Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ОҚУШЫЛАР ТЕК АНА ТІЛІНДЕ БІЛІМ АЛАДЫ

ОҚУШЫЛАР ТЕК АНА ТІЛІНДЕ БІЛІМ АЛАДЫ

Биылдан бастап бірінші сынып оқушылары тек қазақ тілінде білім алады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі айтты.
– Зерттеулер мен талдаулар жүргізгеннен кейін біз бірінші сынып оқушысына бірден 3 тілді меңгеру қиын екенін көрдік. Бұл – тиімсіз. Біз бұл мәселеге қатысты шешім қабылдадық. Енді қазақ тілінде оқитын мектептерде 1-сынып оқушысы бір ғана тілді, яғни қазақ тілін меңгереді. Біз баланың алдымен өз ана тілінде оқуды және жазуды үйренуі үшін тиісті жұмыс жүргізіп жатырмыз. Екінші сыныпта бағдарламаға орыс тілі, үшінші сыныпта ағылшын тілі қосылады. Орыс тілінде оқитын мектептерде 1-сыныпта орыс тілі мен мемлекеттік тіл, ал 3-сыныптан бастап ағылшын тілі болады, – деді министр Асхат Аймағамбетов.
Бұл шешімді бірқатар депутаттар да қолдап отыр. Олар өзге елдерде балаға ең алдымен ана тілінде сауат аштыратынын айтады.
– Миы әлі қалыптаспаған кішкентай ғана 6-7 жастағы балаға бірден ана тілінен бөлек, орыс, ағылшын тілін оқыту бірде-бір мемлекетте жоқ. Мен әлемнің бүкіл дамыған мемлекеттерінің білім жүйесін қарап көрдім. Соның ішінде екі тілді 1-сыныптан оқытатын екі-ақ ел бар екен. 2-сыныптан оқытатын 4 мемлекет бар, – дейді сенатор Мұрат Бақтиярұлы.
Ал, тілтанушы ғалым Таңат Аяпова:
– Ана тілінің сөйлеу әрекетін 1-2 сыныптың соңында меңгеріп бітеді. Сол кезде бала ана тілінің төл сөйлеу әрекетін біледі. Өз жасының деңгейінде меңгереді деп айта аламыз. Осылайша шет тілін 3-сыныптан бастап енгізген дұрыс, — дейді

Өзге елдерде шет тілі қалай оқытылады?
Түркияда шет тілі 2-сыныптан бастап оқытылады. Оқушылардың француз, араб, неміс, орыс тілі пәнін таңдау мүмкіндігі бар. Бірақ басым бөлігінің таңдауы ағылшын тіліне түседі. Ел азаматының бірінші міндеті – мемлекеттік тілді жетік меңгеру болғандықтан, сабақтардың бәрі түрік тілінде өтеді. Ал, жоғарғы оқу орындарының ағылшын тіліндегі бөліміне түсетіндер арнайы сынақтан өтуге міндетті.
Қытайда 12 жылдық орта білім беру жүйесі қалыптасқан. Оның алғашқы алты жылы бастауыш мектебінде өтеді. Мұндағы шет тілі пәні ретінде ағылшын тілі оқытылады. Айта кетерлігі, Қытай қалалары экономикалық даму қарқынына қарай жіктеледі. Сондықтан Бейжің, Шанхай, Гуанчжоу сынды мегаполистер мен тағы 15 ірі шаһарда ағылшын тілі бірінші сыныптың бағдарламасына енгізілген. Ал, елді мекен мектептерінде оны үшінші сыныптан бастап үйретеді. Жаңа ережеге сәйкес, бағдарламаның алғашқы екі жылында емтихан мен бағалау жүйесі қарастырылмаған. Тілді тереңдетіп оқыту тек үшінші жылдан ғана басталады. Аралық бақылаудан бөлек, тест түріндегі емтихан жарты жылда бір рет өткізіледі.
Француз балалары мектеп табалдырығын аттай сала, шет тілін үйренуге кіріседі. Жалпы Франция­да өзге тілдерді меңгеруге баса мән берілген. Бүгінде мектеп оқушыларының 90 проценті ағылшын тілін оқиды. 90 жылдардың аяғына дейінгі бағдарламада оған жай ғана кіріспе жасалатын. Бүгінде бастауыш сыныптарда ағылшын тілін аптасына 1,5 сағат оқытылады
Әрине алты жастағы бала үш тілді де меңгере алады. Бірақ оған ауыр қиын екені маңызды. Министрліктің бастамасы баланың ең алдымен ана тілінде жазып, оқып үйренуіне бағытталған. Мысалы, қазақ тілінде оқытатын мектептің бірінші сыныбында сабақ тек қазақ тілінде өтеді. Екінші сыныпта орыс тілі, үшінші сыныпта ағылшын тілі қосылады. Ал, орыс тілінде оқытатын мектептерге келсек, бірінші сыныпта орыс және мемлекеттік тіл, 3-сыныптан бастап ағылшын тілі қосылатын болды.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ

02 тамыз 2022 ж. 953 0