Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Оқушыларға ыстық тамақ беріле ме?

Оқушыларға ыстық тамақ беріле ме?

Бала денсаулығының негізгі көрсеткіші – дұрыс тамақтану. Соның ішінде мектеп оқушыларының сабақ кезінде сапалы, әрі уақытылы тамақтануының маңызы зор. Бұрындары білім ошақтары бастауыш сынып оқушыларына түгелдей бір мезгіл ыстық тамақ бергені барлығымызға белгілі. Бірақ бұл жүйе 2015 жылдан бері тоқтатылды.
Бұл туралы Тұңғыш Президент те, сол кездегі білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов те айтқан болатын. Елбасының 2015 жылдың 11 ақпанында өткен кеңейтілген отырысында «Қазақстандықтар мектеп оқитын балаларына айран мен тоқашты өздері әперуі тиіс» дегені жұртшылықтың жадынан жоғала қойған жоқ. Міне, осы сәттен бастап әлеуметтік жағдайы нашар кейбір отбасылардың, атап айтқанда мемлекет тарапынан әлеуметтік көмекке зәру және көпбалалы отбасылар, сондай-ақ жетімдер мен ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар ғана мектеп асханасынан тегін тамақтануға құқылы болды. Бұл жөнінде «Білім» туралы заңның 6-бабы 11 тармақшасында да көрсетілген еді.
Жалпы ауданда 41 білім ошағы бар. Аудандық білім беру бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, өткен жылы оның 33 мектебінде ыстық тамақ берілді. Тегін ыстық тамақпен өңірде 4756 бала мектептің асханасынан ауқаттанды. Олар мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардың балалары, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардың балалары және жетім балалар. Ал биылғы жылдың қалай басталғаны сіз бен бізге мәлім. Жыл соңында Қытай елінен шықан жұқпалы індет әлемді әп-сәтте құрықтап алған еді. Оқушылар мектепке бармақ түгілі, жан біткенді төрт қабырғаға қамаған пандемия елдегі ахуалды өзгертіп жіберді. Адам баласын аямаған індет қаншама тағдырды қиып кетті. Жә, айтпағымыз ол емес, әрине. Дегенмен карантиндік режим, оқушылардың қашықтан сабақ алуына байланысты мектептерде ыстық тамақ беру тоқтады. Себебі оқушылар білім ордасына барған жоқ. Сондықтан жыл соңында үнемделген қаржы қайта үкіметке қайтарылды дейді білім бөлімінің мамандары. Ал 2020-2021 оқу жылы әлі толық дәстүрлі білім алу үрдісіне көшкен жоқ. Жаңа оқу жылына қаржы қарамауының себебі де осы. Алдағы уақытта жағдай тұрақталса бұл мәселе шешімін тауып, қаржы бөлінуі де мүмкін екенін тілге тиек етті.
Иә, «бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей биылғы оқу жылы да жылдағыдан бөлек. Мектеп табалдырығын аттауды армандаған балалар үшін екінші тоқсан жаңалығымен келді. Яғни екінші тоқсанда ауданда 24 мектепте 1 және 5 сынып аралығында 393 кезекші сынып құрылып, оларда 6083 бала мектепке баруда. Ал бала саны 300-ге жетпейтін 16 мектепте 2089 оқушы дәстүрлі білім алып жатыр. Олай болса карантиннің құрсауынан босап, білімнің қара шаңырағына қайта бас сұққан оқушылардың ыстық тамақпен қамтылуын қайта қарап, мәселенің оң шешімін табудың жолын қарастырған да жөн шығар, сірә...

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
23 қараша 2020 ж. 865 0