Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Интернет игілігін көріп жүрміз бе?

Интернет игілігін көріп жүрміз бе?

Жаңа ғасырдың басты жаңалығы болған интернетті қолданбайтын адам кемде-кем. Әркімнің пайдалану мақсаты да әрқалай. Бірі бизнес бастап, кәсібінің тасын өрге домалатып отырса, енді бірі әлеуметтік желінің арқасында жұлдызға айналды. Биыл бүкіләлемдік тордың пайда болғанына 28 жыл екен. Осы уақыттың ішінде интернеттің пайдасынан гөрі зияны көп айтылды. Алайда біз интернеттің игілігі туралы да естен шығармауымыз керек. Иә, сансыз адамды сымсыз байланыстырып отырған бүкіләлемдік тордың кесірі мен кесімді тұсы бір-біріне пара-пар. Олай болса, бүгін интернеттің игілігін саралап көрелік...Дүниедегі 7,5 млрд адамның тең жартысы желіні тұрақты түрде пайдаланады деген дерек бар. Соның ішінде Қазақстанның 14 млн-нан астам тұрғыны интернет қолданушысы. Бұлардың арасында жасы да, жасамысы да жетерлік. Алғашында айшылық алыс жерден жылдам хабар алуды ғана мақсат еткен қолданушылар қазір интернет арқылы құжат алып, қажетті тауарына қол жеткізіп отыр. Осылайша онлайн өмір уақыт үнемдеудің ұтымды әдісіне айналды. Тіпті еліміз «Цифрлы­ Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында халықты жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуді бірінші орынға қойды. Сондай-ақ ауыл мен қала арасындағы цифрлы теңсіздікті азайту үшін жүйелі жұмыстар істеуде. Бүгінде елімізде әр адам онлайн қызметтерді пайдалана алады. Мәселен пойызға билетті Қазақстан Теміржолы электронды витринасы сайтынан сатып алуға болады. Билеттің ақысын төлеген бойда, ол сіздің электронды поштаңызға келеді. Осының арқасында сіз уақытыңызды үнемдеп, ұзынсонар кезекке тұрмайсыз. Мұндай жүйе әуе билетін сатып алуда да қалыптасқан. Билет алу барысында әуежайға бармай-ақ, tickets.kz сайтынан электронды билет брондай аласыз. Жалпы интернет арқылы сауда жасау мұнымен шектелмейді. Қазіргі таңда тағамды да, киім мен кітапты да интернет-дүкеннен табуға мүмкіндік бар. Соның арқасында онлайн-дүкендер көптің көңілінен шығуда.
Бүкіләлемдік тор мұнымен қоса сан алуан қызметтерді қолданушыларға ұсынады. Мәселен коммуналды қызметтер мен салықты үйден шықпай-ақ төлеуге болады. Ал несиеңізді банктің арнайы сайтынан-ақ жаба аласыз. Осы орайда көпшіліктің көңілінен шығып жүрген порталдар да жоқ емес.
Халық арасында лезде танылған порталдың бірі – egov.kz сайты. «Электронды үкімет» порталының бүгінге дейін көрсеткен нәтижесі көңіл қуантарлық. Порталдан 2018 жылы 30 млн-нан астам адам электронды нұсқада қызмет алған, ал порталдың өзіне осы кезге дейін 8 млн-нан астам адам тіркелген. БҰҰ зерттеу қорытындысы бойынша «Электронды үкіметтің» даму деңгейінде Қазақстан жақсы нәтиже көрсетіп, 39-орынға табан тіреген. Порталға кіру арқылы әр адам үйде отырып-ақ түздің жұмысын істей алады. Ащы ішектей созылған кезекте тұрмай мемлекеттік анықтамаларды үйдегі компьютермен-ақ алуға болады. Бұдан бөлек «Электронды үкімет» арқылы балабақша кезегін қарауға, чектер мен лицензияларды тексеруге және басқа да қызметтерді алуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ коммуналдық қызметтерді де осы портал арқылы төлей аласыз.
Интернетті ұтымды пайдалануға мүмкіндік жасайтын келесі портал – DamuMed. Портал қолданушылары DamuMed арқылы дәрі-дәрмектің рецебін, зерханалық тексеру нәтижелерін көруге, ал науқастанған жағдайда дәрігердің қаралуына жазылуға болады. Сондай-ақ бірнеше анықтаманы, нақтырақ айтар болсақ, еңбекке жарамсыздық парағын, білім беру мекемелері үшін қажетті қағазды емханаға бармай-ақ ала алады. DamuMed-тің ең тиімді тұсы бес жасқа дейінгі балалардың ата-аналары, жүкті әйелдер мен диспансерлік есепте тұратын науқастар «Дабыл түймесі» модулі арқылы жедел жәрдемді шұғыл шақыру бар. Біз айтып отырған порталдың тағы бір артықшылығы қалалық, облыстық дәрігерлердің қабылдау кестесін көруге болады. Бұдан бөлек, жүкті әйелдердің ана мен бала күтімі барысында туындаған сауалдарына жауап алу мүмкіндігі қарастырылған.
Елдегі электронды қызметтің қарқынды дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан порталдың бірі – «Қазақстан тарихы». Бұл ұлт руханиятын электронды жүйеде насихаттап жүрген бірден-бір портал. Мұнда әртүрлі жанрдағы кітаптарды оқып, ұжым түсірген деректі фильмдерді тамашалауға болады.
Міне, интернет иірімінің игілікті тұстары да жеткілікті. Тек оны мақсатсыз пайдаланудан аулақ болуымыз керек. «Уақыттың бос кеткені – өміріңнің бос өткені» деген тәмсілді алға тартып, желіге желімдей жабысып, телефонмен таң атырып, күн батырғанша бір сәт сапалы контентке де көз жүгіртіп қоялық. Сол сәтте интернет желісі жұртшылықты жағасынан ала жетектемей, тек тиімді тұстарын ұсынатын болады.

Маржан БОЛАТҚЫЗЫ
05 қазан 2019 ж. 812 0