Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Медиа сауаттылық сан соқтырмайды

Медиа сауаттылық сан соқтырмайды

ХХ ғасырдың аяғында елімізде ақпараттандыру саласы белең алды. Осы кезеңде Қазақстанда алғаш рет «kz» домені тіркеліп, екі жылдан кейін интернет жүйесі жұмыс істеді. Әуелгіде таңсық дүниеге таңқала қарағандар көп болды. Айшылық алыс жерден жылдам хабар алғызатын интернеттің кері тұстары тіпті байқалмады. Сол себепті әлеуметтік желіге тіркеліп, виртуалды әлемге еніп кеткендердің қатары көбейді.
Бір-бірімен хат алмасқан достар сәлем-сауқатты ғана сұрап қоймады. Уақыт өте келе өзі туралы ақпаратпен, әдеби-мәдени, саяси және басқа да сан-саланы қамтып жазатындардың саны артты. Олар бірте-бірте блогерлік деңгейіне көтеріліп, ғаламтор арқылы танымалдылыққа қол жеткізді.
Тіпті кейбіреулер ұялының арғы жағынан кәсібін дөңгелетуді үйренді. Міне, осыларға назар салып, енген сайын ентіктіре беретін интернеттің жағымсыз жайттары жоқ деуіміз мүмкін. Бірақ бұл қате пікір. Еш қауіпсіз қолданатын смартфон да өміріңізге айтарлықтай жапа шектіруі ғажап емес. Денсаулыққа әкелетін зиянын былай қойғанда, алаяқтардың арбауына түсу, жалған ақпаратқа душар болу, парақшаңыздың бұғатталуы сынды қатерлердің өзі қорқынышты. Осы тұста желі қолданушылары медиа сауаттылығын арттыруды мақсат етуде. Ол үшін ғаламтордың «жілігін шағып, майын ішкен» блогер, тренерлердің ақыл-кеңесіне жүгінеді. Ал кейбір медиа-тренерлер ауыл-аймақты аралап, желіні жатсынбаған ағайынға білгенімен бөліседі. Сондай медиа-тренердің бірі – қызылордалық Ерболат Тұрсынқожа. Ол бүгінге дейін әртүрлі тренерден тәлім алып, білімі мен білігін арттырған. Тәжірибе жинақтап, таным көкжиегін кеңейткен соң облысты аралап, «Әлеуметтік желі және медиа ақпараттық сауат» тақырыбында тренинг өткізуде.
Сырдария, Жаңақорғаннан кейін Ерболат Тұрсынқожа Шиелі ауданына атбасын бұрды. 27 тамыз күні «Самғау» коворкинг орталығында жас­тар мен кент тұрғындарына әлеуметтік желінің барлық бағыты бойынша сөз қозғады. Тренер әуелі парақшадағы достар туралы тарқатты. Ол «Жақсы контент. Жақсы орта. Жақсы өмір» қағидасын негізге ала отырып, бірнеше блогердің тізімін ұсынды. Одан кейін көп адамды сан соқтырып кеткен алаяқтардан сақтанудың тәсілімен бөлісті. Жалған және шынайы жаңалықты ажырата білу қажеттілігін де тілге тиек етті. Әрі қатысушыларға феик парақшаларды табуға тапсырма берді. «Үшқоңыр», «Алатау», «Қаратау» топтарына бөлінген қатысушылар белсене қатысып, әр түрлі парақшадан өз бетінше жалған жаңалықты тапты.
Қатысушылар осыдан кейін тағы бір тың ақпаратқа қанық болды. Әлемдік торды ешкім бақылап отырмағандықтан, оған кез келген адам ақпарат сала алады. Тіпті хат алмасу чаттарында бей-берекет жаға ұстататын жаңалықтар дендеп кеткен. Міне, осындай сәтте желі қолданушысы қайтпек керек? Бұл тұрғыда Ерболат Тұрсынқожа бірнеше әдіс-тәсілмен таныстырды. Сонымен желіде шыққан жанжал кезінде ешкімді ұлтқа, топқа бөлуге болмайды. Сондай-ақ қалтафонның арғы жағында отырып кінәлі деп айып тағу және өздігімен сот үкімін шығару әбестік. Мұндай сәтте сөйлеу мәдениетіне де мән беріп, оқиғаны күшейтіп көрсетудің қажеті шамалы. Желіде отырғанда ескеретін бір жайт, кез келген ақпараттың байыбына бармай таратқаннан сақтану керек.
Желідегі әдеп туралы айтқаннан соң, медиа-тренер сурет пен видеоның, мәтін мен дереккөздің шынайылығын анықтайтын бірнеше бағдарламаның тізіміне тоқталды. Олардың ерекшелігі мен қолдану жолын көрсетті. Содан кейін қатысушыларға сыни пайымды дамытатын фильмдерді ұсынды. Қатысушылар семинар-тренингтің көңілді әрі пайдалы өткенін жеткізді. Сабақ соңында өз ойларымен бөлісіп, алдағы уақытта парақшаны сауатты жүргізуге жоспар құрды.

Маржан БОЛАТ

30 тамыз 2019 ж. 856 0