2019 жылдан бастап ҰБТ жылына 4 рет өткізіледі
Жоғарғы оқу орындарының ақылы бөліміне оқуға түсуі үшін талапкерге жылына 4 рет өткізілетін ҰБТ-ның кез-келгеніне қатысып, шекті балл жинауы жеткілікті, - деп хабарлайды ҚР Білім және ғылым министрлігі. - 2019 жылғы ҰБТ форматы еш өзгеріссіз қалатындығын атап өткен жөн. Оқуға түсуші дәстүрлі түрде 3 міндетті пән (Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы) және 2 бейіндік пән бойынша тестілеуден өтеді. Биылғы жылдан бастап ҰБТ жылына 4 рет өткізілетін болады – қаңтар, наурыз, маусым, тамыз айлары, - делінген ресми хабарламада. Қаңтар, наурыз, тамыз айларында өтетін тестілеуді тапсыру арқылы оқуға түсуші ЖОО-ның тек ақылы бөліміне түсуге мүмкіндік алады. Ал мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау бойынша өтетін конкурсқа қатысу үшін міндетті түрде маусым айында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу қажет. ЖОО-ның ақылы бөліміне оқуға түсуі үшін талапкерге жылына 4 рет өткізілетін ҰБТ-ның кез-келгеніне қатысып, шекті балл жинауы жеткілікті. Қаңтар, наурыз айларында өтетін тестілеуді талапкер ҰБТ өткізілетін өзіне ыңғайлы кез-келген пунктіде тапсыра алады. Тек тестілеуге қатысу үшін ҰБТ өткізу пунктіне көрсетілген мерзімде өтініш беру қажет. Айта кетейік, 2018 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуге 98 698 түлек қатысып, оның 14,6 мыңнан астамы жоғары оқу орынға түсу үшін қажетті ұпайды жинай алмады. Дегенмен орташа бал өткен жылғымен салыстырғанда жоғары болды. Сондай-ақ биыл түлектер алғаш рет ағылшын тілінде де тест тапсыруға мүмкіндік алды.
Massaget.kz