Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғаламды билеген ғаламтор

Ғаламды билеген ғаламтор

Бүгінгі күнмен қарасақ, ғаламторсыз өмір – көштің соңында қалған адаммен тең. Интернет ХХ ғасырдың аяғында пайда болса да, жедел қарқынмен дамып келеді. Алғаш 1969 жылы «ARPANET» деп аталатын интернет желісі компьютерлер мен телефондарда орнатылған. Адамдардың қызығушылығы артып, сұраныс көбейгендіктен, оны түрлі саладағы ғалымдар әлемдік жүйеге енгізді. Бұл күнде ғаламторды тұрақты пайдаланушылар саны 1,5 млрд адамнан асқан. Бұл жер шарын мекендейтін халықтың төрттен бір бөлігі ғаламторға тәуелді деген сөз.
Қазір үйде отырып-ақ әлемнің кез-келген түкпіріндегі адаммен әлеуметтік желі арқылы бейнебайланыс орнатуға болады. Кейде бұрын адамдар телефонсыз қалай өмір сүрген, ә? – деп таңданып қоя­тынымыз бар. Иә, жұмысымызды жеңіл­дет­кен технологияның мүмкіндіктері мол. Бірақ біз олардың көлеңкелі тұстарына мән бермейміз, тіпті, ұялы телефонды көп пайдаланатын адамдарда қатерлі ісік пайда болуы мүмкін екен. Ал интернеттен келетін қауіп – одан да қорқынышты.
Ал олай болса ғаламтор жайлы қысқаша айта кетейік. Қазіргі таңда интернетті жас­тар көп пайдаланады. Психологтардың мәліме­ті бойынша, компьютерлік мобильді интернетті пайдаланушылардың 65 %-ы жас жеткіншектер екен. Соның ішінде пайдаланатын адамдардың 60-70 %-ы интернетке тәуелді. Әлеуметтік желіде мың досы бар адамдардың шын өмірінде сыр бөлісетін жалғыз досы да жоқ болуы мүмкін. Ондай жастар виртуалды адамдардың жетегіне еріп, өзіне жақын жандармен араласудан қалғандай. Жасөспірімдер әлеуметтік желілерге көбінесе түнде кіреді, соның салдарынан күндіз меңіреу, селқос жанның күйіне енеді. Ұйқысы қанбай, күн тәртібі бұзылады, тіпті уақытылы тамақтануды да ұмытады. Әрине, бұл біздің өмірімізге келген індет. Жастар интернетті меңгерулері керек-ақ, бірақ, таңертеңнен қара кешке дейін әлеуметтік желінің шырмауында қалмауы тиіс. Сол себепті жастар бір уақыт білімге көңіл бөліп, кітап оқып, спортпен шұғылдануы керек. Сонда ғана еліміздің қамын ойлайтын, патриот жас­тар тәрбиеленеді. Таяқтың екі ұшы бар демекші, кез-келген дүниенің жақсысын үйреніп, зия­нынан сақтанайық.

Ақтолқын Әлжанова.
12 маусым 2019 ж. 2 203 0