Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Желідегі сауда

Желідегі сауда


Осыдан жарты ғасыр бұрын адамдар ауылдағы жалғыз дүкенде кезек күтіп, талон арқылы азық-түлікке қол жеткізетін еді. Ал қазіргі таңда үйден шықпай-ақ керек дүниеңізді онлайн тапсырыс беріп ала аласыз. Шынында тарихқа көз жүгіртсек бұрынғы кезде түрлі базар, жәрмеңке, сауда жолдары ашылып, керуенге жүк артып, аймақтар арасында жақындық орнатып, Еуропа мен Азияны біріктерген Ұлы Жібек жолы болса, ал, XXI ғасырда жер шарының әр түкпірін бір-бірімен байланыстырып отырған ғаламтор екені белгілі. Интернет тек ақпаратты іздеуге ғана емес, қашықтықта дүкен аралауға мүмкіндік туғызып отыр. Ендеше сауда-саттықтың бұл түрінің артықшылығы мен кемшілігін бірге сараптап көрейік.

Қай әлеуметтік желіні алсақ та, толып тұрған интернет-дүкеннің жарнамалары. Тұрмыстық техника, ұялы телефон, киім-кешек, кітап, тіпті сұлулық пен денсаулыққа қажеттінің бәрі табылып-ақ тұр. Ішінен өзіңізге тиімдісін таңдай аласыз, себебі нарықта бәсекелестік жоғары болғандықтан мүмкіндік мол. Интернет сауданың пайдасы да сол, яғни, уақыт үнемдейсіз. Таңқалатын ешнәрсе жоқ, тынымсыз тіршіліктен қолыңыз босамай жатса, күні бойы дүкен аралап уақытыңызды жоғалтпайсыз. Ұялы телефоныңызды қолыңызға алып, XXI ғасырдың базарына кіре саласыз. Қолыммен ұстап көрмедім демесеңіз, керек тауарыңыздың сипаттамасы, суреті, бағасына дейін жазылып тұр.
Айта кетейік, географиялық шектеуі жоқ интернет дүкендер желісі Америка Құрама Штаттары, Еуропа елдерінде өте қарқынды дамыған. Ол жақтың тұрғындарының 40 пайызы ғаламтор көмегіне жүгінеді. Ал, біздің елімізге сауданың бұл түрі соңғы 10 жылда жол тартқан. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, қазақстандықтардың 36 пайызы тұрмыстық техникалар, 28 пайызы киім-кешек, 12 пайызы автокөлік бөлшектерін, қалған 4 пайызы басқа да ұсақ-түйек заттарды алуда онлайн тапсырыс жасайды екен. Неғұрлым көп сауда жасасаңыз, соғұрлым бонус жинайсыз деген де бар.
Әлеуметтік желі демекші, қазіргі таңда фейсбук, вконтакте, инстаграм арқылы өнімін жарнамалап, ісін дөңгелетіп отырғандар саны көп. Тіпті түрлі тағамдарға да тапсырыс беріп, алдыртуға болады. Ал зиянына тоқталатын болсақ келген тауарыңыздың түсі ұнамай, өлшеміңіз сәйкес келмей қалса, ақшаңыз кері қайтарылмайды. Осындай сәтте тағы да әлеуметтік желінің көмегіне жүгіне аласыз. Өйткені жағымдысы мен жағымсызын қатар жазып, пікір білдіруге құқылысыз. Қоғамда осындай жайттар да кездескендіктен, экранның арғы жағындағы адамның алаяқ болып шықпайтынына сенімсіз ойлар да туындайды. Сондықтан онлайн тапсырыс бермей тұрып, анық-қанығына көз жеткізіп алғаныңыз жөн.


Фариза КЕНЖЕШОВА.
18 маусым 2019 ж. 1 812 0