Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордалық оқушылардың денсаулығы жақсаратын болады

Қызылордалық оқушылардың денсаулығы жақсаратын болады


Қызылорда облысының мектеп асханаларында жаңа оқу жылынан бастап ас мәзірі Ұлттық тағамтану академиясының нұсқауы негізінде дайындалады. Тамақтану сапасы артқан сайын оның құны да өсіп отыр. Бұдан бөлек аймақта мектеп асханаларын талапқа сай жабдықтау және оқушылардың дұрыс тамақтануы бойынша бірқатар жоба қолға алынған. Қызылорда облысындағы 273 мектепте 164 мыңдай бала білім алады. Олардың 25 мыңнан астамы отбасы жағдайына байланысты бір реттік ыстық тамақпен қамтылып отыр. Дегенмен оқушыларға тиесілі тағамның құнарын арттырып, сапасын дұрыстау мәселесі де күн тәртібінен түспей келеді. Бір қуантарлығы, биылдан бастап ас мәзіріне өзгеріс енеді. Шолпан Жүнісова, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:
- Яғни айырмашылығы қандай? Бұрын тамақтану мәзірі 2 аптаға бекітілетін болса, енді 4 аптаға бекітілетін болады. 4 апта – 1 айдың ішінде әр күннің тамағы әртүрлі болып, соның ішінде қажетті балаға минералды витаминдік комплекстарының бәрі енгізіледі және ол бала бойына сіңеді деп үміттенеміз. Қызылордалық оқушылардың не ішіп, не жеп жүргенін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да зерттеп көріпті. Көбі тез дайындалатын фасфудтарға үйір екен. Бала ағзасының қалыптасуы кезінде дұрыс тамақтанбау – түрлі созылмалы ауруларды тудыратыны белгілі.
Жанат Қалмақова, облыстық жастар денсаулығы орталығының директоры:
- Жоғары сынып оқушылары мен студенттерДің көбі қазір таңғы ас ішпейді. Ал 80 %-і түстік асқа газдалған сусын мен тез дайындалатын, майлылығы жоғары тағамдар тұтынады екен. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында бұл мәселені шЕшу үшін, арнайы жоба қолға алынды. Бұл өзгерісті біздің аймаққа да енгізу керек. Мәселені шешу үшін өңірде «Оқушылардың дұрыс тамақтануы мен дене белсенділігін арттыру» бағдарламасы тәжірибе негізінде енгізілмек. Диетология технологияларын ұтымды пайдалану арқылы 3 жылда Сыр өңірі оқушыларының денсаулығын 37-ден 43 процентке дейін жақсартуға болады,-дейді мамандар. Марат Баелев, оқушылардың пайдалы тамақтану саясатын енгізу комитетінің төрағасы: - Әлемнің дамыған елдерінде мектепте дұрыс тамақтану мен оқушылардың денсаулығы ұлттық қауіпсіздік басымдықтарына жатқызылған. Озық елдің қатарына қосылу үшін де болашақ жас ұрпақтың денсаулығы мықты болуы тиіс. Ал олардың ағзасы мектеп жасында түбегейлі қалыптасады.
Балалардың дұрыс тамақтануы бағдарламасының қаншалықты маңызы екенін осы көрсеткіштер арқылы бағамдауға болады. Бүгінде кейбір мектеп асханаларының жағдайы сын көтермейтіні белгілі. Оларды талапқа сай жабдықтау үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында кәсіпкерлермен бірлескен жобалар іске асырылмақ. Келесі жылы 41 асхананы кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен жаңалап, жабдықтайды. Ал оларға тамақтанумен қамтыған бала санына орай мемлекеттік тапсырыс берілмек. Айтулы жоба сынақтан сүрінбей өтіп, оң нәтиже берсе бұл жаңашылдық облыстың барлық мектептеріне енгізіледі.

24.kz
31 тамыз 2019 ж. 700 0