31 мыңнан астам балаға көмек беріледі
Биылғы оқу жылында Қызылорда облысында «Мектепке жол» акциясы аясында 31 мыңнан астам балаға бір реттік әлеуметтік көмек көрсетіледі. Ал әлеуметтік көмек алатын топқа жатпайтын балаларға демеушілер есебінен көмек берілмек. Бұл туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердаулетов хабарлады.
– Көмекті атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және айлық күн көріс көрсеткіші төмен отбасылар алады. Ол үшін ата-аналар құжаттарын білім ұйымдарына ұсынуы керек. Қайырымдылық акциясы тамыз айының 1-нен басталып, қыркүйек айының соңына дейін жалғасатын болады. Қазірдің өзінде ата-аналардан білім-беру ұйымдарына өтініштер келуде, – деді Бағдат Камбозұлы.

Жалпы алғанда облыста биыл 31 мың 312 әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасы тіркеліп отыр. Оның ішінде атаулы көмек алатын отбасылардың саны – 12 мың 748, күн көріс көрсеткіші төмен отбасылар – 15 мың 377, ал жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың саны – 593. Сонымен қатар білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындаған 2594 бала бар. Акция аясында аталған топтағы барлық балаға көмек көрсетіледі деп жоспарлануда. Мұнан бөлек басқарма тарапынан аймақтағы ірі өндірістік компанияларға, шағын және орта бизнес ұйымдарына осы акцияға қатысу туралы өтініш жолданып, атсалысуға шақырылуда.
Ал акцияға қатысқысы келетін ата-аналар мектепке өтініш пен жоғарыда аталған санатқа жататындығы туралы дәлелдейтін құжаттарын тапсыруы тиіс. Әлеуметтік көмек көрсету туралы сұрақтар туындаған жағдайда облыстық білім басқармасының 60-54-81 сенім телефонына хабарласуға болады.
Айта кетейік, «Мектепке жол» акциясы аймақта 15 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы жылдар ішінде облыс бойынша демеушілер есебінен 200 мыңнан астам балаға жалпы сомасы 3,5 млрд теңгеге материалдық көмек көрсетілген. Оның ішінде былтыр Шиелі ауданының өзінде 3 мың 123 балаға 68706 мың теңге қаражатқа мектеп формасы, 17 млн 373 мың теңгеге мектеп құрал-жабдықтары алынған.
Рамазан БЕКТҰРҒАНҰЛЫ