Жастар назардан тыс қалмайды
Өткен жұма күні Бидайкөл ауылдық мәдениет үйінде жастар ісі жөніндегі кеңестің көшпелі отырысы өтті. Кеңес отырысына Шиелі ауданы әкімі Әшім Оразбекұлы және кеңес мүшелері, дербес бөлім, мекеме басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері мен жастар қатысты.
Кеңесте сөз алған жергілікті полиция қызметінің кәмелетке толмаған істер жөніндегі аға инспекторы Абай Мадиев мектеп жасындағы балалардың зиянды әдетке әуестенуінің соңы құқық бұзушылыққа апаратынын айтты. Сонымен қатар, жастар арасындағы қылмысты азайту үшін аудандағы ойын-сауық орындары мен кафе, ресторандардың жұмыс уақытын қысқарту керектігі туралы ой тастады. Ал, бас дәрігер Жақсылық Абдусаметов жастар арасында суицидтік, мінез-құлықтың профилактикасы, наркомания, алкологизм және т.б. зиянды әдеттер мен тәуелділіктерге қарсы күрес, оның алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Ж.Абдусаметовтың мәлімдемесінен түйгеніміз. Жасөспірімдердің өз өмірлерін қиюына мына жағдай себеп болады екен. Әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы, ата-ана мен баланың арасындағы байланыстың дұрыс болмауы, психикалық ауруға шалдыққандар және күйзеліске ұшырағандар. Иә, аты жаман аурудың ауданда өршіп, белең алып жатқаны кімді де болсын ойландырары хақ. Бұл ретте, тек жергілікті басшылыққа ғана арқа сүйеп қарап қалмай, ел, халық болып аяқ асты болатын індетті ауыздықтауымыз қажет.
Жиын соңында келер жылдың міндеттері мен жылдық жоспардан туындайтын мәселелер жөнінде аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жібек Баймұратова сөз қозғап, атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарды тізбектеп берді. Ал, аудан әкімі Әшім Оразбекұлы қолда бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, бір де бір жасты назардан тыс қалдырмайтынын айтты. Соған сәйкес жауапты сала басшылар тапсырмаларды мерзімінде орындап, қажетті құжаттарды тиісті мекемеге дер уақытында өткізуді тапсырды.
«Өскен өңір» ақпарат.