Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала дұрыс тамақтанбаса...

Бала дұрыс тамақтанбаса...

Бала – болашақтың бастауы. Сол себепті олардың денсаулығы, қауіпсіздігі, қатардан қалмай білім алуы – ата-аналар үшін ғана емес, қоғам үшін де маңызды болып саналады. Мектеп оқушыларына түсетін ақпараттық, психикалық-эмоциялық және ақыл-ой жүктемесінің күн санап артуы олардың уақытылы әрі дұрыс тамақтануын қажет етеді. Соған сай олар білім нәрімен сусындайтын мектептегі асханалар да талапқа сай болуы шарт. Баршамызға мәлім, мектеп асханаларына қатысты даулы мәселелер бүгінде күн тәртібінен түспей келеді.

Ең алдымен балалар мен жасөспірімдердің дұрыс және пайдалы тамақтануында фаст-фуд, газды сусын, кофеиннің көп мөлшері, консерванттар, бояғыштары бар тағамның болмауы өте өзекті. Дейтұрғанмен еліміздегі кейбір білім ошақтарындағы ас мәзірінде бала денсаулығына зиянды өнімдер кезігіп жатады. Мамандардың мәлімдеуінше, қазіргі күні мектеп жасындағы балалар арасында эндокриндік жүйе бұзылыстарынан туындаған аурулар жиілеп тұр. Жоғарыда айтқандай, бүгінгідей жаһандану дәуірінде мектеп оқушыларына қай жағынан болсын артылатын жүк ауыр. Сол себепті олар білім ошағында денсаулыққа пайдалы, құнарлы тамақтануы керек. Әсіресе, олар тұтынатын тағамның құрамында ақуыз, витамин мен микроэлементтер жеткілікті мөлшерде болуы тиіс. Сол кезде балаға мектеп бағдарламаларын меңгеру айтарлықтай жеңілге түсіп, дұрыс тамақтану оның дене бітімі мен ақыл-ойының дамуына қажетті жағдай жасайды. Яғни мектепте толыққанды тамақтануды ұйымдастыру өскелең ұрпақ денсаулығының негізін қалайтын міндетті миссия десек қате айтқандық емес.
Білім бөлімі мамандарының айтуынша, ауданның мектеп асханаларында айтарлықтай кемшіліктер кездеспейді. Бәрі санитарлық талапқа сай. Мектеп асханаларында ас әзірлеуге қажетті негізгі құжаттардың бірі – ас мәзірі де көңіл толарлық. Оған әртүрлі витаминге толы тағам түрлері енгізілген. Және ол тағамдар қайталанбас үшін 4 апталық ас мәзірінің кестесін алдын ала жасап қояды. Осы жылы аудандық білім бөліміне қарасты мектептердегі тұрмысы төмен отбасынан шыққан оқушыларды ыстық және құрғақ тамақпен қамтамасыз ету туралы анықтаманы толықтай қарап шықтық. Анықтама бойынша бүгінгі күні білім бөліміне қарасты 33 мектептің оқушылары ыстық тамақпен, 4 мектептің оқушылары құрғақ тамақпен қамтамасыз етілуде. Тарқатсақ, тұрмысы төмен отбасынан шыққан 4529 оқушы ыстық тамақпен қамтылып отыр. Оған мемлекеттен 355 млн 429 мың теңге бөлінген. Мәселен, бір балаға берілетін ас мәзірінің құны – 467 теңге. Ал 227 оқушыны құрғақ тамақпен қамтып, тиісінше 10 млн 30 мың теңге бөлінген екен. Бірақ кей мектептердегі тамақтың бағасы қалай есептесең де, белгіленген сомаға жетпейді. Статистикалық деректерді сөйлетсек, еліміз бойынша соңғы 7 жыл ішінде мектеп оқушыларының 22 проценті түрлі ауруға шалдыққан. Оқушылардың 50 проценті ішек жолдарының кеселімен, 69 проценті қан аздықпен ауырады екен. Мұндай ауру түрлерінің көбеюі мектеп асханаларындағы ахуалмен байланысты болуы әбден мүмкін. Осы мәселеге қатысты жыл сайын Білім министрлігі мектептердегі тамақтануға қатысты мәселелерді шешу үшін әрекет еткендігін көз көріп, құлақ естіп жүр. Алайда, бұл мектеп оқушылары арасындағы сырқатты азайтып, асхана жағдайын біржола реттеп тастады деген сөз емес. Білетініміздей, Қазақстандағы мектеп асханалары түрлі кәсіп иелерінің құзырында. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, әрине. Дегенмен балалардың дұрыс тамақтануынан бұрын мол пайдаға кенелуді ойлайтын жандар да бар. Осындай кәсіпкерлердің салғырттығынан, мектеп асханасындағы тағамның дәмсіз әрі құнарсыз болуынан оқушылардың арасында асханадан тыс жерде тамақтанғанды жөн санайтындар да кездеседі. Қалай десек те, ауру астан келмесін десек, оқушылардың тамағына жауапкершілікпен қараған жөн.

Сұлушаш МАДИЯРОВА

17 наурыз 2020 ж. 528 0