Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ДӘННЕН БРЕНДКЕ ДЕЙІН

ДӘННЕН БРЕНДКЕ ДЕЙІН

Адамзат өркениетінің бесігі – егіншілік пен жерді игеру болса, сол егіннің түсімі мен сапасы ең алдымен сапалы тұқымға тікелей байланысты. Бүгінгі таңда жаһандық климаттың өзгеруі, су тапшылығы және азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі әрбір мемлекеттің ұлттық қауіпсіздік деңгейінде қаралуын талап етіп отыр. Осы орайда дәстүрлі түрде күріш өндірумен есімі артқан Шиелі өңірі жаңа экономикалық, ғылыми-инновациялық кезеңге қадам басты. Мұның айқын дәлелі – Талаптан ауылдық округіне қарасты 2 көпір маңында ауқымды жұмысын бастаған В.Дудченко басқаратын «Центр Семеноводства» ЖШС. Осы жоба аймақтың аграрлық әлеуетін мүлде жаңа деңгейге көтеруді мақсат етіп отыр.
Шиелі десе, ең алдымен күріш еске түседі. Ақ күріштің атасы атанған Ыбырай Жақаевтың есімімен қатар айтылған бұл өңірдің ауыл шаруашылығы қарқынды даму үстінде.
Қазақстанның оңтүстігі, әсіресе Сырдария өзенінің төменгі аңғары ежелден суармалы егіншіліктің орталығы болған. Тарихи деректер мен археологиялық зерттеулер бұл аймақта көне замандардың өзінде-ақ каналар тартылып, тары, бидай және бақша дақылдары өсірілгенін көрсетеді. ХХ ғасырдың орта шенінен бастап Сыр ­бойында ирригациялық жүйелер жаппай салынып, өңір Кеңес Одағының аса маңызды күріш базасына айналды. Ол кезде де тұқым шаруашылығына ерекше мән беріліп, одақтық ғылыми-зерттеу институттары арқылы аймақтық климатқа төзімді сорттар шығарылды. Ал 1990 жылдары нарықтық экономикаға өту кезінде бұрынғы ғылыми-селекциялық станциялар мен элиталық тұқым шаруашылықтары әлсіреп, отандық селекциялық жұмыстар тоқырауға ұшырады. Салдарынан шаруалар шетелден келетін импорттық тұқымдарға тәуелді болып қалды. Бұл өз кезегінде өнім өзіндік құнының қымбаттауына және жергілікті климатқа толық бейімделмеген дақылдардың өнім беру көрсеткішінің тұрақсыз болуына әкеп соқты.
Міне, осындай олқылықтың орнын толтыру үшін мемлекет тарапынан отандық селекцияны дамытуға, ғылым мен өндірісті ұштастыруға бағытталған нақты шаралар қабылдануда. Шиеліде бой көтерген «Центр ­Семеноводства» кәсіпорны – осы тарихи сабақтастықтың заманауи жалғасы. Журналистік зерттеу барысында кәсіпорынның қаржылық-экономикалық көрсеткіштері мен тыныс-тіршілігіне үңілдік. Шиелі ауданы әкімдігінің 2025 жылғы 19 желтоқсандағы №315-қ қаулысы негізінде серіктестікке 5 жыл мерзімге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу мақсатында 10 000 гектар жер жалдау құқығымен табысталған. Бұған қоса, өндірістік қажеттілік үшін электр желілерін тартылуы тиіс қосымша 2,4 гектар жер телімі беріліпті. Жобаның жалпы жобалық құны қомақты – 4 миллиард теңге. Бұл қаржы тек сыртқы инвесторлардың ғана емес, сонымен қатар «Байқоңыр» ӘКК АҚ-мен бірлескен серіктестік негізінде жұмсалуда. Бұл мемлекет пен бизнес арасындағы сенімді әрі тиімді әріптестіктің жарқын үлгісі.
Қазіргі таңда егіншілік техникасыз алға баспайтыны белгілі. Биыл шаруашылық 1 культиватор және 1 дән сепкіш сатып алып, 1000 гектар жерге жүгері дақылын жаңбырлатып суару әдісімен егіп үлгерді. Сонымен қатар алқапта үздіксіз жұмыс істейтін 20 дана жаңбырлатқыш техникасы бар. Суды үнемдеу мен топырақ эрозиясының алдын алуға бағытталған бұл озық технология өңір үшін үлкен жаңалық. Ауылдық жерде жұмыс орындарын ашу – мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Қазірдің өзінде кәсіпорында 28 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, олардың әлеуметтік жағдайы тұрақталған.
Зерттеу барысында ерекше назар аударатын маңызды тұс – кәсіпорынның тек өнім өндірумен шектелмей, тұқым зерттейтін орталық ашу ниеті. Аталған бағытта кәсіпорын басшылығы сырттан білікті ғалымдарды тартып, отандық селекцияны дамытуды жоспарлап отыр. Шиелі жерінің минералдық құрамы мен климаты кейбір дақылдарға, әсіресе қызанаққа өте қолайлы болып шықты. Қазіргі таңда қызанақ бұл топыраққа жақсы сіңіп, жоғары өнім беруде. Серіктестік Шиелінің атын республикалық және халықаралық деңгейде танытатын бренд қалыптастыруды көздеп отыр. Нақтырақ айтқанда, ғалымдар мен селекционерлердің қатысуымен ­будандастыру жұмыстарын жүргізе отырып, сапалы қызанақ, қауын және қарбыз тұқымдарын шығару жоспарлануда. Бұл болашақта «Шиелі бақша дақылдарының тұқымы» деген бірегей брендтің пайда болуына жол ашады.
Тұқым зерттеу орталығының алдына қойылған стратегиялық міндеттердің қатарында өңірдің дәстүрлі дақылы – күріш тұқымдары мен мал шаруашылығының азықтық базасын нығайтатын негізгі жүгері тұқымдарына басымдық беру бар. Импорттық тұқымға тәуелділікті жою арқылы бұл орталық республиканың өзге де өңірлерін сапалы тұқыммен қамтамасыз ете алады.
Қорыта айтқанда, В.Дудченко жетекшілік ететін «Центр Семеноводства» ЖШС-нің Шиелі топырағында атқарып жатқан жұмыстары – бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығын құрудың нақты үлгісі. 10 мың гектар жерді тиімді пайдаланып, оған 4 миллиард теңге инвестиция құю, озық жаңбырлатып суару әдістерін енгізу және ең бастысы – өз тұқым зерттеу орталығын ашып, ғылым мен өндірісті ұштастыру Сыр елінің аграрлық әлеуетін жаңа сатыға көтерері сөзсіз. Егер осы бастама өз жемісін берсе, аудан тек күріш өндіретін аймақ қана емес, еліміздің басқа өңірлері мен шетелдерге сапалы тұқым экспорттайтын ірі селекциялық орталыққа айналады. Жерді қадірлей білген, ғылымға сүйенген кәсіпорынның бұл қадамы – ұлттық азық-түлік қауіпсіздігіне қосылған өлшеусіз үлес.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
21 қыркүйек 2026 ж. 31 0

Қоғам

Лайкқа    лайық өмір іздеп...
21 қыркүйек 2026 ж. 62

PDF нұсқалар мұрағаты

№71 (9438)

19 қыркүйек 2026 ж.

№70 (9437)

15 қыркүйек 2026 ж.

№69 (9436).

12 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930