Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ ӨЗГЕРІСТЕРГЕ ТОЛЫ

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ ӨЗГЕРІСТЕРГЕ ТОЛЫ

Мәселен, биылдан бастап бірінші сыныптар үшін оқу жылының ұзақтығы 35 апта болып белгіленсе, 2-11 сыныптарда 36 аптаға дейін ұзартылды. Осыған байланысты биыл­дан бастап жаңа оқу жылы 31 мамырға дейін жалғаспақ. Сондай-ақ бұдан былай 1-ші сынып оқушыларына тек қазақ тілі оқытылады.
Қызылорда облысының білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетовтің айтуынша, 1-ші сыныптың оқу бағдарламасында «Шетел тілі» мен «Орыс тілі» пәндері оқытылмайды. Мұнан бөлек басқарма басшысының орынбасары «Мектепке жол» республикалық акциясының жүру барысына да тоқталды.
– Облыстағы 295 мемлекеттік және 16 жекеменшік білім беру ұйымдарында 182 мың оқушы білім алады деп күтілуде. Бұл өткен оқу жылымен салыстырғанда бес мың балаға артық. Республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында міндетті оқу қоры есебінен көмекке мұқтаж отбасы ретінде 31 322 бала есепке алынды. Былтырғы жылмен салыстырғанда көмек көрсетілетін бала саны – 1451-ге көбейді. Осыған сәйкес, тиісті санаттан шыққан отбасы балаларына – 37 389 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілмек. Бұл бөлінген қаржы ата-ананың немесе заңды өкілдердің жеке есепшотына ­аударылады. Міндетті оқу қорынан қаржы алмайтын балаларға демеушілер есебінен көмек беру ұйымдастырылуда. Бүгінде қала және ­аудан бойынша екі мыңға жуық балаға бюджеттен тыс қаржының есебінен 18 млн 653 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлер есебінен де аталған санаттағы балаларға тегін мектеп формасы берілуде, – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Б.Қамбозұлы.

Рамазан БЕКТҰРҒАНҰЛЫ
25 тамыз 2022 ж. 303 0