АЛҒАШҚЫ ТОҚСАН АЯҚТАЛДЫ
Аудан мектептерінде бірінші тоқсан жоспарға сай аяқталды. Кешеден бастап оқушыларға күзгі демалыс басталды. Министрліктің бұйрығына сәйкес күзгі коникул 7 күнді құрайды. Ал, екінші тоқсанның сабағы 7 қарашада басталады.
Білім бөлімі берген мәліметтерге сүйенсек, ағымдағы оқу жылы басталғалы 186 бала денсаулығына байланысты үйден оқытылған.
Білім бөлімі берген мәліметтерге сүйенсек, ағымдағы оқу жылы басталғалы 186 бала денсаулығына байланысты үйден оқытылған.
Соңғы екі жылдан бері атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары кепілдік берілген әлеуметтік топтамаға ие болып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңартылған осы жүйе бойынша оқушылар мектеп қабырғасында бір мезгіл, аптасына 5 рет ыстық тамақпен, мектепке қажетті оқу құралдарымен қамтылады. Осыған сәйкес ағымдағы оқу жылында 3827 оқушы ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Ал 4050 балаға тегін киім берілген.
Жалпы мектептердегі ыстық тамақты ұйымдастыру – кезек күттірмей шешілуге тиіс. Себебі еліміздегі әрбір бесінші оқушы анемияға (қан аздық) шалдыққан, әр алтыншы оқушының көру қабілеті нашар. Гастрит, асқазан жарасымен ауыратын балалардың саны да күрт өсіп отыр.
Айта кетейік, биыл шиелілік мектептер 19 мың оқушымен жаңа оқу жылын бастаған болатын. Оның 1830-ы алғаш мектеп табалдырығын аттаған балалар. Оқу ордаларында оқушыларды білім нәрімен сусындатып, тәрбиесін тізгіндейтін 3112 мұғалім бар.
Қыркүйек айында «Балалар жылы» аясында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен ерекше білімді қажет ететін 30 бала Оқшы Ата кесенесіне барып, Қызылорда қаласындағы қалалық, облыстық мұражайларға, ойын алаңдарына саяхат жасады.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