Шиелі: Қоғамдық көліктің күрмеуі шешіле ме?
Ел іші болған соң қандай да бір түйткілді мәселенің құлағы қылтиып, шығып тұрады. Қазіргі таңда тау тұрғындарын толғандырып тұрған сондай өзекті мәселе – қоғамдық көліктің қатынамауы. Бұл тек Еңбекшіде ғана емес, Бала би ауылы мен кент ішінде де өзекті тақырыпқа айналып отыр. Кенттегі себеп – теріскей бетке қатынайтын №24 бағыттағы қоғамдық көліктің тоқтауы. Тұрғындардың талап-тілегін тыңдап, толғандырған тақырып бойынша қаламға салмақ салдық.
Сонау кеңес тұсында аудан мен ауыл арасында «ЛАЗ», «ЛиАЗ» маркалы үлкен, жайлы автобустар қатынайтын. Тіпті, ауданның өзіне тиесілі автопарктен ауыл арасында «ПАЗиктер» жүріп тұратын. Бұл көліктер сол уақыттың ең озық техникалары еді. Тек қазір уақыт басқа...
Аталған көліктерді қазір тек кеңестік кеңістіктен шыққан елдер ғана пайдаланады. Тәуелсіздік алғалы бері ауданға қарасты Бәйгеқұм, Жөлек, Жансейіт, Ортақшыл секілді бірқатар ауылдардың тақымына осы кеңестік көк көлік – «ПАЗиктен» өңі түзу, дені дұрыс автобус бұйырмай-ақ қойды.
Қараша халық «ПАЗик» атап кеткен бұл автобустың қыс түссе, қойын-қонышынан азынап суық жел ұрып, жаз шықса, шаң-тозаң бұрқырап, елдің берекесін қашырады. Оған салонда орналасқан мотордың газын қосыңыз. Жүрісі – шабан, орындықтары – қатты, құдды бір арба дерсің. Ауданға қарай ыңыранып бет түзейтін «ПАЗик» жартылай бос салоны мен ескі сүйегін сықырлатып, жолаушылардың сілікпесін шығарып, жол жүріп, ауданға ентігіп, алқынып, зорға жетеді.
Біраз уақыт болды, еңбекшіліктер сол кәрі сүйек «ПАЗикке» де зар болып қалды. Ауылға қатынайтын автобус маршруты тоқтап тұр. Себебін сұрап, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне хабарластық.
«Автобус қызметіне жүгінетін жолаушы аз, жол шығынын ақтамайды дегенге саяды. Бұл мәселенің бір қыры Халықтың талап-тілегі негізге алынған. Бұл мәселе де шешіледі, – деген жауап естідік.
Несін жасырамыз, ел қазір арзан автобусқа қарағанда, жолақысы екі есе қымбат таксилердің қызметіне жүгінеді.
Жұрт қаражаты қалтасын тесіп, байлығы тасып бара жатқаннан таксиге мінбейді. Жолдың қиындығы мен көліктің жайсыздығынан қашады. Техниканың қарыштап дамыған шағында эксплуатацияға сонау жетпісінші жылдары енген тасбақа «ПАЗ» автобусы жолаушылардың талғамы мен сұраныс үдесінен шыға алмай отырғаны екі бастан белгілі жайт. Содан ел қымбат та болса, таксилердің қызметіне жүгінуге мәжбүр.
Құмның құндағында орналасқан Бала би ¬ауылына бүгінде автобус қатынамайды. Себебі ауыл тұрғындарына тиімдісі такси болып тұр. Оған аталған ауылдың тұрғыны Эльмира Тілеуованың сөзі дәлел.
«2 жылдың үсті болды ауылға қоғамдық көлік қатынамайды. Себебі халық мінбейді. Оларға тиімдісі такси болып тұр. Кезінде автобус тоқтаусыз жүретін. Бағасы да қалтаға қонымды болатын. Бірақ белгілі себептерге байланысты тұрғындар мінбей қойды. Оның бір себебі автобус тек ұзын жолдың бойымен ғана жүретін. Біздің ауылды былайғы жұрт біледі. Үйлер құмның арасында орналасқан. Орталыққа барған жұрт азық-түліксіз қайтпайды. Дорба-дорба арқаланып қайтатын болған соң, тиімдісі тікелей такси жалдау. Жол ақысы – 400 теңге. Бірақ үйге дейін апарғанын қаласаңыз, үстіне тағы 100 теңге қосасыз», – дейді Бала би ауылының тұрғыны.
Қалай дегенде, автобус мәселесі – ауыл тұрғындарын талайдан бері мазалап келе жатқан, өткір тақырып, өзекті мәселе. Сол үшін тұрғындар көптің көңілінде жүрген көкейкесті проблема аудан әкімінің назарына ілініп, күн тәртібінде көтеріліп, шешімін табатынынан әлі де дәмелі.
Ал №24 бағыттағы қоғамдық көліктің тоқтағанына да біраз уақыт өтті. Бұл мәселе ¬аудан әкімімен тұрғындардың кезекті кездесуінде көтерілді.
«Уақытша жүруін тоқтатқан қоғамдық көліктерге келетін болсақ, біз біршама жұмыстар атқарып, осы бағыттарды «әлеуметтік маңызы бар бағыт» деп танып, қоғамдық көлік иелеріне мемлекет тарапынан субсидия бөлуді қарастырып жатырмыз. Алдағы уақытта аталған мәселе оң нәтижесін береді», – деді аудан әкімі.