Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел болашағы жастар

Ел болашағы жастар



Өткен аптада аудан әкімдігінің мәжіліс залында жастар істері жөніндегі кеңес отырысы өтті. Кеңес отырысын аудан әкімі, кеңес төрағасы Ә.Оразбекұлы жүргізді. Онда күн тәртібіндегі 6 мәселе бойынша баяндама тыңдалды.
Ауданда жас кәсіпкерлерді қолдау және мемлекеттік бағдарламалар аясында жастар кәсіпкерлігін дамыту, жастар арасындағы қылмыстылықтың, жол-көлік оқиғаларының алдын-алу бағытында және қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету жөнінде атқарылған жұмыстар, қоғамда өзекті NEET санатындағы, мүмкіндігі шектеулі, жазасын өтеп келген жастарды қоғамға бейімдеу, оларды жұмыспен қамту мәселесі, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында жастардың қатысуымен мәдениет, өнер саласында атқарылып жатқан жұмыстар, сондай-ақ, жастардың өз-өзіне қол жұмсауы, жұқпалы аурулар мен зиянды әдеттер жайында және аудандағы мемлекеттік жас­тар саясаты мен оларға арналған мемлекеттік бағдарламалардың орындалу жайында тиісті бөлімдер тарапынан хабарламалар жасалды.
Шиелі аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі басшысының міндетін атқарушы А.Ерназаров жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту бағыты бойынша «Бастау бизнес» жобасы арқылы 367 адам тіркелсе, оның 107 жастар екенін жеткізді. Ал, аудан әкімі Ә.Оразбекұлының «ІТ-технология, цифрлы жүйе, балама энергия көздерін өндіру бағытында жас кәсіпкерлер тарапынан жоба ұсынылды ма? Әлде, жас кәсіпкерлер жобасы тек егін, мал шаруашылығына ғана бағытталған ба? – деген сауалына мардымды жауап берілмеді. Яғни, жаһандық бәсекеге қабілетті, сәт сайын дамып жатқан құдіретті технология­ны игеруге шиелілік жастарда әлі де қызығушылықтың жоқтығы байқалды.
Одан әрі, аудандық жергілікті полиция қызметінің бастығы Д.Төлеуов түнгі беймезгіл уақытта ойын-сауық маңын торып жүрген 134 жасқа хаттама толтырылып, ата-анасына ескерту берілгенін баяндады. Алдағы уақытта, хаттама толтырылған жастардың әрекеті екінші рет қайталанған жағдайда олардың ата-аналарына айыппұл салынатынын да ескеріп өтті. Кеңес отырысында тыңдалған тағы бір баяндамада «Амбулаториялық-емханалық қызметі бар Шиелі аудандық орталық ауруханасы» МКҚК бас директоры Я.Шорабаев: «Облыс бойынша суицидтен алдыңғы орынға шығып тұрмыз. 5 ай ішінде 5 оқиға тіркелді. Отбасындағы кикілжіңге байланысты 2 әйел өз-өзіне қол жұмсаса, қалған 3 адам әлеуметтік мәселеге байланысты өміріне қолдан балта шауып, көз жұмған. Ал, «Юнисеф» бағдарламасы бойынша аудан көлеміндегі барлық 8-сынып оқушыларына жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша 33 оқушының суицидке бейімі бары анықталып отыр» – дейді. Үрей туғызар бұл көрсеткіш мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен психолог мамандардың қажетті деңгейде жұмыс жасай алмағандығының көрініс емес пе?
Кеңес отырысында бұдан бөлек бірқатар мәселелер де қозғалды.
Атап айтқанда, түнгі уақытта яғни, 24.00-ден кейін сауда орындары, дүкендер мен кафелердің қызметіне тоқтау болу қажеттігі ұсынылды. Жастар мен жұмыс жасауды жетілдіру, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер әлеуетін тиімді пайдалану, бөлімдер мен ҮЕҰ-дар әлеуметтік жоба аясында ғана әрекет етпей, өз бас­тамаларымен, қаражат қажет етпейтін жобалармен жұмыстар жасауды ұйымдастыруды, жастармен кездесулер мен өткізілетін басқа да шаралардың форматын өзгерту, қазіргі заманға бейімдеу, ақпараттық түсіндірме топтарының құрамына, сапасына мән беру секілді мәселелер қозғалды. Жастар жайы назардан тыс қалмайтыны айтылып, хаттамалық тапсырмаларға сәйкес, дербес бөлімдерге, кент және ауылдық округ әкімдеріне тиісті міндеттемелер жүктелді.


Г.ДҮЙСЕБАЙ.
23 мамыр 2018 ж. 1 712 0