АУДАН ӘКІМІНІҢ МӘЖІЛІСІ ӨТТІ
Сәрсенбі күні аудан әкімі Нұржан Ахатовтың төрағалығымен мәжіліс отырысы өтіп, күн тәртібінде негізгі 3 мәселе және қосымша 2 мәселе қаралды.
Атап айтар болсақ, негізгі мәселелер қатарында ауыз суды халыққа жеткізу және сапасы, Тұран және Керделі ауылдық округтерінің әлеуметтік экономикалық даму көрсеткіштері және алдағы атқарылатын жұмыстары тақырыптары қозғалды. Ал қосымша қаралған мәселелер 2022 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша қаржы игерімі мен баспасөз мәселесі жөнінде болды.
Жаз айларында туындайтын ауыз су тапшылығын жою үшін екінші магистраль құбыры тартылуда.
Ауыз судың халыққа жеткізілуі мен сапасы жөнінде «Жиделі топтық су құбыры» РМК Шиелі аудандық филиалының директоры Асылбек Сәрсенбаев баяндама жасап, былай деді:
– «Жиделі топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесі Шиелі кенті мен Шиелі ауданының 22 елді мекенінің – 14 841 үйін, Шиелі кенті бойынша - 6 362, елді мекендер бойынша – 8 479 тұтынушыға, ал «Шиелі ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы» өндірістік бөлімшесі - 7 елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, Бірлестік, М. Шоқай, 1 Мамыр, Майлытоғай, Тартоғай, Ботабай, Сұлутөбе, Бұланбай бауы бойынша барлық тұтынушылар саны - 8 240 тұтынушы, 1 326 абонент ауыз су тұтынады. ауыз су беріледі. Ауыз су тұтынушыларды 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында елді мекендердегі су мұнараларын түнгі мезгілге толтыру арқылы елді мекенге су беріледі.
Сондай-ақ, Асылбек Сәрсенбаев ауыз су тапшлығын болдырмас үшін Ақмая елді мекеніне баратын d-225 мм ПЭ құбырына, Шиелі кенті, Тоқтаров көшесіне баратын құбыр бойына, № 3 су көтеру насос станциясынан Бидайкөл елді мекені насос станциясындағы су қоймасына баратын d-140 мм ПЭ құбырына су тарату (повыситель) қондырғы насостары орнатылғанын айтты. Мұнан бөлек жаз айларында туындайтын тапшылықты түгелдей жою үшін Сүттіқұдықтан келетін екінші магистраль құбыры құрылысының аяқталу қажет екені белгілі болды. Тіпті құбыр құрылысын жүргізетін мекемеде анықталып, жұмыстарды бастап кеткен.
ТҰРАНДА АУЫЗ ТОЛТЫРЫП АЙТАР ТІРЛІК КӨП
Ал, Тұран ауылдық округінің әлеуметтік экономикалық даму көрсеткіштері және алдағы атқарылатын жұмыстары туралы баяндаған ауылдық округ әкімі Болат Баймағанбетов биыл аудандық бюджет қаражаты есебінен елді мекендегі К.Мақұлбеков көшесі бойына балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көше жарық шамдары мен жаяу жүргіншілер жолы салынғанын айтты.
Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының аудан әкімінің есепті кездесуі кезіндегі ұсынысына сәйкес «Парманқұл Халфе» ауылдық мешітіне демеушіліктер көмегімен көгілдір оты кіргізіліп, пайдалану берілген. Мұнан өзге елді мекенде орналасқан көпір өткеліне ауыл кәсіпкері Е.Райсовтың демеушілігімен жөндеу жұмыстары жүргізілсе, елді мекен бойынша тұрмысы төмен, асыраушысынан айырылған 2 отбасына ауыл әкімі мен ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Құлахметовтің демеушіліктерімен көгілдір оты кіргізілген. Аудан әкімінің халықпен кездесуінде Ш.Уалиханов көшесі тұрғындары айтқан электр бағандарын ауыстырып беру мәселесі ескерусіз қалмай, аудандық КРЭК мекемесімен бірлесіп көше бойындағы жарамсыз бағандар ауыстырылған. Ең қуаныштысы ауылдағы Н.Қорғанбаев және Н.Қылышбаев көшелеріне асфальт төсеп, орташа жөндеу жұмыстары жүргізу үшін – «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы бойынша Ұлттық Қордан 36 млн. 728 мың теңге қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес ашық конкурс жарияланған.
КЕРДЕЛІНІҢ КЕЛІСТІ КЕЛБЕТІН АЙШЫҚТАУЫМЫЗ КЕРЕК
Биыл Керделі ауылдық округінің келбетін келісті, көшелерін тақтайдай тегіс ету үшін көптеген жұмыстар атқарылған.
Нәтижесінде, 15 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Н.Бекежанов көшесіндегі ескі трансформатор астырылуда.
Бір қызығы, елді мекен бойынша 265 отбасының тұрғын үйлері жаңадан соғылып, ауыл бойынша тұрғын үйлердің 50,4 проценттен астамы жаңарып отыр.
Ауылдық округ әкімі Ғалымжан Ыхановтың айтуынша, ауылда тұрғындар санының көбеюіне байланысты елді мекеннің бас жоспарын әзірлеп, берілетін жерлерге инфрақұрылым жүргізілу мәселесі туындап отырған көрінеді. Сондай-ақ, алдағы жылға М.Әуезов, А.Құнанбаев, Н.Бекежанов, М.Қалдыбаев көшелерінің бойынан жаяу жүргіншілер жолын салу қажеттілігі туындаған. Мұнан өзге жиында ауыл маңында орналасқан қоқыс полигонын жауып, өзге орынға көшіру кектігі де айтылды.
Ауыл әкімінің баяндамасын тыңдаған аудан әкімі Нұржан Ахатов ақын Нартай Бекежанов ауылының аймақтағы үлгілі ауыл атануына барлық мүмкіндік бар екендігін. Сондықтан Нұржан Сәбитұлы ауыл әкіміне тиісті жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Жиын соңында аудандық қаржы бөлімінің басшысы Қанат Рахманбердіұлы 2022 жылдың 11 айдың қорытындысы мен қаржының игерімі туралы, ал баспасөз мәселелері туралы саясат бөлімінің басшысы Жібек Баймұратова баяндама жасады.
Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі