы оқырмандар санына байланысты.
Негізінен адамды адам еткен – еңбек. Оңай жерде нан жоқ екенін мойындауымыз керек. Алайда, тез баюды мақсат етіп, бастыққа бағынғысы келмей, тәуелсіз болуды армандайтындар үшін бұл табылған жол деп айта алмаймын.
Бүгінгінің бизнесі деп өз-өздерін жарнамалаған осы топқа кіріп, уақыт пен ақша шығындаудың түкке қажеті жоқ. Маңдай термен тапқан ақша қашанда берекелі болмақ.
Айнұр НАЗАРОВА.