Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сауда мәдениеті басты қажеттіліктің бірі

Сауда мәдениеті басты қажеттіліктің бірі


Экономикасын еселеп, әлеуетін арттырған дамыған елдерде нарық мәселесі жолға қойылған. Нақтырақ айтар болсақ, сауда мәдениеті қалыптасқан. Баршаңызға аян газеттің алдыңғы нөмірінде базар бағамына шолу жасаған болатынбыз. Сонда, Шиелі ауданында да сауда мәдениетінің жоғары екенін аңғардық.
Алпауыт елдерге қарап бой түзеген дамушы ел ретінде біздер үшін сауда мәдениеті басты қажеттіліктің бірі. Өйткені, әрбір отбасы күнделікті тіршілігіне керекті дүниелерді алу үшін алдымен сауда орындарының табалдырығынан аттап, базарларды жағалайтыны өмірдің шындығы. Ал, сауда орындарынан төленер салық экономикаға елеулі өзгерістер әкелері даусыз. Сондықтан, саудагер үшін тұтынушының талғамы мен талабы маңызды. Әрбір сатып алушының көңілінен шығып, жылы қабақ танытумен қатар сыпайы, жылы лебіз білдіру өнімнің өтімділігін арттырады. Бұл дәлелденген тәжірибе. Сөзіміз тұшымды, ойымыз нақтырақ болсын, «Нұрбер» құрылыс сауда үйін мысалға алайық.
Қай кезде болмасын тұтынушының қас-қабағын бағатын сауда үйінің қызметкерлері қал-жағдайыңнан бастап, жаныңа керектінің бәрін әп-сәтте сұрап, біліп алады. Жылы шырай танытқан саудагердің дегеніне иіп, ұсынған заттарынан бас тарта алмайсың тіптен. Тәуір тауар мен арзанның айырмасын айтып, ара жігін ажыратып айтқан соң, таңдауды тұтынушының еркіне қалдырады. Содан болар, аталмыш сауда орнынан адам аяғы үзілмейді.
Нарық мәселесінде жарнаманың да алар орны ерекше. Тіптен, маңызды деуге болады. Көгілдір экранға телмірген бүгінгі таңда жаңадан қандай тауар шыққанынан дер кезінде хабардар болып отырамыз. Жақсы жарнамаға еліткендер ертеңгі күні сол затты дүкен сөрелерінен іздеуге кіріседі. Заман ағымына ілесіп, жаһандану жолында жаңашылдыққа бейімделу қажет-ақ. Кент ішіне көз тастасаңыз айналада «Магнит» авто үйінің жарнамасын байқайсыз. Көлігінен кінәрат тапқан жүргізушілердің көбісі сонда барады. Себебі, әрбір тұтынушыға тегін сусын беріп, бос уақытында теледидар көріп, шай ішетін демалыс орны қарастырылған. Міне, бұл да нарықтағы мәдениет. Аты айтып тұрғандай тұтынушыны тартатын саудадағы айлалы әрі магнитті әдіс деуге болады.
Әлемдегі ең үлкен дүкенімен Гиннесстің Рекордтар кітабына енген Оңтүстік Корея мен Дубай қаласын сауданың қызу ордасы деуге болады. Аталмыш мекенде тұтынушыға қолайлы жағдай жасалып, дүкен ішінде тамақтану, ойын-сауық орталықтары қоса жұмыс жасайды. Нағыз шопинг алаңына айналған елдер секілді «Смарт сити» жобасын жүзеге асырып, әлемдегі үздік «ақылды қалалар» қатарынан көрінуді мақсат еткен мемлекет ретінде дамыған елдердің тәжірибесін пайдаға асырмақ керек. Мысалға «Алибаба» интернет дүкенін алайық. Әлемге танымал сауда сайтын қолданушылардың қатары қалың. Міне, бізге керегі де осы. Шиелі ауданы егіншілікке басымдық береді. Ал, сол өнімдерді өткізудің ең тиімді тәсілі ғаламтор. Әлеуметтік желіден бас алмайтын халық үшін тауардың суреті, құны жазылған интернет дүкеннің болғаны пайдалы. «Шиелі өнімі» деген сыңайлы сайт ашып, ІТ-технологияның құдіретін игеретін мезет жетті. Жуырда Мәскеуде білім алған түлектердің алдыңғы легі елге оралмақ. Міне, сол мамандардан күтетін жаңалықтың бірі осы болмақ ендеше...
Болашақты бағдарлап, төртінші революция жағдайындағы дамудың мүмкіндіктерін атап көрсеткен Елбасы, мемлекеттің дамыған 30 елдер қатарынан табылуын көздейді. Алғашқы қадамдар жасалып, сандық технологияның сырын игерудеміз. Алдағы уақытта үлкен супермаркеттер ашылып, қалаған тауарды смартфондар арқылы үйде отырып таңдап, жеткізу қызметтерін пайдаланатын күндердің ауылы алыс емес. Сондықтан, сауда мәдениетімен қатар, тұтынушы этикасын да қалыптастырғанымыз жөн шығар...

Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ.
24 шілде 2018 ж. 5 229 0