Жалпыға бірдей емес тегін тамақ
– Мама, маған ақша беріңізші.
– Оны не істейсің?
– Үзіліс кезінде коржик, йогурт алып жеймін.
– Жаңа ғана үйден тамақ іштің емес пе?
– Қойыңызшы. Барлығы асханаға барғанда мен өзім қалып қоямын.
Міне, осы сынды диалог мектепте оқитын баласы бар үйдің барлығына таныс шығар? Сөмкесін асынып мектепке шыққан баланың қалтасы бүгінде бос болмайды. Ата-анасы «Өзгеден кем болмасын» деген оймен баласының қолына 300-500 теңге көлемінде ақша ұстатады.
Бұрындары білім ошақтары бастауыш сынып оқушыларына түгелдей бір мезгіл ыстық тамақ бергені барлығымызға белгілі. Бірақ бұл жүйе 2015 жылдан бері тоқтатылды. Бұл туралы Тұңғыш Президент те, сол кездегі білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов те айтқан болатын. Елбасының 2015 жылдың 11 ақпанында өткен кеңейтілген отырысында «Қазақстандықтар мектеп оқитын балаларына айран мен тоқашты өздері әперуі тиіс» дегені жұртшылықтың жадынан жоғала қойған жоқ. Міне, осы сәттен бастап әлеуметтік жағдайы нашар кейбір отбасылардың, атап айтқанда мемлекет тарапынан әлеуметтік көмекке зәру және көпбалалы отбасылар, сондай-ақ жетімдер мен ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар ғана мектеп асханасынан тегін тамақтануға құқылы болды. Бұл жөнінде «Білім» туралы заңның 6-бабы мен 11 тармақшасында да көрсетілген еді. Сол сәтте білім беру саласындағы осы өзгеріс оқушылар мен олардың ата-анасына айтарлықтай қуаныш сыйламады. Өзгеріс енгізілгелі табандай төрт жыл өтсе де, бұл жүйенің жұмысына көңілі толмайтын ата-аналар әлі де бар. Өйткені, бұғанасы қатпаған балаға әлеуметтік жағдайына байланысты тамақ беру арадағы теңсіздікті тудырады. Сондай-ақ ойын балаларының бір-біріне қырын қарап, кекетуі де ғажап емес.
Жалпы ауданда 41 мектеп бар десек, оның 33 мектебінде ыстық тамақ беріледі. Аудандық білім беру бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, өңірде 4756 бала мектептің асханасынан ауқаттанады. Олар мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардың балалары, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардың балалары және жетім балалар. Байқағанымыздай, ауданда да ешқандай жағдайына қарамастан тегін тамақтанатын оқушы жоқ. Осы орайда біз №47 М.Ломоносов атындағы орта мектептің әлеуметтік педагогы Ботагөз Раушанбековамен пікірлескен едік. Осы мектепте 1030 оқушы білім алады. Соның ішінде 220 оқушы тегін тамақпен қамтылады. Тағам екі ауысым бойынша оқушыларға ұсынылады екен. Ал қалған оқушылардың кімнің есебінен ас ішетінін оқырман өзі бағамдап отырған болар. Осы тұста біз оқырман ойын да білуге тырыстық. Алайда, екі баланың анасы наразылығын ашық айтуға батпай, есімінің жасырын болғанын қалады.
– Менің екі балам да мектепте оқиды. Бірі – 4 сыныпта, екіншісі – 7 сыныпта. Енді ойлай беріңіз, аптасына 5 күн сабаққа барғанда, қолдарына 200 теңгеден беріп жіберемін. Екеуіне 400 теңге. Демек біздің үйден апта сайын 2000 теңге шығып отырады. Бұл жерде мен балаларымнан ақшаны қызғанып отырғаным жоқ. Тек бастауыш сыныпта оқитын балам ыстық тағаммен қамтылса деймін. Ол бала ғой. Қарны тез ашады, зиянды нәрселер жеуге болмайды. Ал асханадан тамақ ішсе, бір жағынан денсаулығына пайдалы, екінші жағынан ақшаға да үнем болатын еді, – дейді ағынан жарылып.
Осыған байланысты биыл аудандық білім беру бөлімі «Жол картасы» бағдарламасы бойынша облысқа ұсыныс тастаған көрінеді. Ол ұсыныста бастауыш сыныпта оқитын оқушыларды түгелдей тегін тамақпен қамту жайлы айтылған. Алайда, қаржы жетіспеушілігіне байланысты ол ұсыныс қабылданбайтын болыпты. «Жомарттың қолын жоқ байлайды» демекші, бұл орайда көпшіліктің қолынан келетін қайран жоқ. Бірақ әр мектеп директорлары кәсіпкер немесе туған жерден түлеп ұшқан тұлғамен мәмілеге келіп, оқушыларды түгел тамақпен қамтамасыз етуін қолға алса қалай болар екен? Мүмкін сол сәтте ата-ана мен білім алушының базынасы бір арнаға түсер.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА