Сәтті өткен сынақ

Облыс бойынша 6 мыңдай мектеп бітірушінің 2056-сы ҰБТ-ға қатысты. Тест Қызылорда қаласы мен Қазалы, Жаңақорған аудандарында орналасқан арнайы пунктерде өткізілді. Шиелі ауданы бойынша Жаңақорған кентінде 223 оқушы, Қызылорда қаласында 5 оқушы сынақтан өткен. Яғни, аудандағы 592 бітірушінің 40 процентке жуығы сынаққа қатысты. Аудандық тестілеу орталығының директоры Ш.Үркімбаевтың мәліметінше, оқушылардың жинаған ең жоғары балы – 112, ең төменгісі – 29 балл болды. 50-ден төмен ұпайды 47 оқушы алса, 100-ден жоғары балды 10 оқушы жинаған.
Бұл тестілеу түлектерге негізгі тестілеу алдында өз білімдерін тексеріп көрудің таптырмас жолы. Яғни, түлек осы тестілеуден кейін жаз айында негізгі ҰБТ-ға қатысып, балл саны жеткен жағдайда мемлекеттік грантқа үміткер болады. Ал, қаңтар айындағы тестілеу кезінде шекті балл жинаған талапкер осы кезде берілетін сертификатпен университетте тек ақылы негізде оқи алады. Одан бөлек, былтырғы жылғы тестілеуден сүрініп, ақылы бөлімге шартты қабылданғандар да алғашқы ҰБТ-ға қатысты. Олардың шектік ұпай жинай алмағандары оқудан шеттетіледі. Еске сала кетейік, өткен жылы ұлттық бірыңғай тестілеуде 15 мыңға жуық түлек қажетті ұпайларын жинай алмаған екен. Бұл жолғы ақылы тестілеу құны – 2 242 теңгені құрайды.
Осылайша, биыл қазақстандық оқушылардың үміті артты. Олай дейтініміз, алғашқы сынақтан сүрінген бозбала мен бойжеткеннің енді сағы сынбайды. Бекітілген жаңа талаптарға сай шекті балл жинай алмағандар наурызда қайтадан тест тапсыруға мүмкіндік алды.
Гүлхан ЯХИЯЕВА.