Ағылшын тілі – ғылым тілі

Жер бетінде сан мыңдаған тіл бар. Олардың әрқайсысы өзінше қызмет атқарады. Бірақ, соның ішінде танымалдыққа ие, халықаралық тіл болып саналатын – ағылшын тілі. Ағылшын тілін бүгінде дүниежүзі меңгерген десек қате емес. Тіпті, Елбасы Н.Назарбаевтың өзі Жолдауларында «Қазақстан бүкіл әлемде үш тілді пайдаланып жоғары білімді ел ретінде танылуы тиіс. Бұлар қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі, ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі» дейді. Ағылшын тілі – жаһандық тіл. Осы ретте ағылшын тілінің мамандарының алар орны ерекше. Олар болашақ ағылшын тілін меңгерушілерді дайындап, тіл үйретуде маңызды рөл атқарады. Қазіргі қоғамның өзін ағылшын тілінсіз елестету мүмкін емес. Әлгінде Елбасы айтып өткендей, жаһандық экономикаға кірігіп, бәсекеге қабілетті болу үшін қалай да болсын шет тілін меңгеру маңызды. Ол үшін қазір мүмкіндік жоқ деп айта алмаймыз. Оқу орталықтары қалада ғана емес, аудан орталығында да көп кездеседі. Тіпті, болмағанда, мектеп мұғалімдерінің ағылшын тілін білу деңгейі жоғары дәрежеде. Шет тілін білу сән емес, заман талабы екені белгілі. Туған тілді жетік меңгеру, қастерлей білу әрине, бірінші орында. Бірақ, бір тілмен шектеліп қалуға болмайды. Бұл жастардың болашағының ғана емес, тұтастай ұлттың болашағының жарқын болуының кепілі. Ағылшын тілі – байланыс тілі. Ағылшын тілі қазіргі заман талабына сай, кең ауқымда қолданылатын тіл. Жаһандық экономикадағы тіл десек, кем түспес едік. Қазіргі таңда, ағылшын тілі сөзсіз ғылым тілі ретінде қолданыста. Жалпыға бірдей әмбебап ғылым тілін қабылдау ғылыми қарым-қатынасқа керемет әсер етті: Енді бүкіл әлемнің ғалымдары бір тілді үйрену арқылы ауқымды ғылыми әдебиеттерге қол жеткізуге және әлемнің кез-келген жеріндегі басқа ғалымдармен қарым-қатынас жасауға мүмкіндік алып отыр.
Еліміздің ертеңі – жастардың қолында. Осы орайда, жастардың жан-жақты болып, тіл меңгергені кезек күттірмейтін іс. Егер жастарымыз ағылшын тілін меңгеріп, әлемдік бәсекеге қабілетті болса, Қазақстан қай салада болсын алдыңғы қатарға шығып, топ жаратыны белгілі.
Ақбота ЖҰМАБАЙ