Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Көлік көп, көлденең мәселе де аз емес

Көлік көп, көлденең мәселе де аз емес

Шиелінің тыныс-тіршілігін көліксіз көзге елестетуге болмас. Ауыл тұрғындарының көбісі қоғамдық көлікті пайдаланады. Ал қоғамдық көліктің қызметі күн тәртібінен түспей тұрған мәселенің бірі. Оған тасымал барысындағы олқылықтар, кондуктордың дөрекілігі мен жүргізушінің тәртіп бұзушылықтарын қосыңыз. Біле білсеңіз, маршруттың да мәдениеті бар. Қоғамдық көлік болғандықтан ол мейлінше қатаң сақталуы керек. Алайда біздер оны көп жағдайда ескере бермейміз. Әйтеуір баяғыдай жармасып мініп, жетер жерімізге жетіп алғанға мәзбіз. Бірақ мәдениеттілікті сақтауды ұмытып кете береміз.
Өркениетті отыз елдің қатарына қосылу мақсат етілген тұста бұған енді төзудің өзі әбестік. Жолаушылар тасымалдаумен айналысатын қоғамдық көлік кәсіпорындарының да, жүргіншілердің де автобус ішінде мәдениет қалыптастыруға бейімделетін уақыт жетті. К.Станиславскийдің «Театр киім ілгіштен басталады» деген сөзін сізде естіген боларсыз. Мұны қарапайым тілмен түсіндірер болсақ, халыққа қызмет көрсететін театрдың жұмысында мән бермейтін ұсақ-түйек нәрсе жоқ дегенді меңзейді. Қоғамдық орын саналатын автобустың қызметіне де қойылатын талап та тап сондай.
Оның мәдениеті автобус аялдамасында жолаушыларға қызмет ұсынғанынан бас­талуы тиіс. Қыста іші жылымайтын, жазда қапырық болатын қоғамдық көліктер жолаушылардың наразылығын туғызып жатады. Мұндай жағдайда, жоқ дегенде, жүргізуші пеші мен желдеткішінің жұмыс істемегеніне көпшіліктен кешірім сұрап ізеттік таныста, қандай жарасымды болар еді, иә?
Бүгінде бәрі дамыған. Даму үстінде. Керек десеңіз, қоғамдық көліктің қозғалысын арнайы бағдарлама арқылы бақылап отыруға мүмкіндік бар. Бұл жаңалықты қоғамдық көлік кәсіпорындары құптауын құптады. Бірақ бірқатар бағыттардағы автобустарға орната түсті де, соңын аяқсыз қалдырды. Қазір сол қондырғы орнатылған автобустардың өзі мұны бірде қосады, бірде қоспайды.
Жолаушыларға күнделікті қызмет көрсететін автобустардың техникалық жағдайлары да түрліше. Сырты сатпақ-сатпақ, іші алқа-салқа болып жетіп келетіндері де жоқ емес. Бұл неге өңшең жаңа автобус жүрмейді дегеніміз емес, әңгіме тазалық жөнінде болып отыр. Жалпы автобустың ішкі тазалығына кім жауап береді екен? Жүргізуші ме, әлде кондуктор ма? Бұл да көпті мазалайтын сауалдардың алдыңғы сапында. Автобустағы барша жауапкершілік осы екі адамның мойнында екені тағы рас. Көлік үстінде ертеңнен қара кешке дейін тыным көрмейтін бұл жандардың жұмысы ауыр екені айтпаса да ұғынықты. Әйтсе де, бұл олардың халыққа қызмет көрсетудегі міндетін орындауда жеңілдік бермейді. Екі тараптың, қоғамдық көлік пен жолаушының әрқайсысының өз міндеті, сақтауға тиіс тәртібі болады.
Жоғарыда театрды бекерден бекер мысалға алмадық. Қоғамдық көлік те кәдімгі халық жиі баратын театр сынды мәдени орын. Сондықтан жүргізуші мен кондуктор тарапынан халыққа мінсіз, мәдениетті қызмет ету талап етіледі. Өкінішке орай, осыны көпшілік қоғамдық көлік жүргізушілер мен кондукторлар мүлде білмейді. Ал білгендері атүсті қарайды.
Ауылға қатынайтын автобусқа жұмыстан қайтарда жиі мінуге тура келеді. Аудан мен екі бірдей ауылды қамтитын бұл автобус­та орын бола бермейді. Әсіресе, кешке жұмыстан қайтатын уақытта автобусқа сыймай жатқан жолаушыларды жиі көресіз. Осындай кезде жүргізуші мен кондуктордың мінездері шығады. Мәдениетті мейлінше сақтайды деп айта алмаймыз. Жүргізуші автобусқа тұрғындарды артығымен мінгізіп, автобусты қалай болса, солай айдайтындары да жоқ емес. Бұл жай-жапсары ғана. Ал тазалығы бір бөлек әңгіме.
Автобус қоғамдық орын саналғандықтан, оның жүргізушісі музыка қосқан кезде де оған сын көзімен қарау керек. Ол көпшіліктің талғамымен үйлесе ме, мазмұны қоғамға, оның тәрбиесіне қайшы келмей ме, осы жағы қатаң ескерілуі қажет. Өкінішке орай, көпшілік автобустарда бұл талап ескерілмейді.
Жалпы қоғамдық көліктерде не болмай жатады? Адамдарды артығымен мінгізіп, жын қаққандай ұшырта жөнеледі. Адам емес, құдды бір зат тиеп келе жатқандай. Тіпті кейде бірімен-бірі жарысады. Қоғамдық көлікке өзге көліктер жол беру керек дегенге сүйеніп, орынсыз кимелейтін де жүргізушілер көп. Сөйтіп, жолаушы қауіпсіздігін естен шығарады. Осындайдан қоғамдық көлікке деген тұрғындардың наразылығы туады. Ол да адам баласы, ренжиді, қарсылығын білдіреді. Мұны жүргізуші мен кондуктор құп алмайды, қарсыласа кетеді. Ақыры өз дегендерін орындайды. Тіпті қарсылық білдірген жолаушыға қол көтерген, таяққа жыққан оқиғалар да орын алып жатады.
Иә, көлік көп. Сәйкесінше соған қатысты көлденең мәселе де аз емес. Тұтас алып қарар болсақ, қоғамдық көлік кәсіпорындарының жағдайын бөтен деуге болмас. Біз статистикаға үңіліп, сөйлетпедік. Бірақ бұл салада халыққа қызмет ету көлемінің ұлғайғаны айқын. Бірақ ол қоғамдық көліктердегі мәдениетті қалыптастыруға қаншалықты әсер етуде? Міне, біз осы мәселені нақтылай түскіміз келеді.

С.БАХТИЯР
19 қаңтар 2021 ж. 499 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930