Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тіршілік көзін – тіршілікте дұрыс пайдаланған жөн

Тіршілік көзін – тіршілікте дұрыс пайдаланған жөн

Ішетін суына құрмет көрсеткен қазақ халқы оны «тіршілік көзі» деп әспеттеп, тіпті «Судың да сұрауы бар» дейді. Бұл тіршілік көзіне терең үңіліп қарайтын болсақ, бір жұтым судың қаншалықты қадірлі екенін аңғару қиын емес. Осы ретте аудандағы тұщы суға қатысты туындаған мәселелерді басшылыққа алып, Шиелі аудандық «Жиделі топтық су құбыры» өндірістік бөлімше бастығы Асылбек Шағдарбекұлын сөзге тартып, көкейде жүрген сауалдарымызды жолдаған едік.
– Асылбек Шағдарбекұлы, Шиелі ауданының «Жиделі топтық су құбырына» қосылғанына көп уақыт болған жоқ, осы ретте, оқырмандарға «Жиделі топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесі жайлы қысқаша мәлімет беріп өтсеңіз?
– Жалпы, «Жиделі топтық су құбыры» 2005 жылы құрылып, сол жылдан бастап ауданға таза ауыз су тартылып келеді. Ал, 2019 жылы осы төңіректегі елді мекендер мен Көкшоқы мөлтек ауданы да Жиделі топтық су құбырына қосылған. Нәтижесінде қазір, біз Шиелі ауданын таза ауыз сумен қамтамасыз етіп отырмыз. Жалпақ тілмен түсіндіретін болсақ, суды өндіру де, үйді-үйге жеткізу де, оның ақшасын жинау да бізге тиесілі жұмыстар. Аудан тұрғындарының тұтынып отырған ауыз суы Шиеліден 32 шақырым жерде орналасқан Сүттіқұдық елді мекеніндегі су ұңғымаларынан шығады. Судың бас сағасында тұрақты 15 қызметкеріміз жұмыс істейді. Ол жерде біздің 11 ұңғымамыз бар. Ол ұңғымалар мүмкіншілігіне қарай күніне 25 мың куб су өндіруге жарамды. Бүгінде біз Шиелі, Жаңақорған аудандарына 16 мың куб су беріп отырмыз. Өндірілген су әуелі Жаңақорған ауданының 6 ауылына жолай, содан кейін Шиеліге жеткізіледі. Ауданға келген суды үшінші насос станциясы арқылы әр ауылға таратамыз.
– Жалпы, аудан халқы орташа есеппен жылына қанша мөлшерде су тұтынады?
– Бүгінде қыс мезгілінде Шиелі ауданында 3,5 мың куб су жетіп отыр. Ал, көктем басталысымен әркім өзінің қора жайындағы егінін суғаруға байланысты 7 мың куб су жетпей қалып жатады. Негізінен ауыз су Жаңақорған елді мекенінен келеді. Жалпы диаметрі – 400 мм құбыр 7 мың кубтан артық суды бере алмайды. Жаздың күндері азаннан кешке дейін бір насосты жиырма төрт сағат қосамыз. Ол қысымды көтере алмайды. Сондықтан қосымша азанда үш сағат, түсте үш сағат, кешке үш сағат екінші насосты қосып қосымша су беріп отырмыз.
– Асылбек Шағдарбекұлы өзіңіз білетіндей өңірде 22 ауылдық округ бар? Оларға ауыз су қанша куб көлемде беріледі. Жалпы ауыл тұрғындары толықтай сумен қаматамасыз етілді ме?
– Әр ауылдың халық санына байланысты. Мысалы, бір ауыл 150 куб ауыз су тұтынса, кейбір ауылдар бар 350 куб ауыз су ішіп отырады. Сол себепті, бас саға деген бар. Бас ұңғымадан су өндіріп, Шиеліге № 3 СКНС-ке келеді. Бұнда 20 мың кубтық резервуар бар. Барлық елді мекенге осыдан су таратылады. Олардың өздерінің резервуралары бар. Олар ары қарай таратып ­оты­рады. Осы жиырма мың куб судан әр ауылға тиесілі нөміріне сәйкес әр күнде су жібереіміз. Сонымен қатар, «Жиделі топтық су құбырына» қосылған барлық елді мекендер ауыз сумен қамтылған. Шиелі ауданының 97 проценті ауыз сумен қамтылған.
