Адамның амандығын ойлаған маман
Ел саулығы – ең қымбат қазына. Адам өмірінің амандығы мен қоғам денсаулығының тұрақтылығы көзге көрінбейтін, бірақ аса жауапты еңбекті талап етеді. Ал Спандияр Абдиров осындай абыройлы міндетті азаматтық парызындай қабылдап, санитариялық-эпидемиологиялық саланың дамуына өз үлесін қосып жүрген маманның бірі.Кейіпкеріміз 1968 жылдың 14 желтоқсанында дүниеге есігін ашқан. Еңбек жолын 1996 жылы Шиелі аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасында бастап, осы саламен ғұмырын сабақтастырып келеді. Содан бері отыз жылға жуық уақыт ішінде санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде табанды еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтады.
Күнделікті қызметі қарапайым көрінгенімен, оның астарында үлкен жауапкершілік жатыр. Санитариялық талаптардың сақталуын бақылау, халық арасында аурулардың алдын алу, эпидемиологиялық ахуалды тұрақты назарда ұстау – ұқыптылық пен кәсіби біліктілікті қажет ететін жұмыс. Бұл салада маманның әрбір шешімі мен әрбір тексерісі адам денсаулығына тікелей әсер етеді. Сондықтан болар Спандияр Абдиров өз ісіне тиянақтылықпен қарайтын жетекші маман ретінде қалыптасты.
Оның отыз жылдық еңбек жолы бір ғана мекемедегі қызмет жылдарының жиынтығын көрсетпейді. Керісінше уақытпен бірге шыңдалған тәжірибенің, кәсіби ізденістің және ел алдындағы адал қызметтің көрінісіне айналып отыр. Жылдар алға жылжыған сайын саладағы талаптар өзгеріп, жаңа міндеттер мен жаңа жауапкершіліктер пайда болды. Жаһандану дәуірінің жаңа кезеңі цифрлық бағытқа ұласты. Соған қарамастан, Спандияр Абдиров кәсіби ұстанымынан айнымай, заман талабына сай қызмет атқарып келеді.
Ой елегіне салсақ, 30 жыл аз уақыт емес. Ал осы уақыт аралығындағы еңбектің еленуі – маманға деген құрметтің белгісі. Өз кезегінде кейіпкеріміз марапат мінберінен де табыла білді. Мәселен, 2018 жылы Шиелі ауданы әкімінің Алғыс хатымен марапатталса, 2020 жылы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрінен алған Алғыс хаты маманның салаға сіңірген еңбегінің жоғары деңгейде бағаланғанын аңғартады. С.Абдировтың 2021 жылы облыстық денсаулық сақтау саласы басшылығы тарапынан марапатталып, оның кәсіби жолындағы еңбегі тағы бір елеулі белеске айналды.
Білікті маман үшін ең маңыздысы – нәтиже. Спандияр Абдиров осы үдеден табыла білді. Ол бұл қызметті –халыққа пайдалы болудың, ел амандығына үлес қосудың мүмкіндігі деп бағалайды. Санитариялық-эпидемиологиялық саланың маңыздылығы да осында: індеттің алдын алу, қауіптің бетін ерте қайтару, қоғамдық денсаулықты қорғау жұмыстары көбіне көзге көрінбей атқарылғанымен, оның нәтижесі халықтың қауіпсіз тұрмысынан байқалады.
Тәжірибелі маманның жылдар бойы жинаған кәсіби білімі мен еңбекке деген жауапкершілігі жас буынға да өнеге. Өйткені мамандықты меңгеру бір басқа, оны жылдар бойы абыроймен алып жүру – бір басқа. Спандияр Абдировтың үш онжылдыққа жуық еңбек жолы осы екеуінің тоғысқан тұсын көрсетеді.
Адамға қызмет ету – үлкен жүректі талап етеді. Ал ел денсаулығын қорғау жолындағы қызмет сол жауапкершілікті еселей түседі. Шиелінің санитариялық-эпидемиологиялық саласында талай жыл еңбек етіп келе жатқан Спандияр Абдировтың кәсіби жолы да осындай мағыналы еңбектің шежіресі. Еңбекпен өрілген ғұмыр, ел алғысына бөленген қызмет, маңдай термен келген марапат – маманның мерейін өсіретін құндылықтар. Кейіпкеріміз осы болмысымен кейінгі буынға «еңбек етсең – еленесің» деген өмірлік ұстанымның мәнін ұқтыра түскендей.
Г.Әбдіхани






