Дизель отынын тасымалдау қиындық тудыруда
Дизель отынының бағасы 190-200 теңгеге барды. Оны ауданға жеткізуде де кедергілер бар. Мәселен, дизель отынын Ақтөбе, Павлодар, Шымкент қалаларынан тасымалдау үшін ТЖҚ-дан қарастырылған вагондар тапшы. Арнайы вагондарға 300-400 мың теңге қаржы төленеді. Ал, жеке вагондардың тасымалдау құны одан 2 есе қымбат екенін аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Азамат Есімов тілге тиек етті.
Кеше аудандық баспасөз орталығында өткен брифингте аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы А.Есімов жанар-жағар май бағаларын тұрақтандыру бағыты бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.Бүгінгі таңда ауданда 14 жанар-жағар май босату бекеті жұмыс істейді. Ал, олардың орташа бағасы АИ-92 маркасы 173 теңге, АИ-95 маркасы 189 теңге, дизель отыны 189,4 теңгені көрсетіп тұрғанын айтты.
Жуырда ғана аудан халқы газ таппай шарқ ұрған болатын. Бұл мәселенің шешімін сұраған журналистерге сала басшысы былай деп жауап қатты:
– Иә, газ тапшылығы сезілді. Негізі газ құю бекеттерінде қор болды. Бірақ, оны төтенше жағдайларға, яғни, жедел жәрдем, өрт сөндіру көліктеріне сақтаған болатын. Ал, қазір мәселе шешімін тапты. Жалпы, Шиелі ауданындағы сұйытылған газ бекеттері бойынша қазіргі таңда 8 мекеме газ таратуда. Оның орташа бағасы – 77,8 теңге. Атап айтар болсақ, «GAS ENERGY» газ құю бекетінде 1 литрі 77 теңге, «Арал газ» бекетінде 80 теңге, «Қызылорда мұнай өнімдері» бекетінде 79 теңге, «Қызылорда газда» 80 теңге, «Орда транс газ» бекетінде 62 теңге, «Аргоста» 82 теңге, «Nomad-Gaz LPG» бекетінде 82 теңге, «МурАзда» 80 теңгеден сатылуда, – деді А.Есімов.
Сондай-ақ, жанар-жағар май бағасын тұрақтандыру және тапшылықты болдырмау мақсатында май құю бекеттері мен газ тарту мекеме филиалдары өкілдерімен 2 мәрте кездесу ұйымдастырылғанын да жеткізді.
Г.Әбдіхани