Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүйелі іс жемісін береді

Жүйелі іс жемісін береді


Желтоқсан жетсе жыл түйінделеді. Яғни, жылжабар айдың жаңалығы көп болады. Әрбір жұмыс таразыланып, жыл басынан бергі істің есебі сұралады. Осы орайда сәрсенбі күні аудан әкімі Нұржан Ахатовтың төрағалығымен мәжіліс отырысы өтіп, күн тәртібінде негізгі 3 мәселе қаралды.
Атап айтар болсақ, негізгі мәселелер қатарында ауыз суды халыққа жеткізу және оның сапасы, Тұран және Керделі ауылдық округтерінің әлеуметтік экономикалық даму көрсеткіштері төңірегінде сөз қозғалды. Сонымен қатар мәжіліс отырысында қосымша 2022 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша қаржы игерімі мен баспасөз мәселесі көтерілді.
Жаз айларында туындайтын ауыз су тапшылығын жою үшін екінші магис­траль құбыры тартылуда. Бұл туралы «Жиделі топтық су құбыры» РМК Шиелі аудандық филиалының директоры ­Асылбек Сәрсенбаев баяндады.
– «Жиделі топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесі Шиелі кенті мен Шиелі ауданының 22 елді мекенінің 14 841 үйін, Шиелі кенті бойынша - 6 362, елді мекендер бойынша 8 479 тұтынушыға, ал «Шиелі ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы» өндірістік бөлімшесі 7 елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, Бірлестік, М.Шоқай, 1 Мамыр, Майлытоғай, Тартоғай, Ботабай, Сұлутөбе, Бұланбай бауы. Бүгінгі таңда осы 7 елді мекен бойынша 8 240 тұтынушыға, 1 326 абонентке ауыз су беріледі. Тұрғындарды 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында елді мекендердегі су мұнараларын түнгі мезгілге толтырып, халыққа оңтайлы жағдайға жасауға тырысудамыз, – деді аталған мекеме басшысы.
Сондай-ақ, баяндама барысында Асылбек Сәрсенбаев ауыз су тапшлығын болдырмас үшін Ақмая елді мекеніне баратын d-225 мм ПЭ құбырына, Шиелі кенті, Тоқтаров көшесіне баратын құбыр бойына, № 3 су көтеру насос станция­сынан Бидайкөл елді мекені насос станциясындағы су қоймасына баратын d-140 мм ПЭ құбырына су тарату қондырғы насостары орнатылғанын айтты. Мұнан бөлек жаз айларында туындайтын тапшылықты түгелдей жою үшін Сүттіқұдықтан келетін екінші магистраль құбырының құрылысын аяқтау қажеттігі туындаған. Мекеме басшысының сөзіне сенсек құбыр құрылысын жүргізетін мекеме анықталып, бұл бағыттағы жұмыстарды бастап кеткен.

