Бәрі де жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен елдің тыныштығы үшін
Мектеп оқушыларының, жазғы демалысы бітіп, білім күнінің басталғанына да көп болған жоқ. Бірі лагерлерде, екіншілері ауылдағы ата-әжелеріне барып демалған балалар мұғалімдер қарауына өтіп, сабақтың қызығына түсіп кеткен. Дегенмен, баланың аты бала. Ойнағысы келеді, күлгісі келеді, өзін еркін сезінгісі келеді. Алып-ұшқан көңілі кейде ата-анасын да, ұстаздарын да тыңдағылары келмей, «менде не жұмыстарың бар?» деген кейіп танытатын еркінсулер де кездесіп жатады.
«Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы ювеналдық полиция қызметкерлерінің күнделікті жұмыс көрінісі болып табылады. Мақсатымыз – әлеуметтік себептер бойынша оқушылардың мектепке бармау фактілерін уақтылы анықтау және тұрмыстағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу. Біздің №47 М.Ломоносов атындағы мектеп-лицейінде 879 оқушы жаңа оқу жылына сабаққа келіп, мектеп табалдырығын аттады. Олардың 355 ұл, 434 қыз балалар. Мектеп инспекторлары ұстаздарымен, оқушылардың әке-шешелерімен бала тәрбиесінде қоян-қолтық жұмыстар жүргіземіз. Сондағы көздейтініміз – балалардың қауіпсіздігі. Бір нәрсеге ұрынып қалмаса екен, кездейсоқ оқиғаларға, жол апатына ұшырап жүрмесе екен, жаман жолдарға түсіп, арақ-шарапқа, темекі шегуге, есірткі иіскеуге жол бермеудің жолдарын қарастырып, олардың алдын аламыз. Кей ата-аналар жасөспірімдерге шара көру барысында полицейлерге реніш білдіріп қалады. Рейдтік іс-шаралар, түн мезгіліндегі бақылаулар кезінде кәмелетке толмағандар түгілі ересектердің өзі сағат 23:00-ден кейін ата-аналары немесе жақындарынсыз көшеде жүруіне болмайтындығынан осы кезге дейін бейхабар екендігін көрсетеді.
Заң бойынша кәмелетке толмағандардың түнгі сағат 23:00-ден соң заңды өкілдерінсіз көшеде жүруіне тыйым салынған.Сондықтан, түн мезгілінде тәртіп бұзған оқушыларға хаттама толтырылады. Іс-әрекеттеріне орай олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Түнде серуендеуге жандары құмар жасөспірімдер кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жіберіледі.
Балалардың түнде үйден тыс жүруіне ата-ана жауапты. Заң бұзған жасөспірімдерге көшелерде, қоғамдық орындарда (мейрамхана, түнгі клуб, кафе т.б), ойын-сауық орталықтарында тәртіп сақшылары ескерту жасап, тәртіпке шақырады. Оған атсалысу – баршамыздың міндетіміз. Балалар – Отанымыздың болашағы. Біз олармен күнделікті, мектеп қабырғасында жыл бойы тәртіпке шақырып, тәрбие жұмыстарын жүргіземіз. Бәрі де – қоғамның тыныштығы үшін.
Дарын Әзімхан,
АІІБ-нің ЖПҚ-нің КТІЖ УПИ-ры,
полиция аға лейтенанты.