Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ОНЛАЙН ТРЕНИНГТЕРДІҢ ПАЙДАСЫ БАР МА?

ОНЛАЙН ТРЕНИНГТЕРДІҢ ПАЙДАСЫ БАР МА?


Иә, бүгінгі дамыған заманда әлеуметтік желінің де, интернеттің де пайдасы орасан зор. Оны барлығымыз жақсы білеміз. Іздегеніміздің бәрін сол жерден табуға болады. Баратын жеріңіздің өзіне үйіңізден шықпай-ақ ұялыңыздағы қосымшалар арқылы такси қызметін шақырта аласыз. Тіпті, шаршап-шалдықпай-ақ қалаған киім-кешегіңізді интернет дүкенінен алдырта аласыз. Қажет болса, кітапхана жағалап білім іздемей, онлайн курстар мен тренингтерге де қатысуға болады.
Бұл әлем желінің қарыштап дамып бара жатқандығының айқын көрінісі. Тек қалтаңызда қажет дүниеңізге жұмсайтын қаражатыңыз болса жеткілікті. Сонда ғана тренинг өткізгіштер мен білім үйреткіштердің өзі-ақ өзіңізді жеті қат жерден болса да ­тауып алады. Тренинг демекші... Қазір Youtube пен instagram желісін аша қалсаңыз түрлі тренингтерге тап боласыз. Бірі қалай байып кетудің жолын үйретсе, енді бірі болашағыңызға дұрыс бағдар беріп, бойыңызға көркем мінез қалыптастырып береді-мыс. Кейбірі өміріңізді 180 градусқа өзгертіп берсе, ендігілері еріншектіктен қалай құтылу керектігін үйретеді. Айта берсең көп енді. Мұндай дүниелер әрине, ақылы. Он мың теңгеден басталатын бұл тренингердің бағасы бүгінде милионға дейін барады. Қалтаңызда қаражатыңыз болмаса онлайн тренингтерден қағылдым дей беріңіз. Себебі, қаржыңыз болмаған жағдайда әлгі ақыл үйреткіштер сізді маңайына да жолатпайды. Тек бастапқы бір сабағына ғана тегін қатыстырып, одан кейін миыңызды улап, «Kaspi» қосымшасы арқылы бөліп төлеу жолын ұсынып, өз тренингіне шақырып алады. Иә, қазір осындай тренингтерге қатысқысы келгендер үшін бөліп төлеу қызметі де қарастырылған. Ақылгөйлер не нәрсе үйретеді екен деп басын сұққан кісінің бәрін өз апандарына алдап түсіреді. Құдды бір сегіз аяқты жәндіктің шырмалған аяқтары іспеттес. Шынтуайтына келгенде, барсаңыз шыға алмай қалатыныңыз рас. Қарап тұрсаңыз нағыз құйтырқы құбылыстың өзі.
Елімізде мұндай білім беретін орталықтар аз емес. Олардың басым көпшілігі Алматы мен Астана қалаларына орналасқан. Бүгінде мұндай орталықтардың бірі университет болып үлгерсе, енді бірі «Бизнес бастау» орталығына айналған. Бұлар мемлекеттік мекемеге кірмейді. Жеке меншік орталық болса да, бүгінде әрбірі өзіндік сұранысқа ие. Әсіресе, бизнесмен Қуаныш Шонбайдың «Шонбай» университеті. Жастар арасына ерекше танымалдылыққа ие бұл университетте мыңдаған студент білім алып жатыр. Олардың ішінде аудан тұрғындары да бар. Сұраныс жоғарылаған сайын алатын білімнің де бағасы аспандайтыны бесенеден белгілі. Мәселен, Шонбай университетінде таргетолог, Смм, сату маманы болып шығу үшін кем дегенде үш ай білім аласыз. Мұндай білім алу үшін сіз 270 мыңнан бастап ақы төлейсіз. Ең қымбат сабақтың құнын айтпай-ақ қойған дұрыс-ау. Естіп, шалқаңыздан түсерсіз. Бірақ, ондағы мамандар төлеген ақыңыздың бос кетпейтініне сендіреді. Айтуларынша, ақшаңызды мың есе шығарып алуға болады-мыс. Тек сабақ үлгеріміңіз жақсы болуы керек. Сізге сабақты спикер мамандар береді. Тәртіп – қатал. Күн сайын түрлі тапсырмалар ала отырып, еңбек ету керек. Біліміңізді ары қарай дамытып, еңбек етсеңіз ақша табуға болады. Бағыңыз жанса байып кетесіз, жанбаса өкінішті-ақ. Еңбек етпесеңіз ақшаңыз күйіп кетеді. Ол үшін шапшаңдық қажет. Қысқасы, қымбатқа сатып алған біліміңіз бос кетпесін десеңіз, бас көтермей білім алуыңыз шарт. Әйтпесе, әттеген-айдың көкесін көресіз...