ТҰРАННЫҢ КЕЛБЕТІ ТҮРЛЕНІП КЕЛЕДІ
Ал, Тұран ауылдық округінің әлеуметтік экономикалық даму көрсеткіштері және алдағы атқарылатын жұмыстары туралы баяндаған ауылдық округ әкімі Болат Баймағанбетов биыл аудандық бюджет қаражаты есебінен елді мекендегі К.Мақұлбеков көшесі жарық шамдар мен жаяу жүргіншілер жолы салынғанын атап өтті. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының аудан әкімінің есепті кездесуі кезіндегі ұсынысына сәйкес «Парманқұл Халфе» ауылдық мешітіне демеушілер көмегімен көгілдір отын кіргізіліп, пайдалануға берілген.
Мұнан өзге елді мекенде орналасқан көпір өткеліне ауыл кәсіпкері Е.Райсовтың демеушілігімен жөндеу жұмыстары жүргізілсе, тұрмысы төмен, асыраушысынан айырылған 2 отбасына ауыл әкімі мен ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Құлахметовтің демеушілігімен көгілдір отын кіргізілген. Аудан әкімінің халықпен кездесуінде Ш.Уалиханов көшесі тұрғындары айтқан электр бағандарын ауыстырып беру мәселесі де ескерусіз қалмай, аудандық КРЭК мекемесімен бірлесіп көше бойындағы жарамсыз бағандар ауыстырылыпты. Жыл басынан бері халықпен ашық кездесулер өткізіп, кері байланыс орнатуды көздеген аудан әкімі Н.Ахатов халық көкейінде жүрген мәселелердің осылай шешім табуын қатаң қадағалап келеді. Оның бір көрінісі мәжіліс отырысында Н.Қорғанбаев және Н.Қылышбаев көшелеріне асфальт төсеп, орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Ұлттық Қордан 36 млн 728 мың теңге қаражат бөлінгенін тілге тиек етуі болды.
Ауыл әкімі Б.Баймағанбетов алдағы уақытта орталық, А.Құнанбаев, Ш.Қодаманов, Қ.Молжігітов, Ш.Уалиханов, Ы.Алтынсарин, С.Арыстанов, Н.Қорғанбаев, Е.Дүйсеков, Бейбітшілік, Абай тұйығы, А.Сапахов, Ынтымақ, Ш.Уалиханов тұйығы, Б.Тәркешов көшелеріне барлығы 15930 метр болатын жаяу жүргіншілер жолын салуға жоба-сметалық құжаттары әзірленіп жатқанын да айтып өтті.

КЕРДЕЛІДЕН КЕЛІСТІ ІС КҮТЕДІ
Ақын Нартай Бекежановты білмейтін адам кемде-кем. Ал сол ақынның ауылы Керделіде биыл біршама істің күрмеуі шешілген. Нәтижесінде, 15 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Н.Бекежанов көшесіндегі ескі трансформатор астырылуда. Бір қызығы, елді мекен бойынша 265 отбасының тұрғын үйлері жаңадан соғылып, ауыл ­бойынша тұрғын үйлердің 50,4% астамы жаңарып отыр.
Ауылдық округ әкімі Ғалымжан Ыхановтың айтуынша, ауылда тұрғындар санының көбеюіне байланыс­ты елді мекеннің бас жоспарын әзірлеп, берілетін жерлерге инфрақұрылым жүргізілу мәселесі туындап отырған көрінеді. Сондай-ақ, алдағы жылға М.Әуезов, А.Құнанбаев, Н.Бекежанов, М.Қалдыбаев көшелерінің бойынан жаяу жүргіншілер жолын салу қажеттілігі де туындап тұр. Мұнан өзге жиында ауыл маңында орналасқан қоқыс полигонын жауып, өзге орынға көшіру мәселесі де көтерілді.
Керделіде бүгінде кәсібін өрге домалатып отырған 109 кәсіпкер бар. Жұмыссызбын деп жәй жатпай, екі қолға бір күрек тапқан олар ауыл тұрғындарына қажетті 9 сауда нүктесі мен 2 монша ашып, 15 азамат мал бордақылаумен айналысуда. Бұл ауылдың экономикасына оңды ықпалын тигізіп қана қоймай, аудан әлеуетін де арттыра түсері хақ.
Ауыл әкімінің баяндамасын тыңдаған аудан әкімі Нұржан Ахатов ақын ­Нартай Бекежанов ауылының аймақтағы үлгілі ауыл атануына барлық мүмкіндік бар екендігін баса айтты. Сондықтан алдағы уақытта ауылдың әлеуеттін арттыра түсетін тың жобалар жүзеге асатынына сенім білдірді.
Жиын соңында аудандық қаржы бөлімінің басшысы Қанат Рахманбердіұлы 11 айдың қорытындысы мен қаржының игерімі туралы сөз қозғады. Ал ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының өзі кезінде жанашырлық танытып, газеттің өміршеңдігі үшін күрескенін тілге тиек еткен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жібек Баймұратова баспасөзге жазылу мәселесі бойынша баяндама жасады.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
10 желтоқсан 2022 ж. 878 0