Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАСТАУЫШ СЫНЫП БАЛАЛАРЫНА ТЕГІН ТАМАҚ

БАСТАУЫШ СЫНЫП БАЛАЛАРЫНА ТЕГІН ТАМАҚ

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2029 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасы аясында 1-4 сынып оқушыларын 100 процент мектеп тамағымен қамту жоспарланған. Мемлекет басшысының бұл бастамасы өз кезегінде балалардың денсаулығына, жақсы дамуына, оқу үлгерімін және әл-ауқатын жақсартуына оң әсер ететіні сөзсіз.
Осыған орай үшінші тоқсаннан ­бастап аймақтағы барлық бастауыш сынып оқушыларына ыстық тамақ берілуде. Бұл жаңалық ата-аналарды да, балаларды да қуантты. Себебі бұған дейін тегін ыстық тамақ оқушыларға тек әлеуметтік жағдайына қарай беріліп келген.
Бүгінде аудан мектептеріндегі ­бастауыш сыныпта 7446 бала білім алады. Осыған дейін 6 мектепте асхана болмауына байланысты тек құрғақ тамақ берілетін. Бірақ жаңа ереже бекітілген соң арнайы тамақ беретін орын ыңғайластырылыпты. Сонымен ауданға қарасты 40 мектептегі ­бастауыш сынып оқушыларына түгелдей ыстық тамақ ұсынылып жатыр.
Мәселен, кенттегі №46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейінде 583 оқушы бастауыш сыныпта білім алады.
– Бұған дейін мектептің 5-11 сыныптарында оқитын 59 оқушы ыстық тамақпен қамтылған. Қазір барлығын қосқанда 642 оқушы ыстық тамақ ішіп жатыр, – дейді мектептің әлеуметтік педагогы С.Әнуарбекова.
Мектеп аспазшылары бұрығысынша тендер арқылы анықталады. Әр мектептегі қамқоршылық кеңес, ата-аналар комитеті, мектеп әкімшілігі мен медицина қызметкерлерінің қатысуымен тамақтану сапасын мониторингілеу бойынша комиссиялар құрылған.
Бұл жаңалыққа ата-аналар ризашылығын білдіріп, алғысын жаудыруда.
– Балалардың жақсы денсаулығының, жан-жақты дамуының кепілі – тиімді және уақытылы тамақтану екені белгілі. «Оқу жылының жаңа тоқсанынан бастап 1-4 сынып оқушылары мектептен ыстық тамақ ішеді» деген жаңалықты естіп қуанып ­отырмыз. Балалар да қуануда. Кейде балалар «Біз де мектептен тамақ ішейікші» дейтін. Бүгінде солардың тілегі қабыл болды. Балаларға көңіл бөліп жатқан мемлекетімізге ризамыз, – дейді ата-ана Қ.Ашурова.

Гүлхан ЯХИЯ
16 қаңтар 2023 ж. 705 0