– Менің онлайн тренингке қатысқаныма үш ай болды. Шиелі ауданының тумасымын. Шонбай университетінің студентімін. Білімнің бастапқы жарнасына 200 мың теңге төледім. Оқу мерзімі аяқталған соң, қалған 70 мың теңгесін бердім. Университетте мен коперайтер, Смм, менеджер, маркетолог маманы болып шықтым. Сабақ офлайн нұсқада жүргізілді. Сабақ барысында біз 0-ден бас­тап қалай даму керектігін, тез әрі керемет жолмен табыс табуға болатынын үйрендік. Әуелі психологиялық сабақтардан өттік. Содан кейін ғана қабілетімізге қарай бизнес бастауға әрекет жасадық. Жалпы, Шонбай университетін таңдағаныма өкінбеймін. Алайда, орталықтан алған біліміммен табыс тапқан жоқпын. Шынымды айтсам бизнес бастау жолында қаншама білім алған едім. Бірақ, ешқандай оқыған онлайн және офлайн сабақтарым мені университет қабырғасындағыдай маман етіп даярлай алған жоқ. Сондықтан өзіммен қатар жастарға мұндай онлайн сабақтарға баруға кеңес бермеймін. Миллиондаған ақшаны осындай тренингдерге небәрі екі-үш айда шашпай-ақ білімді кітаптан да алуға болатындығын ескерткім келеді. Ал, егер болашағын бағдарлап, бизнес бас­таймын деген жастар болса, онда сізге білім беретін орталықты дұрыс таңдаған жөн. Әйтпесе, қалтаңыздағы қаражаттан қағылып, алаяқтардың қақпанына түсіп ке­туіңіз әбден мүмкін, – дейді Айдана Бегайдар.
Ғалымдардың айтуынша, ақылы білім алатындардың басым көпшілігі жастар мен өмірден әбден шаршаған жандар екен. Олар әп-сәтте байып кеткісі келіп, осындай ақылы қызметтерге жүгінеді. Содан кейін көгілдір экранның көк бетіндегі көсемдерге сеніп, олардың айтқандарын бұлжытпай орындайды. Ғалымдар онлайн тренингтердің көбейгендігі оңай жолмен ақша тапқысы келетін жастардың қателігінің салдары деп отыр. Тіпті, көптеген жастарымыз университет қабырғасында оқып жүріп, оқу орнын аяқтамай кетеді. Себебі, бүгінгі таңда бірнеше айдың ішінде білікті маман даярлаймыз дейтін онлайн курстар көбейген. Осындай курстарға баратын адамдар көп болғандықтан жастар арасында мамандықпен жұмыс жасаудың қажеті қанша деген сұмпайы ойдың көбейгені рас. Тренингтерге қатысып байып кеткендер жоқ емес. Алайда, ақшасы бостан-бос кетіп жатқандардың саны одан да көп. Бір сөзбен тренингтерге қатысып, қолды қалтаға салып алып жүргендер жетеді. Оңай ақша табамын деп опық жеп қалғандар құр-босқа сенделіп жүр. Иә, бітірген мамандығы жоқ, иә, оқыған курсынан нәтиже жоқ. Онлайн курстың орнына кітапхана жағалап, кітап оқығанда керемет тұлғаға айналар ма еді деп қаласың, кейде. Бірақ, қазір білімді кітаптан емес, әлем желінің жұлдыздарынан алғанды жөн көретіндер көбейген. Әттеген-ай...

Сымбат Сұлтан
20 тамыз 2021 ж. 333 0