ЕЛ САУЛЫҒЫН САҚТАУДЫҢ САҚШЫЛАРЫ
15 қыркүйек – елімізде санитариялық-эпидемиология саласы қызметкерлерінің күні. Аталған қызмет мамандары күн сайын еліміздегі санитариялық-эпидемиологиялық ахуалды, ауызсу мен тамақ өнімдерінің сапасын қадағалап, жұқпалы аурулардың таралуының алдын алады. Олардың біліктілігі мен еңбегінің арқасында ықтимал қауіптер дер кезінде анықталып, халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған қажетті іс-шаралар қабылданып келеді.Кәсіби мерекеге орай Шиеліде аудан әкімі Айтбай Жандарбеков санитариялық-эпидемиологиялық қызмет саласының мамандарын арнайы қабылдады. Мәжіліс залында өткен басқосуда аудан әкімі бұл қызметтің қоғамдағы маңызына тоқталып, сала мамандарының атқарып жүрген жұмыстары халықтың денсаулығын сақтауда айрықша маңызға ие екенін жеткізді.
– Халықтың денсаулығын қорғау, санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жұқпалы аурулардың алдын алу – аса жауапты әрі маңызды міндет. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі тікелей халықтың өмір сүру сапасы мен қауіпсіздігіне әсер етеді. Күн сайын үлкен жауапкершілікпен еңбек етіп жүрген санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары елдің амандығы мен қоғамдық денсаулықты қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді. Сіздердің кәсіби біліктіліктеріңіз, жауапкершіліктеріңіз және өз істеріңізге деген адалдықтарыңыз – санитариялық қауіпсіздікті сақтаудың кепілі. Еңбектеріңізге табыс, қызметтеріңізге абырой, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді аудан басшысы.
Сонан соң өз ісіне кәсіби шеберлік танытып жүрген мамандарға аудан әкімінің алғыс хатын табыс етіп, құрмет көрсетті.
Жиында саланың ардагерлері де бұл күні назардан тыс қалған жоқ. Ұзақ жылдар бойы аянбай еңбек еткен бірқатар ардагерлер Ұ.Қожакелді, Т.Құрманақынқызы және К.Әлимованы арнайы марапаттап, олардың көп жылғы еңбегі мен кәсіби тәжірибесі ерекше атап өтілді.
Сондай-ақ кент ардагерлер кеңесінің төрағасы, медицина саласының ардагері Болат Күлімбет өзінің еңбек жолындағы естеліктерімен бөлісіп, салада қызмет атқарған жылдарындағы маңызды сәттерді еске алды. Өз тәжірибелерін ортаға салған аға буын өкілдері кейінгі буын мамандарына кәсіби мерекеге орай ақжолтай тілектерін жеткізіп, жауапты қызметте абыройлы еңбек етуге шақырды.
Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары күн сайын түрлі аурулардың алдын алу мен олардың таралуына жол бермеу бағытында аянбай еңбек етіп келеді. Әсіресе, індет өршіген кезеңдерде олардың кәсіби шеберлігі мен жауапкершілігі айрықша көрінеді.
Бүгінде республика бойынша 12 мыңнан астам маман ауызсудың, тамақ өнімдерінің сапасын, қоршаған ортаның жай-күйін бақылай отырып, инфекциялық және инфекциялық емес аурулардың таралуын болдырмай, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз етіп келеді.
Шиелі аудандық санитариялық-эпидемологиялық бақылау басқармасында 15 мемлекеттік қызметкер жұмыс істейді. Олар аудан халқының санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында аянбай енбек етіп келеді. Бөлім басшысы Гүлзада Әйтекееваның айтуынша, 2026 жылға арналған бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау 154 обьектіге жүргізіліп, нәтижесінде 2026 жылдың 7 айында 70 ұсыным санитариялық жағдайларға сәйкестендіруге берілген. Сондай-ақ Мемлекеттік қызмет көрсету бойынша 2026 жылдың 8 айында Е-лицензия электрондық жүйесімен 86 өтініш қабылданып, оның 48-і қанағаттандырылып, рұқсат құжаттары берілген. Сонымен қатар 38 өтінішке дәлелді бас тартулар ұсынылған.
Салтанатты жиын соңында аудан өнерпаздары санитариялық-эпидемиологиялық қызмет саласының мамандарының құрметіне әуелете ән шырқап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Мейіржан ИБРАГИМОВ






