Жүргізушіге – жауапкершілік, кондукторға – кішіпейілділік керек
Бүгінде ауданда қоғамдық көліктің қатары көбейді. Сәйкесінше, қоғамдық көлік жүргізушісі мен кондукторға қойылатын талап та, міндет те күшеюде. Демек аталған көліктің түрі халыққа өзіне тән мәдениетімен, этикасымен, тәртібімен қызмет етуі тиіс. Қарбаласқа толы өмірде бірі жұмысына, енді бірі мектепке, алыс ауыл-аймақта тұратындар аудан орталығына жету үшін осы қоғамдық көліктің қызметіне жүгінеді. Діттеген жерге жетуді көздеген жолаушының көбісі жасыратыны жоқ, жолаушы тасымалдау қызметіне көңілі тола бермейді. Оған дәйек те жоқ емес.
Қазіргі күні баршамыз куә болып жүргендей автобустағы олқылықтардан көз сүрінеді. Қарапайым ғана мысал, ұялы телефонын құлағынан тастамай, дабырлап сөйлесіп жататын жүргізушілер бір-бірімен жарысып, жол ережесін сақтамайды. Алақұйындатып автобус толы жолаушыларды ары-бері теңселтіп, жылдамдықты асырып, кептеліске жолаушылар кінәлі секілді кім көрінгенге тиісе сөйлеп, дөрекі жауап беріп, міндетсініп жататыны тағы бар. Қоғамдық көлікте бір-біріне айтылатын бейәдеп сөз бен ұрыс-керіс бір қарағанда ұсақ-түйек болып көрінгенімен, мұндай келеңсіздіктерді көріп, өсіп келе жатқан жеткіншектердің келешегіне кері әсерін тигізеді ме деген ойға қаламыз.
Кейінгі уақытта жап-жас жүргізушілерге қарап, үлкенді сыйлау, құрмет көрсету, әдепті болу сияқты қанға сіңген қасиеттеріміз жоғалып бара жатқандай көрінеді. Сондай-ақ біздер қоғамдық көліктің этикасын ұмытып бара жатқандаймыз. Автобуста бала отырғанына қарамай үлкендер ауызға келгенді айтып, жастар өзінен үлкенге орын бермей жатады. Әрине, аудандағы барлық қоғамдық көлік жүргізушісі мәдениеттен жұрдай деп жалпыға топырақ шашудан аулақпыз. Дейтұрғанмен бір құмалақтың бір қарын майды шірітетіндігіндей кей кондукторлар мен көлік жүргізушілердің бейәдеп әрекеттері қоғамның қоғамдық көліктерге деген көңіл толмауына алып келіп жататыны айқын.
Өткен аптада қоғамдық көліктің біріне мінген болатынбыз. Ішінде жолаушылар да толығып қалыпты. Енді жүргелі тұрғанда ішімдікке тойып алған ер адам келіп отырды. Бір өзі көлікте отырған жолаушылардың мазасын қашырды. Әркімге бір тиісіп, әсіресе, мектеп оқушысының мазасын алып, лайық емес сөздерді айтты. Жөн-жосықсыз айтқан әңгімелерін былай қойғанда, мүңкіген иісінің өзі аядай ғана жерді алып, жұртты жағымсыз иіске тұншықтырды келіп. Біз бұл көріністен қоғамдық көлік жүргізушісі мен кондуктордың мінген жолаушыларға назар аудармайтынын аңғардық.
Міне, бұл қоғамдық көліктегі бір ғана көрініс. Біздің айтпағымыз, жүргізуші азаматтар өздері таңдаған мамандықтарына жүрдім-бардым қарамаса екен. Халықпен жұмыс істегенді таңдаған екен, онда неге өзіне артылған міндетті білмейді? Сол жұмысы арқылы нәпақасын тауып, бала-шағасын асырап отыр емес пе?! Қоғамдық көлікте әдептілік, сыпайылық, ізеттілік сақталса, ешкім де шектен шықпас еді. Маршрут ішіндегі даңғаза музыкадан жүйкесі жұқарып, ашуға берілмейтін де еді. Қалай десек те, қоғамдық көлік жүргізушілері мен кондукторлар мойындарында жауапкершілік жүгі барын естен шығармаса игі. «Театр киім ілгіштен басталады» дегендей, әдептілік те қарапайым қарым-қатынастардан бастау алатынын басты назарға алғандары жөн болар еді.
Сұлушаш МАДИЯРОВА