– Енді ауыз судың төлеміне тоқталсақ. 1 куб су үшін қанша төленеді?
– Бүгінгі күнге дейін бір кубтық судың орташа бағасы 507 теңге 14 тиынды құрайды. Ал, халық 1 куб су үшін 30 теңге төлейді.
– 1 куб суға мемлекеттен қанша субсидия беріледі? Толығырақ тарқатсаңыз?
– ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2021 жылғы №394 бұйрығымен бекітілген ауыз сумен жабдықтау құнын субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізілуіне байланысты, бір адамға тәуліктік ауыз су нормасы 140 литр немесе айына 4,3 текше метр көлемінде бекітіліп, 2021 жылдың 16 тамызынан қолданысқа енді. Осыған байланысты жаңа қағида қолданысқа енген уақыттан бастап тұтынушылар белгіленген норма шегінде ауыз су тұтынған жағдайда жеңілдетілген төлем жасайды да асып кеткен жағдайда артық көлеміне толық бағамен төлем жасайды.
Нормадан асқан жағдайда «Топтық су құбыры» бойынша 1 м3 ауыз су тарифі ҚҚС қоса есептегенде – 507,14 теңге, «Оқшау су жүйелері» бойынша – 1 м3 ауыз су тарифі ҚҚС қоса есептегенде – 364,63 теңге.
Тұтынушылармен жасалған келісім шартқа сәйкес пайдаланған ауыз су үшін әр айдың 25-нен қалдырмай су өлшеуіш құралының көрсеткішімен төлем жасап тұруға шақырамыз. Егер ай сайын пайдаланылған ауыз суға уақытында төлем жасалмаса келесі айдың көрсеткішімен қосылып нормадан артық су пайдаланған болып есептеледі. Сонымен қатар, мемлекет тұтынған суға ғана субсидия береді.
«Су тіршілік көзі, өмірдің қуаты», «Судың да сұрауы бар» деп, аққан судың қадірін білген дана халқымыз.
– Жалпы ауылдық округтерде су сақтайтын ауыз су резервуарлары осал террористік нысан болып табылады. Ал бекітілген станцияларда күзетшілер бар ма?
– «Жиделі топтық су құбырына» 2019 жылы оқшау су көздері қосылған. Мәселен, Тартоғай, Майлытоғай, Сұлутөбе, Бірінші май, Бірлестік, Ботабай, Қарғалы ауылдық округтері өзінің ұңғымасынан алатын болғандықтан, оқшау су көздері болып саналады. Бізде бекітілген тарифте нысандарды күзету шығыны қаралмаған. Ағымдағы жылдың сәуір айында барлық күзет қызметі қаралмаған насос станцияларына жаңадан бекітілетін тарифке күзет қызметінің шығындарын қосуды ұсынып отырмыз.
– Қазіргі таңда бөлімшеде қанша сушы маман бар?
– Шиелі аудандық «Жиделі топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесінде 180 жұмысшы-қызметкер бар. Ауылдық жерде 64 машинст бар.
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша ауру-сырқаудың 80 проценті судың сапасына байланысты екен. Біз халықтың өмір жасын ұзартуға күш салып жүрген елміз. Ауыз судың сапасы жайлы не айтасыз?
– Жоспарлы түрде сәуір және қыркүйек айларында аудандық СЭС қызметкерлерімен бірлесе отырып, барлық ішкі су тарату желілеріне, магистралды су құбырына, су мұнараларына және су қоймаларына жуып-шаю, залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі.
Насос станцияларынан, су қоймаларынан айына 1 рет, ұңғымалардан тоқсанына 1 реттен анализдер алынады. 2021 жылы СЭС лабораториясы тарапынан судың сапасы жөнінде ешқандай ескертулер болған жоқ.

Шапағат Тілеубаев
25 ақпан 2022 ж. 592 0