Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТЕГІН ТАМАҚ САПАСЫ ТЕКСЕРІЛЕДІ МЕ?

ТЕГІН ТАМАҚ САПАСЫ ТЕКСЕРІЛЕДІ МЕ?

Осыдан бірнеше жыл бұрын облыстағы бастауыш сынып оқушыларының барлығы бірдей тегін ыстық тамақпен қамтыла бастады. Бұған дейін ата-аналар балаларының мектеп асханасында түскі ас ішуі үшін апта сайын ақша берсе, енді оның ақысын мемлекет төлейтін болды. Бұл мақсатқа бастапқыда бір балаға 315 теңге бөлінген еді. Жаңа оқу жылынан бастап 450 теңгеге дейін көтерілді.
Жалпы мектептердегі ыстық тамақты ұйымдастыру – кезек күттірмей шешілуге тиіс. Себебі еліміздегі әрбір бесінші оқушы анемияға (қан аздық) шалдыққан, әр алтыншы оқушының көру қабілеті нашар. Гастрит, асқазан жарасымен ауыратын балалардың саны да күрт өсіп отыр.
Балалар уақытының басым бөлігін мектепте өткізеді. Негізгі сабақтармен қатар қосымша сабақтарға қалып, мұғалімнің үйреткенін «қағып» алуға тырысады. Бірақ қарны «шұрылдап» отыратын баланың барлық ойы сабақта бола қоймас. Асхана жаққа бір қарап, ата-анасы берген ақшаға бір қарап коятыны анық. Жасыратыны жоқ, бүгін елдегі мектеп асханаларында орта және жоғары буын оқушылары үшін сатылатын тағамдардың бағасы қалтаны қақпай қоймайды. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов жағдайды реттеу үшін мектептегі тамақтану ережелеріне өзгерістер енгізілетінін хабарлаған болатын.
– Бұған дейін мектеп асханаларындағы өнімдердің қымбаттығына байланысты проблемалар туралы жазған болатынмын. Буфет өнімдерінің бағасы көрші дүкенге қарағанда екі есе қымбат болатын жағдайлар да кездеседі. Біз мамандардың қатысуымен жұмыс тобын құрып, қажетті түзетулерді әзірледік. Енді қызметтерді жеткізушілермен азық-түлікпен қамтамасыз ету туралы жаңа шарттар жасалғаннан кейін мектеп асханаларындағы бағалар, оның ішінде буфет өнімдері, сусындар және өзге де өнімдер қызмет көрсетушілердің қалауы бойынша емес, орташа нарықтық бағаларды ескере отыра қалыптастырылады. Мемлекеттік сатып алу порталындағы деректер базасы мен статистика органдарының ақпараты негізге алынады. Нәтижесінде асханаларда бағаның көтерілуіне жол берілмейді. Сонымен қатар, енді жеткізушілер тендерді ұйымдастырушының конкурс құжаттамасында көр- сеткен ас мәзірі мен бағаларға сәйкес қатаң жұмыс істейді. Бұл тыйым салынған өнімдерді өндіру және өткізу тәуекелдерін жою, оған қоса буфет өнімдерінің бағасын белгілеу үшін қажет, – дейді А.Аймағамбетов. Бұл ережелер келесі жылдан бастап қызмет көрсетушілермен жаңа келісім-шарттар жасалғаннан кейін қолданысқа енгізіледі. Оған дейін орта және жоғары буын оқушыларының ата-аналарына бала-ларының тамақтануы үшін аптасына 3-3,5 мың теңгені қалтасына салып отыруға тура келеді.
Аудандық білім бөлімі берген мәліметтерге сүйенсек, ағымдағы оқу жылы басталғалы 186 бала денсаулығына байланысты үйден оқытылған. Соңғы екі жылдан бері атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары кепілдік берілген әлеуметтік топтамаға ие болып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңартылған осы жүйе ¬бойынша оқушылар мектеп қабырғасында бір мезгіл, аптасына 5 рет ыстық тамақпен, мектепке қажетті оқу құралдарымен қамтылады. Осыған сәйкес ағымдағы оқу жылында 3827 оқушы ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Ал 4050 балаға тегін киім берілген.
Айта кетейік, биыл шиелілік мектептер 19 мың оқушымен жаңа оқу жылын бастаған болатын. Оның 1830-ы алғаш мектеп табалдырығын аттаған балалар. Оқу ордаларында оқушыларды білім нәрімен сусындатып, тәрбиесін тізгіндейтін 3112 мұғалім бар.

«Өскен өңір» ақпарат агенттігі

17 қараша 2022 ж. 202 0